Өнер • 12 Шілде, 2018

Сүйекті сөйлеткен шебер

1846 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында елорда мерекесі қарсаңында төр қаладағы Ұлттық музейде «Өткенді еске алу – болашаққа жол» атты көшпелі көрме ашылып, оған Ақмола облысының мәдени ұйымдары өз экспонаттарын әкелді. Осылардың ішінен көпшілік көрермен назарын айрықша аударған дүние кәдімгі қарапайым сүйекті әрлеу арқылы жасалған жәдігерлер.

Сүйекті сөйлеткен шебер

Мысалы, мына бір қойдың жауырын сүйегінен жасалған «Мәңгілік ел» ат­ты кескіндемеге қараңыз. Ортада – шаңырақ, төменде – Абыз. Жұмыс авторы Бектас Кәрімұлының айтуынша, бұл мү­сінге ел тәуелсіздігінің 20 жылдық ме­рейтойы кезінде ашылған Астанадағы «Мәңгілік ел» қақпасының символдары сіңірілген.

Екінші жұмыстың аты – «Қазақ елі». Бұл да кәдімгі қойдың жауырынынан оймыштап жасалыпты. Мұнда бас шаһардың көркіне айналған «Қазақ елі» монументінің атрибуттары бейнеленген. Үшінші жәдігер – «Тұлпардың дүбірі». Бұл жерде жылқы түлігі өте қонымды кес­кінделген.

   

Сүйек мүсіндердің авторы Бектас Кәрімұлы қазір Ақмола облысы, Шортанды ауданы Мәдениет үйінің сах­на әрлеушісі. Оқыған мамандығы – су­рет­ші. Алғашқы білімді Ұлан-батыр қа­ласында алған. Кейін Петербордағы И.Репин атындағы көркемсурет, сәулет жә­не мүсін институтында оқуын жал­ғас­тырған. Бектастың қо­лы­нан шық­қан картиналар қазір АҚШ баст­аған шетелдердің көрме сөре­сі­нен түс­пейді. Өйт­кені бұл шебер да­ла көш­пен­ді­ле­рінің этнографиялық көрі­ні­сін тамаша бейнелейді. Сонысымен де таңсық.

Ал мына сүйек әрлеу өнері ше, бұл мүсіншінің тек қолы бос кезінде жасап отыратын хоббиі екен. Көркемдігі хобби деуге келмейді. Бұл кәдімгі қазақ хал­қының сүйек әрлеу өнері. Сүйек жонуды шебер үш жыл бұрын қолға алған екен, қазір 50-ден астам сүйек-мүсіндері әртүрлі көрмелерді аралап жүр. Тіпті өткен жылы ЭКСПО төріне қойылыпты. Қызық болғанда, Бектас жасаған жауырын-сызбаларды шетелдіктер жапа-тармағай талап әкеткен.

Сүйекті «сөйлетіп» жүрген шеберге «Кескіндемелердің дені жауырын екен, неге олай?» деген сұрақ қойдық. Ол айтады: «Қазақ халқы жауырынды қадір тұтқан. Оның ортасын бөліп тұрған қыр-белін «баланың жолы», қыр астындағы жазық-жалпақты «адамның жолы», ал жауырынның шүйесін «әулет жолы» деп қараған. Және жауырынға қарап малдың күйін, сол жылдың райын болжаған».

– Сонымен қатар, – дейді Бектас Кәрімұлы. – Сүйек арқылы бұйым сәндеу өнері қазақта болған. Олар тұрмыстық заттарын және ер-тұр­ман­дарын сүйекпен әрлеген. Тіпті өткен Қостанай қалалық өлкетану музейінен дүмі тұтас сүйекпен көм­ке­рілген Амангелді батырдың домбырасын көрдім. Менікі осы дәстүрді жаңғырту. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»