Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Абылай ханның қылышы

1111 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуықта елорда төріндегі тәуелсіздік шежіресінен сыр шертетін көпфункционалды ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық Назарбаев орталығына қарасты Тұңғыш Президент музейінде болдық. Бұл мекеме – 1997-2004 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы орналасқан тарихи орын.  

Абылай ханның қылышы

Төрт қабаттан тұратын ғима­ратта атаулы 15 зал бар. Со­ның бірі  «Қарулар коллекциясы» деп аталады. Осында  көне және жаңа заман қару-жарақ түрле­рі сақталған. Бұлардың дені Елбасына сыйланған дүниелер екен. Осы жәдігерлердің қақ төрінде қазақ қоғамы үшін аса қа­дірлі тұлға Абылайдың қылы­шы тұр. Нақтырақ айтсақ, қылыштың жетесінен суырылған сынығы. Оны 2004 жылы белгілі тарихшы Е.Бекмахановтың туған қызы Нұрия (Наиля) Ермұқанқызы Елбасы Н.Назарбаевқа сыйлаған. Содан бері осында. Жәдігерге қатысты берілген ғылыми түсі­нік­­темеде, бұл қылыш Ресей пат­­шайымы І Елизавета тара­пынан Абылайға берілген сыйлық делінген. 

Бұл оқиға жайлы 1961 жылы Алматыда орыс тілінде жарық көрген «XVI-XVIII ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары» дейтін еңбектегі Ресей Сыртқы істер коллегиясының анықтамасында аталмыш сыйлық 1758 жылдың 29 қаңтарында құпия кеңесші Неплюев пен елші Тевкелевтің  ұсынысына сәйкес жасалғаны және қылыштың бағасы 120 рубль екендігі жазылған. Ол заманда бұл  (жылқы 5 рубль) өте қымбат сома. 

Жоғарыдағы қылыш жайлы баяндаған мекеме басшысының орынбасары Ботакөз Қайыпова ханым жәдігердің сабы ертеде өте қымбат гауһар тастармен әшекейленгенін айтады. Бірақ бұл әшекейлер жолай жоғалған. 

Осынау қылыш-жәдігер ту­­ра­лы кезінде ғалым Шо­­қан Уә­лиханов та жазған екен. Ға­лымның 1961 жылы Ал­ма­тыда жарық көрген бес том­ды­­ғы­ның бірінші томының 211-бетінде 1876 жылдың жа­­зын­­да Петерборда өткен ориен­­та­лис­тер көрмесіне әкесі Шың­ғыс өз қолында сақталған көне мұ­ра­ларды жібергенін, оның ішін­де осы қылыш та болғаны айтылады. 

Музейде сақталған қылыш сы­нығының екі бетінде ескі орыс және шағатай тілінде алтынды қақтау арқылы сөздер жазылған. Оның орысшасы «Бо­жиею Милостью Елизавета первая императрица и самодержица Всероссийская пожаловала сею саблю подданного своего киргись-касацкого Аблая солтана за его върную службу в Санкт-Петербургъ 1758 года» делінсе, екінші бетіндегі шағатайша жазу осының аудармасы тәрізді. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар