Аймақтар • 12 Шілде, 2018

Тобыл-Торғай өңіріндегі туризм логистикаға тәуелді болып тұр

1023 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанай қаласындағы «Best.kz» туристік компания­сы­ның жетекшісі Гүлмира Қапе­нованың Торғай өңірінен оралған беті екен. Соңғы жылдары туристердің Торғайға аңсары ауып тұрады. Өйткені жер­гілікті тұрғындар немесе шет­елдіктер болсын, дақпырт шық­қан жерді көрсе де, көр­ме­се де арманда жүретін әдеті. Тор­­­ғай өңірінде соңғы жылда­ры табылған геоглифтер тек өзі­міздің ғана емес, жер жүзін­де­гі танымдық дүниеге құмар жандарды ынтықтырып отыр.

Тобыл-Торғай өңіріндегі туризм логистикаға тәуелді болып тұр

Археологтар мен тарихшы ға­лым­дардың да «бас ауруына» айналған геоглифтер тек Амангелді ауданындағы бір жерде ғана емес, сол өңірдің әр жерінен табылған, оны көрем деген кісі бірнеше күн Ұлы даланы армансыз аралайтын болады. Оның сыртында қазақстандықтар үшін Торғай – тұнып тұрған тарих. Жангелдин ауданының орталығы Торғай кентінде төрт-бес музейдің ба­сын қосқан тұтас кешенді ара­лап, әр жәдігердің тарихын ты­ңдау үшін туриске бір күн керек. Күні бойы аралаған музей танымдығымен ешкімді де жалықтырмайды. Сонымен қатар Торғайдың табиғат ту­ризмі де керемет деуге болады. Ахмет Байтұрсыновтың ту­ған жеріндегі тұзды көл мен сол жерден атқылап жатқан 57 гра­дус ыстық су көп ауруларға ем. Алайда оған қазір қолы жет­кен­дер ғана барады. Себебі Қос­та­най мен Торғайдың арасы 7-8 сағаттық жол болса, Ақ­көл аудан орталығынан 100 ша­қы­рым­да жатыр. Бұл екі арада тас жол да жоқ, күн жауса көлік тұрып қа­латыны тағы бар.

– Біз Жангелдин ауданы әкім­дігімен туризмді дамыту үшін ынтымақтаса жұмыс істеу жөнінде меморандумға қол қой­дық. Ауданда екі туристік ба­ғыт бойынша жұмысты жан­­дандыруға келістік. Бірі – Ақкөл­дегі ыстық су, балшықпен ем­делу, екіншісі – музейлер ке­шені. Ыстық судың басына бар­ған жандар көлеңкелейтін, дема­латын, тамақтанатын үй салса оның тиімділігі бірден артқалы тұр. Сол жердегі ауыл адамдарына жұмыс та болады. Аудан басшылары осы іс­ті қолға алуға талаптанып отыр екен. Ал музейлер кешені ке­ре­мет. Бірақ ол да жөндеу жұ­мыстарын қажет етеді, ол ал­да­ғы уақыттың еншісінде, – дей­ді Гүлмира Қапенова.

Қостанай-Торғай өңірі хал­қы­мыздың Шоқан, Ыбы­рай, Ахмет, Міржақып, Ел­дес, Ілияс секілді көптеген марқа­с­қа­ларын, рухани тіректерін бер­ген құнарлы топырақ. Сон­дықтан жастар, мектеп оқу­шы­лары сол тұлғалар туып-өс­кен өңірді аралап көруге Қазақ­стан­ның әр шалғайынан жиі сұ­раныс жасайды. Жақында ға­на Астанадан бір топ мектеп оқу­шылары Шоқанның туған жері Құсмұрынға келіп қайтты. Бұл Шоқанмен де қымбат және табиғаты да тамаша жер. екі күн бойы Құсмұрын мен Қостанай қаласын армансыз аралаған балалар өте риза болып кеткенін айтады туристік компанияның мамандары.

Наурзым қорығы соңғы жыл­дары жергілікті туризмнің ны­шанына айналды. Мамыр айын­да даланы қызғалдақ қап­та­ғаннан Наурзымға сұран­ғандардың қатары көбейеді. Даланың дүре тимеген дүрия табиғаты үлкенді де, кішіні де таңғалдырады. Табиғат аясында, селеулі далада дастарқан жайған да қызықтың бірі. Жаз ай­ларында Наурзымның құ­мын­да жалаңаяқ жүрген, мың жылдық қарағайларды құшақтау да онда барған туристің көпке дейін есінен шықпайтыны анық. Аудан орталығындағы шат­хана туристерді қазақтың тіл үйірген ұлттық тағамымен таңғалдырады. Алайда Наурзымға да облыс орталығынан 5-6 сағат жүру керек. Жолдың нашарлығы туристерді іркіп қала беретіні өкінішті.

– Облыс өңірінде жергілікті туризм өте қарқын алып кетпесе де мимырт қозғалыспен дамып келеді. Туризмнің қар­қыны тек логистиканың жөн­де­луіне ғана тәуелді болып отыр. Қостанайдың қысы ұзақ, ай­налдырған 3-4 ай жылы уақытты туристер де, туристік фир­ма да тиімді пайдаланып қал­ғысы келеді, – дейді Гүлмира Қапенова.

Қостанай-Торғай өңіріндегі туризмнің тағы бір кең тарайтын түрі сакральды орындар дер едік. Көптеген киелі орындарға жұртшылық бұрыннан барады, зия­рат етеді. Бірақ олардың айна­ласында дәретхана, тамақ­та­натын, түнейтін орындар аты­мен жоқ. Алдағы уақытта жер­­гілікті атқару органдары осы­ны ескерсе, бұл бір жа­ғы­нан туризмнің дамуына, адам­дардың ішкі рухани тәр­бие­сіне де оң ықпал етер еді.

«Best.kz» туристік ком­па­ния­сында жергілікті қыс­қы туризмді дамытуға деген де талап бар. Қостанай өңі­рі­нің табиғаты қолайлы, қары мол болса да шаңғы туризмі жоқтың қасы. Қыс айларында сауықтыру туризмі де сұранып тұрған секілді. Мұның барлығы да алдымен туризм түрлерін насихаттауға және оған қолай­лы­лық пен логистиканы түзеуге байланысты. Облыс өңірінде ту­ризмді дамытуға бағыт пен ниет бар, тек оны жүзеге асыруға уақыт төреші болып тұр.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ