Әдебиет • 11 Шілде, 2018

Қайсар Қауымбек. Жаман өлең жазбаймын деп жүріп-ақ...

1822 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қайсар Қауымбек. Жаман өлең жазбаймын деп жүріп-ақ...

                   ДҮЛДҮЛ

Айдағар еді – тегім.

Туып ем

Арғымақтардан қайырған.

Шұрқырай шығып теңіз түбінен,

Ай астында ғана жайылғам.

 

Жұтына кетсем желіге байлап,

Кекілім сүйген көк аспан.

Құтыра кетсем бөрімен ойнап,

Жеткізбей жүйткіп бел асқам.

 

О, Қамбар атам, Құлагер бабам,

Қайдасың ағам – Көкмойнақ.

Қақпайлап ұрып, мына кер заман,

Барады бізді отқа айдап.

 

Төбемнен бүгін күшіген ұлып,

Қансырап қалған құлын ем.

Төбел жұлдызың түсіме кіріп,

Кісінеп шығам түнімен.

 

Табайын қайдан сенсіз бағымды,

Қалдырдың ба енді жұртқа иен,

Қырық үш күндік кемшін бабымды,

Қымызбен жазған Құртқа-ием!

 

Сірі табаның жолдарды қажап,

“Сенімен жаным егіз” деп.

Сен тірі болсаң, Қобланды-қазақ,

Келерсің бір күн мені іздеп!

Табарсың бір күн мені іздеп...

                 

                     ***

Іңір қараңғысында келді көктем,

Сол баяғы сезіммен, сол жүрекпен.

Қарлығаштың бауырын қас-қағымда,

Қарындастың көзіндей мөлдіреткен.

 

Бірде ағытып шідерін көңіл кердің,

Мүлде жаңа келеді өмірге енгің.

Ең алғашқы тамшысы мөлт ете қап,

Шымырлатты құйқасын қоңыр жонның.

 

Қарашығың секілді талдың бүрі,

Жанашырың секілді әр бұлбұлы.

Қолың созсаң еркелеп,

Еміреніп,

Жұпарланып қояды балғын гүлі.

 

Қозы енесін іздейді, сөз егесін,

Сонау балғын күндерді кезеді есің.

Бала мұрты тебіндеп бозбала – тал,

Көрші қыздың қағып тұр терезесін...

                      ***

Көрші жайын айта кеп, көңіл жайын,

Анам кейде келтіріп сөз ыңғайын.

“Әп-әдемі бала ғой, айналайын”

Ұлы үйленбей қалардай – со(л) бір уайым.

 

Сол көрші қыз жүрсе де аға тұтпай,

Ұнатпаған күйге еніп,

Сәл асықпай.

“Қарындас қой ол маған,

Қарындасты

Қорғау керек, – деймін мен, – қарашықтай”

 

Менсінбесін білем ғой, құрдас құрлы,

Бөлді дейсің, әйтпесе, бұл жас кімді?!

“Әкесі де жақсы адам” әкеме дос,

Ал, анасы анама сырлас құрбы.

 

Анасы бір жақсы адам, жоқ наласы,

Атымды айтса алғандай шоққа басып:

“Кішкентаймын мен одан” дейді екен қыз,

“Мен де әкеңнен кішімін” депті анасы.

 

Неге екенін сол сөзін анасының,

Жақсы көрем жанымдай әлі осы күн.

Білдірместен жүріп-ақ туған айдай,

Бір-ақ күнде бойжетті “қарашығым”.

 

Аналардың тілегі-ай, әппақ тегі,

Біздер үшін қойды екен сақтап нені.

Анда-санда кездессек қымсынамыз,

Сол ұяңдық – тәтті еді,

тәп-тәтті еді…

 

Туған ауыл – кіндігім жүз байланып,

Жеттім бүгін, жаз ауып, күзге айналып.

“Той боп жатыр көрші үйде” дейді анашым...

Жүрек нені қимайды,

Сыздай қалып?!

          ***

Тәңір куә!
Бейғам, тыныш түнімді 
Сені ойлаумен азайттым. 
Мені сүйетініңді 
Жастығыңа сіңіп қалған жас айтты.

Өмір куә! 
Шашымдағы ағымды 
Сені ойлаумен молайттым. 
Мені сағынғаныңды 
Қарашығың сіңіп қалған жол айтты!

                ***

Ұяты қалмай, өмірде енді жасарға,

Махаббат өлді –

Күнәсіз еді кеше ол да,

Тәнінің ғана тоятын іздеп жалғаннан,

Ұрынған шығар не жарға,

Мүмкін,

Не сорға.

 

Махаббат өлді!

Басына келді дос, бауыр,

Ақиқат-өлім –  

Санаға салмақ,

Еске ауыр.

Жерледік тәнін, рухын көкке жібердік,

Күнәсі көп ед,

Тозаққа салмай кеш, Тәңір!

 

Өлтірмеді ешкім,

қақпанын құрып, қас қылып,

Махаббат өлді!

Меңдеген нәпсі асқынып,

Махаббат өлді!

Бұл да бір түскен жапырақ,

Солқ ете қалды жас шыбық.

 

Махаббат – жапырақ,

Жүрек пе, жүрек – талшыбық.

Жылайды кейде, жаңбырға, жасқа малшынып.

Қаншама көктем оралды қайта,

жетті күз.

Қаншама жапырақ қурады, солды,

Қан суып.

 

Жылама енді!

Жүрегіңді аман сақтағын,

Келеді құстар, шулатып ЖАПЫРАҚТАРЫН,

Келеді көктем!

Оранып ал да ақ қарға,

Ұйықтай ғой қазір,

О, менің топырақ – тәнім.


                   ***

Бұл ғұмырда сыр айтамын деп жүріп,

Тағдырымды талай жарға құлаттым.

Сұлу қызды қуантамын деп жүріп,

Жақсы қызды жалғыздықтан жылаттым.

 

Жыр-ғұмырда азбаймын деп жүріп-ақ,

Көп досымнан аласардым, кетілдім.

Жаман өлең жазбаймын деп жүріп-ақ,

Жақсы сөзді жалғыздықтан өлтірдім.