Теннис • 11 Шілде, 2018

Уимблдонда кіл мықтылар ғана қалды

382 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Төрткүл дүниенің ең таңдаулы теннисшілерінің басын қосқан Уимблдон турнирінің аяқталуына санаулы ғана күндер қалды. «Үлкен дулыға» санатындағы айтулы жарыста Қазақстанның қос ойыншысы өнер көрсеткенімен, екеуі де екінші айналымнан аса алмады. Атап айтсақ, сол межеде Михаил Кукушкин әлемнің бірінші ракеткасы, испаниялық Рафаэль Надальдан ұтылса, Юлия Путинцева ресейлік Дария Касаткинаға жол берді.

Уимблдонда кіл мықтылар ғана қалды

Уимблдон турнирінің тұсауы сонау 1877 жылы кесілді. Ал­ға­шында ерлер өзара шеберлік бай­қасса, арада жеті жыл өткеннен соң олардың қатарына әйелдер қо­сылды. Одан кейін жұптық жә­не аралас жұптар арасында сайыс­тар ұйымдастырыла бас­тады. Жылдар өткен сайын Уимблдонның беделі күрт ар­тып, ол «Үлкен дулыға» сана­тындағы мәні мен маңызы зор әрі жүлделік қоры аса мол жарыс­тардың біріне айналды.

Ұлыбритания төрінде талай рекордтық көрсеткіш орнатылды. Мәселен, Швейцарияның мақ­та­нышы Роджер Федерер жекелеген сайыста 8 мәрте топ жарса, АҚШ-тың қос серкесі – Уильям Реншоу мен Пит Сампрас 7 реттен жеңімпаз атанды. Ал әйелдер арасындағы ең үздік нәтиже ХХ ғасырдың жетпісінші және сексенінші жылдары атой салған Мартина Навратиловаға тиесілі. Әуелі Чехословакияның туы астында өнер көрсетіп, кейін­нен АҚШ азаматтығын алған әйгілі теннисші 9 турнир­де қарсылас шыдатпады. Америкалық Хелен Уиллс-Муди 8 мәрте теңдессіз деп танылса, ұлыбританиялық До­ротея Ламберт-Чамберс, гер­ма­ния­лық Штеффи Граф және АҚШ-тың тағы бір жұлдызы Се­рена Уи­льямс 7 реттен дара шық­ты. 

Уимблдонның ерлер тур­нирінде америкалық Гарднар Маллойдың есімі ең қарт чем­пион ретінде тіркелді. Ол 43 жас­тан асқан шағында шашасына шаң жұқтырмады. Германиялық Борис Беккерге бұл белес небары 17 жасында бағынды. Осылайша неміс жігітінің есімі ең жас чемпион ретінде спорттық шежіреге жазылды. Әйелдер арасында Мартина Навратиловаға таңданбау мүмкін емес. Ол 46 жасында жасындай жарқыраса, Швейцарияның жас жұлдызы Мартина Хингис 16 жасында алдына жан салмады. 

2010 жылы америкалық Джон Изнер мен франциялық Ни­ко­ля Маю арасында өткен матч ба­қандай 11 сағат 5 минутке со­зылды. «Жан алысып, жан бе­ріс­кен» бұл айқас 6:4, 3:6, 6:7, 7:6, 7:6 есебімен алғашқысының пай­дасына шешілді. Дәл сол жылы АҚШ ойыншысы Тейлор Дент­тің бағыттаған добы саға­тына 238 шақырымдық жылдам­дық­пен зымыраған екен. Міне, осылай тізбектей берсек, 141 жылдық та­ри­хы бар Уимбл­дон тур­нирін­де талай таңдай қағар­лық ре­кордтардың тіркелгеніне қанық боламыз.     

Биылғы турнирдің жүлде қо­ры 34 миллион фунт стерлингті (44 617 810 доллар) құрап отыр. Қазіргі кезде жарыс жолында кіл мықтылар ғана қалды. Солардың арасынан кімнің озатыны алдағы күндері анықталады. Бір анығы, ерлер мен әйелдердің жекелеген сайысында жеңімпаз атанған ойыншы 2 250 миллион фунт стерлингті иеленеді. Финалда ұтылған теннисші сол соманың тең жартысын еншілейді. Жар­­тылай финалға жолдама алған­дар 562 мыңды олжаласа, ширек фи­налға шыққандар 281 мыңға иелік етеді. Қазақстанның қос тен­нисшісі Уимблдонның екін­ші айналымында өнер көрсеткені жайында жоғарыда айттық. Сол межеге жеткені үшін Ми­хаил Кукушкин мен Юлия Путинцеваның есепшотына 63 мың фунт стерлинг аударылды. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН, 
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар