Аймақтар • 12 Шілде, 2018

Шалқар ауданының күндерінде инновациялық үлгідегі киіз үй тігілді

598 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шіліңгір шілдеде облыс орталығында Шалқар ауданының күндері өткізілді. Осы бір шырайлы шаралар кезінде ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық демалыс саябағында жаңаша үлгіде тігілген киіз үйге назарымыз ауа берді.

Шалқар ауданының күндерінде инновациялық үлгідегі киіз үй тігілді

Шалқар аудандық білім бөлімінің бас маманы Дидара Ақмалайдың айтуынша бұл әдеттегі ағаш үйлердің бірі емес, «жасыл экономика» мен «жасыл әлем» стандарттарына сәйкес құрастырылған инновациялық киіз үй болып шықты. Оның бұған дейінгі көз үйренген киіз үйлерден артықшылығы мен өзгешілігі қандай?

- Заманауи үлгіде жабдықталған әрі түрлі түстермен көмкерілген ІТ ағаш үйдің ішіне физика пәні мұғалімдері мен оқушылардың бірлесеп жасаған туындылары қойылды. Мұндағы жергілікті жаңашылдардың қолынан шыққан күн мен желдің қуатын пайдалану арқылы жұмыс істейтін қондырғылар мен аспаптар ешкімді енжар қалдыра алмайды. Сонымен бірге ащы суды тұщыту құралдары да көпшіліктің қызығушылығын туғызып отыр, - дейді Шалқар қаласындағы №7 орта мектептің директоры Гүлсайран Ыбыраева.

Расында да қара дүрсін емес, тиісті ғылыми зерттеулер мен жұмыстардың нәтижесінде туындаған өміршең техникалық құралдарды сериялық өндіріске қойса өзін-өзі толығымен ақтар еді-ау деген ой көлденеңдей береді. Дәл осы тұста өзіміз тікелей куә болған жаңашылдықтың бір көрінісі туралы айта кетсек, велосипед тебу арқылы ұялы телефонның қуатын толтыруға болады екен. Мұндай мысалдар жеткілікті. Осындайда еріксіз жарайсың шалқарлық жас өрендер дегім келеді.

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы

Шалқар ауданы

Суретте ҮІЕ киіз үйдің көрінісі

Суретті түсірген: Қыдырәлі Әлин

Тілші түсініктемесі: Сурет облыстың Шалқар аудандық газетінен жіберілді