Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Алматыда есту қабілеті бұзылған жандарға арналған шипажай ашылды

459 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Altyn Kargaly» қонақ-үй-шипажайында кохлеарлы имплант жүйесі орнатылған балаларды тәулік бойғы әлеуметтік бейімдеу жұмыстарының салтанатты ашылуы өтті.

Алматыда есту қабілеті бұзылған жандарға арналған шипажай ашылды

Шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-тәжірибелік орталығы» бас директоры Талғат Нұғыманов, бас директор орынбасары Салтанат Смайлова, ғылыми-ұйымдастыру бөлімінің басшысы Анжела Саякова және Әлеуметтік оңалту орталығының ел аумағында орналасқан бөлімшелерінен сурдопедагог, логопед, психолог мамандарымен қатар кохлеарлы имплант жүйесі орнатылған балалар және олардың ата-аналары қатысты.

Бұл шараның мақсаты - кохлеарлы имплант жүйесі орнатылған балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеп, есту және сөйлеу қабілеттерін жетілдіре отырып, сөздердің мағынасын еркін түсініп, сөздік қорларын дамыту. 15 тәулік бойы өтетін оңалту шарасында, орталығымыздың бөлімшелерінен арнайы шақыртылған сурдопедагог, логопед, психолог мамандары 10 және 15 жас аралығындағы 31 балаға қажетті көмек жасайтын болады. Есту қабілеті зақымдалған балалардың сөйлеу процессорларын баптау, қарым-қатынастық дағдыларын қалыптастыру, кохлеарлы имплант аппараты арқылы қоршаған ортаның дыбыстарын есту арқылы қабылдау қасиеттерін жетілдіру, тілдік қабілеттерін дамыту, ауызша сөйлеу қабілеттерін, бейвербалды ой-өрістерін дамыту, оңалту бағдарламасына кіретін зерделі ойындар және де ата-аналарға психологиялық көмек беру қызметтері атқарылатын болады.

Мамандардың пайымдауынша, кохлеарлы имплант жүйесі орнатылған балалардың есту және сөйлеу қабілеттерін дамыту жұмыстары айтарлықтай нәтиже беруі үшін сала мамандары және ата-аналардың тығыз қарым-қатынасы қажет. Ал Әлеуметтік оңалту орталығы болса балаларды оңалтуда жоғары нәтижеге жетелейтін өзіндік «үміт ошағы» рөлін атқаруда.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен жүзеге асып отырған бұл шара ерекше қажеттілікке мұқтаж балаларға коммуникативтік дағдыларын дамытумен қатар, оларға қоғамдық өмірге біртіндеп енулерін тездетіп, ата-аналарына да жеңілдік әкеліп отыр.