Аймақтар • 03 Шілде, 2018

Аспантаудың ақиығы

1085 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осы көктем мен жаз ауданымыз үшін мерекеге толы болды. Солардың ішінде мәдениет саласының басты жайдарлы жаңалығы – «Әйгілі Әлнұр Мейірбеков» деген жаңа  кітаптың жарыққа шығуы. Бұл кітапта Райымбек ауданына белгілі жазушы-журналист Әлнұр Мейірбековтің әңгімелері, өлеңдері, бата-тілектері, естеліктері топтастырылған. 

Аспантаудың ақиығы

Тұсаукесер рәсімінде сөй­леген Райым­бек ауданының әкімі Жолан Омаров аталған кітапта Әлнұр Мейірбековтің  өнегелі өмірі, Нарын­қол өңірінен шыққан Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов, Сағат Әшімбаев, Баққожа Мұқай, Жанболат Аупбаев сынды таланатты ақын-жазушылар мен журналистерге көрсеткен ағалық қамқорлығы, редакторлық тәлімгерлігі кеңі­нен көрініс тапқанын атап өтті. Бұдан кейін сахнада жазушы өмірінің әрбір сәтінен, қоғамдық орындарда атқарған елеулі еңбектерінен естелік ретінде бейнекөрініс ұсынылды. 

Алғашында аудандық баспаханада, одан кейін газет редакция­­­сында тілші болып қызметтер атқарған Ә.Мейір­беков Ұлы Отан соғысы басталғанда бір топ құрдас­тарымен бірге қан май­данға аттанады. Ұрыс ке­зінде мер­гендігімен көзге тү­сіп, ажал төндіріп келе жат­қан жау танкісін жайратып, жа­нындағы жауынгерлерді өлім­­нен құтқарып қалады. Бұл жөнінде соғыстан кейін жазыл­ған «Қарапайым қаһар­мандар» кітабында жан-жақты айтылады. Майданнан жарақат алып елге оралған Әлнұр атамыз 1950-жылдардың орта шенінде Алма­тыдағы партия мектебінің журналистика бөлімінде оқып, білімін толықтырады. Міне, содан бастап ол кісі аудандық «Со­веттік шекара» газетінде (қа­зіргі «Хантәңірі» газеті) көп жылдар бойы бас редактор болады. 

Сахнадағы бейнекөріністен кейін Әлекеңнің төте тәрбие­сінен өткен, осы жиынға қонақ боп келген қаламгер Дәулет Желдікбаев өткен мен бүгіннің біршама әңгімесін Әлекеңді еске ала отыра ой таразысына салды. 

– «Әйгілі Әлнұр Мейірбеков» десе дегендей. Ол кісі шын мәнінде әйгілі адам. Үлкеннің де, кішінің де тілін табатын, бата бергенде тілінен бал тамызатын, сол бетімен жүрген жерінде, тұрған орнында бәрімізге үлгі көрсететін. Әлекеңді журналист ретінде айтпай-ақ қояйын. Адам ретінде, азамат ретінде, ұстаз ретінде, әке ретінде Нарынқол ауданындағы екі адамның еңбегі сіңсе біреуі, біреуінің еңбегі сіңсе соның өзі Әлекең болатын, – деді Дәулет аға Желдікбаев. 

Расымен де ауданымыз Райым­­бек бабаның атымен ата­лады. Аудандық газетімізді «Хан­­тәңірі» дейміз. Сондай-ақ ел сүйінер Райымбек батырға арналған ескерткішіміз бой көтерді. Осы үш жұмыстың үшеуі­нің де басында Әлекең тұр. Оның идеясын газет арқылы да ұсы­нып, былайша да халыққа насихат айтып дегеніне жеткен өзі болатын. 

Жетісу өңіріне белгілі Тоқ­қожа Естенов мырзаның қар­жылай демеушілігімен жарық көрген кітапты бастан-аяқ қолға алып, Әлнұр атаның шәкірттері бүгінде белді журналистер, бір-бір газет-журналдарға тұтқа болып отырған қоғам қай­рат­­керлері, ақындар мен жазушы інілерінің ескірмейтін есте­­­ліктерін жинақтап, келешек ұрпаққа құнды дүние қал­дырып жатқан ақын Айтақын Әбді­қалдың еңбегі елеулі. 

Сонымен кітаптың тұсауы кесілді. Әлнұр қарияның сүйікті немересі, өмірден озған Алтай деген баласының ұлы Айбекке сахна төрінде кітаптың бір парасы сый етіп тартылды. Со­дан соң қалған залда отырған ауыл азаматтарына таратылып, қол­дан-қолға өтті. Жақсының шара­патын көрген қаламгердің немересі қолындағы кітабын ауыл­дас аға-әпкелеріне, ұстаз­дарына, туған-туыстарына үлес­тіріп, көпшілік қауымның батасын алды. 

Серікжан МУРАСИЛОВ 

Алматы облысы,
Райымбек ауданы,
Нарынқол ауылы