Әлем • 13 Шілде, 2018

«Қыз Жібек» мюзиклі Оңтүстік Кореяда қойылды

474 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бүгінде ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді әлемдік сахна кеңістігінде танытудың аса маңызды әрі қуатты құралына айналып отыр. Аталған жоба шеңберінде қазақ өнерінің сан тарапты жауһарлары жаһандық мәдениет аренасына жол тартып, дүниежүзілік масштабта мойындалуда. Оның айқын дәлелі – Тәуелсіз мемлекетіміздің мәдени тарихында тұңғыш рет төр қаланың төл перзенті – Астана қаласы Жастар театры Оңтүстік Корея Республикасының мәдени астанасы Дэгу қаласында өткен халықаралық беделді мюзикл фестиваліне қатысып, әлемдік өнер сарапшыларының жоғары бағасын алып қайтты.

 

«Қыз Жібек» мюзиклі Оңтүстік Кореяда қойылды

«Қыз Жібектің» мерейі

...Шымылдық жабылған сәттегі көрерменнің толассыз соғылған шапалағы мен ыстық ықыласынан-ақ  кезекті қойылымның өз деңгейінде өткенінен хабардар болуға болады. Бірақ бұл жолғы спектакльдің де, өнерге баға берушінің де жөні мен талғамы бөлек. Елордамыздың төл перзенті – Астана қаласы Жастар театры Оңтүстік Корея елінде өткен XII Дэгу Халықаралық мюзикл фестивалінде (DIMF – Daegu International Musical Festival)  жоғары деңгейде өнер көрсетіп қайтты.

Бұл – Қазақ театрларының арасынан алғаш болып суырылып шығып, жаһандық кәсіби мюзикл фестиваліне жолдама алған жас та болса жаңашылдығымен үнемі жасампаздыққа ұмтылып жүретін Жастар театрының әлемдік сахна мәдениетін бағындыруға бағытталған кезекті сәтті қадамдарының бірі. Фестиваль бағдарламасына сай екі күн қатарынан 4 мәрте сахналанған ұлттық әдебиетіміз бен драматургиямыздың жауһары – Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» мюзиклін (қоюшы режиссері – Нұрқанат Жақыпбай) корей көрермені қызыға тамашалап, риясыз қошеметін аямады.

Франция, Ресей, Ұлыбритания, Қытай, Чехия, Тайвань, Корея секілді мюзикл қою мәдениеті әлдеқашан өндіріс биігіне көтеріліп, дамып кеткен әлемнің ал­пауыт елдерімен тең дәрежеде өнер көрсеткен Жастар театры ұжымының додаға өзге қойылым емес, «Қыз Жібекті» ұсынуы тегін болмаса керек. Дәл осы туын­дымен 1934 жылы қазақтың тұңғыш опера театры шымылдығын түрсе, 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігінде көмейіне бұлбұл ұя салған Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Манарбек Ержанов бастаған таланттар шоғыры  кеңес көрерменін дүр сілкінткен болатын. Есімі аңызға айналған сол дарындардың ізін жалғай әлемнің аса ірі мюзикл фестивалінде бақ сынау үшін Корея асқан театр ұжымы қазақы діл мен дәстүрді өн бойына үйлесімді жарастырған ұлттық қойылымды жаһан назарына ұсынды.

DIMF – Азия мюзиклдерінің орталығы

DIMF – Дэгу Халықаралық мюзикл фестивалі (Daegu International Musical Festival) – АҚШ-та өтетін әйгілі Нью-Йорк мюзиклінен (NYMF) кейінгі атағы жаһанға мәшһүр Азия аумағындағы ең ауқымды және танымал театр өнері байқауларының бірі. Аталған фестивальді сахна мамандарының «Азия мюзиклдерінің меккесі» деп атауы да тегін болмаса керек.

Соңғы 11 жылда фестиваль 1 миллион 63 мыңнан аса қатысушыны қабылдап, өнеріне баға берді.  Екі жылда бір рет өткізілетін байқау бағдарламасына биыл  жалпы саны 24 мюзикл іріктеліп алынды. Оның 4-і Дэгуден, 3-і Оңтүстік Кореяның  өзге ірі қалаларынан және 9 мюзикл –  Франция, Ұлыбритания, Қытай,  Ресей, Қазақстан, Чехия, Тайвань сынды әлемнің түкпір-түкпірінен шақырылған театрлардың үздік жұмысы. Қалған 8 қойылым – фестивальдің арнайы қонақтары мен студенттік ізденістер. Бір айға жуық созылған сахна мерекесінен көрермен сан түрлі форма мен мазмұндағы өнер туындыларын тамашалап, шын мәніндегі театр, музыка думанынан рухани ләззат алды.

«Қазақстанның атынан қатысатын «Қыз Жібек» қойылымын фестивальдің конкурстық бағдарламасына енген мюзиклдер тізімінен көргеніме өте қуаныштымын. Алғаш спектакльдің бейнежазбасымен танысқанда-ақ бізді жұмыстың ұлттық колориті мен эстетикасы, актерлік ойын, әуезді музыка, драматургиясының мазмұны мен жалпы қойылымның тазалығы қызықтырды.

Қазақ пен Корей мәдениетінің арасындағы менталитет тұрғысындағы тағылымды байланысты байқадық. Біздің алған әсерді күллі театр сүйер қауым да сезінсін деген мақсатта таңдап алып, фестивальдің конкурстық бағдарламасына қостық. Астана Жастар театрын фестиваль төрінен көргеніме өте қуаныштымын»  – деп қойылым соңында Халықаралық Дэгу мюзикл фестивалінің Атқарушы комитет төрағасы Бай Саң Хек (Bae Sung Hyuk) «Қыз Жібек» мюзиклі турасындағы пікірі мен алған әсерін жеткізді.

Ұлттың бойтұмары

Режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың сахналауында мамыр айында тұсауы кесіліп, астаналық көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «Қыз Жібек» мюзиклінің ерекше қолтаңбасы дүниежүзілік фестиваль қатысушылары мен қонақтарының да назарын өзіне бұрғызбай қоймады. Табиғатынан эстет режиссер бұл қойылымына да сұлулық пен тазалықты негізгі тірек еткен. Ғасырды ғасырға жалғаған жауһар жырдың Жастар театры сахнасында жандану мен тіл қату әдісі де, «сөйлеу» қалыбы да өзгеше.

Евгений Брусиловскийдің заманауи үнде жаңаша өңделген классикалық музыкасы көрерменін формалық, идеялық һәм көркемдік ерекшелігімен баурайды. Қазақтың байырғы салты – бастаңғы стилінде өрбитін мюзиклде негізінен жастардың сыры мен мұңы, арманы мен мұраты, ең бастысы, кіршіксіз махаббаты алға шығады. Ғажайып музыка тілі арқылы сезім күйін шертер қойылым көрерменін бей-жай қалдырмайды. Әсіресе, Жібек рөліндегі –  Назерке Серікболова, Төлеген – Мейірғат Амангелдин, Дүрия – Шехназа Қызыханова, Бекежан –Бекжан Керімбаев, Шеге – Нұрлыбек Төлегеннің шынайы ойыны мен актерлік ішкі органикасы, вокалдық мүмкіндігі театр сүйер қауымға естен кетпес әсер сыйлады. Оған қойылым соңынан толассыз айтылып жатқан көрерменнің риясыз лебізі арқылы көз жеткіздік.

 «Жастар театры репертуарында әр түрлі жанрдағы қойылымдар бар. Бірақ біз ойлана келе солардың ішінен осы «Қыз Жібек» мюзиклін таңдап алдық. Біріншіден, «Қыз Жібек» – біздің төл шығармамыз. Оның үстіне жақында ғана тұсауы кесілген әлі сиясы кеуіп үлгермеген жаңа қойылымдарымыздың бірі. Екіншіден,  «Қыз Жібекте» қазақтың табиғаты, барлық болмысы, сезімі мен сыры жатыр. Осы арқылы қазақ мәдениетін әлемдік көрерменге танытқымыз, таныстырғымыз келді.

Шетелдік үздік драматургиялық шығармалар негізінде қойылған «Ромео мен Джульетта», «Париж Құдай Ана шіркеуі», «Граф Монте-Кристо» сынды озық мюзиклдерді сахналап, ұсынуға да болар еді. Мәселен, театрымыздың репертуарындағы «Моцарт» мюзиклі аталған талапқа жауап беруге көркемдік тұрғыдан толықтай қауқарлы. Әйтсе де, біздің мақсат – шетке өзге емес, өзіміздің – қазақтың өнерін таныту болғандықтан, «Қыз Жібекке» тоқтадық. Ешкімге еліктегіміз келмеді. Себебі «Қыз Жібектің» табиғатын дәл қазақтай ешбір ұлт ұғынбайды, жеткізе алмайды. Қалай түрлендірсек те, құбылтсақ та «Қыз Жібекте» әлемнің ешбір шығармасына ұқсамайтын өз ерекшелігі сақталады. Ол – біздің ұлттық қалыбымыз бен салт-дәстүріміз, қазақы табиғатымыз. Осы ерекшелікті ескере отырып, қойылымның этно және рок-фольклорлық бояуын қалыңдатып, әрі жаңа заман жастарының ұғым-түсінігіне, танымына лайықтап заманауи, жаңашыл бағыттағы шығарманы сахналап, дүниежүзілік өнер бәйгесіне қосқан болатынбыз. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған көрермендердің, жалпы, корей халқының аса зор қызығушылықпен жылы қабылдағанына қарағанда, таңдаудан қателеспеген сияқтымыз» – дейді Астана қаласы Жастар театрының көркемдік жетекшісі және бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

Режиссер ойымен толықтай келісуге болады. Себебі қазақтың қалыбын дәл өнер тілі ұғындыратындай ешбір құрал жеткізе де, сезіндіре де алмайды. Мұны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айрықша атап өтіп, қазақ өнерінің әлемдік мәдениет кеңістігіне мойындалуына баса назар аудартқан болатын. Соның нәтижесінде, Астана қаласы әкімдігі мен Мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен, міне, Жастар театры әлемдік ірі мюзикл фестиваліне қатысуға мүмкіндік алып, қазақ өнерін Оңтүстік Корея сахнасында сөйлетіп, көк байрағымызды желбіретіп қайтты.

 

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Корея,

Дэгу қаласы