Аймақтар • Бүгін, 16:25

Павлодарда суару жүйелері қайта жаңғыртылады

19 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңірде министрліктің жобалары қалай жүзеге асырылып жатқанымен танысу үшін және тұрғындарымен кездесу мақсатында Павлодар облысына барды, деп хабарлайды Egemen.kz

Павлодарда суару жүйелері қайта жаңғыртылады

Фото:Су ресурстары және ирригация министрлігі

Министрліктің мәліметінше, 2025 жылдың соңына дейін Павлодар облысында 97 гидротехникалық және 132 су өткізу құрылысы жөнделеді.

Соынмен қатар, министр Май ауданында Қаратерек және Майтүбек ауылдарындағы суару желілерін реконструкциялау барысымен танысқан. Суару желісі 5700 га егіс алқабын сумен қамтамасыз ете алатындығы атап өтілді.

Екі жоба да аяқталуға жақын. Нұржан Нұржігітов жұмысты мерзімінен кешіктірмей аяқтауды тапсырған. Жергілікті шаруа қожалықтары министрге өңірде су үнемдеу технологиялары қалай енгізіліп жатқанын көрсетті.

Одан кейін Нұржан Нұржігітов Көлбай лиманды суару алабына барды. Павлодар облысының мал шаруашылығын қажетті жем-шөп қорымен қамтамасыз ететін шабындықтарды суару жүйелерін реконструкциялау жоспарымен танысты. Жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде Баянауыл және Май аудандарында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Мәселен, Май ауданында Көлбай алабына кіретін 38 гидротехникалық және 6 су өткізу құрылысы жөнделеді. Баянауыл ауданында 59 гидротехникалық және 126 су өткізу құрылысы бар. Бұл жұмыстарды 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Көлбай алабының аумағы 14,6 мың га, оның 6,7 мың гектары Баянауыл ауданында.

Сондай-ақ, министр Май ауданын ауыз сумен қамтамасыз ететін Май топтық су құбырының тазарту станциясына барып, тазартылған судың сапасын тексерген.

1

Ақтоғай ауданының Әуелбек ауылында министр 1063 га суармалы учаскеге арналған инженерлік желілер құрылысының барысымен танысты. Жоба Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарындағы «Қазсушар» филиалдарының бірлескен күш-жігерімен жүзеге асырылып жатыр. Нысан биыл пайдалануға беріледі.

Әрі қарай Нұржан Нұржігітов ұзындығы 12,5 шақырым болатын «Ертіс-Успен» каналын реконструкциялау барысын бақылады. Каналдағы жұмыстар 5 кезеңге бөлінген. Қайта жаңғырту жұмыстарын келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр. Министр шаруаларды уақытылы суармалы сумен қамтамасыз ету үшін барлық жұмыстарды 2025 жылдың суару кезеңі басталғанға дейін аяқтауды тапсырған.

Су шаруашылығы нысандарын аралағаннан кейін Нұржан Нұржігітов жергілікті «Қазсушар» филиалына барып, мекеме қызметкерлерімен жұмыс жағдайы туралы сөйлескен.

«Жергілікті шаруа қожалықтары судан тарықпауы үшін барлық жобаларды мерзімінде аяқтау маңызды. Біз өз тарапымыздан облыстың егіс алқаптарына, шабындықтары мен табиғи жайылымдарына су беруді қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ келесі жылдың су тасқыны кезеңіне дайындалу керек. Өңірдің барлық су шаруашылығы нысандары еріген қар суын қабылдауға және қауіпсіз өткізуге дайын болуы тиіс», деп қорытындылады Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.