Медицина • 13 Шілде, 2018

Толғақ үстіндегі қайғылы оқиғалар: Себебі мен салдары қандай?

702 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда Астанадағы №1 перинаталды орталықта жаңа босанған үш бірдей ананың өлімі орын алды. Толғақ үстінде болған қайғылы оқиғаны елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы растады. Алғашқы оқиға 21 маусымда болған. Айы-күні жетіп, нәрестесін өзі босанған 34 жастағы келіншек таңғы сағат 5-те бақилық болған. Екінші келіншек кесарь тілігі жасалғаннан кейін 25 маусым күні таңғы сағат 4.00-де көз жұмады. Екі әйелдің де бұл бірінші жүктілігі емес болатын. Ал үшіншісі – осыдан бір апта бұрын тұңғышын босанбақшы болған 26 жастағы келіншек. Ол да аталған перинаталды орталыққа қан кеткен күйі келіп, кесарь тілігі арқылы босанып, артынша көз жұмған.

Толғақ үстіндегі қайғылы оқиғалар: Себебі мен салдары қандай?

Үшеуінің де артында нә­рес­­телері, туған-туыстары зар еңі­реп қалды. Қайғылы оқиғадан кейін мекеменің босандыру бөлі­мінің жұмысы уақытша тоқ­та­ты­лып, 9 шілдеден бастап қана қай­та штаттық режімге көш­ті. Бүгін­де орталықтағы жағ­дай тұрақ­тал­ғанымен, осы үш жағ­дайға бай­ланысты орталықта қыз­мет­тік тексеріс жүріп жатыр. Шетін оқиғаның себебі әлі де нақ­ты анық­талған жоқ.

Осы оқиғаға орай қала­лық денсаулық сақтау басқар­ма­сы­­ның басшысы Камалжан Кадыров үш жағ­дай бо­йынша да жетекші мамандардың қаты­суымен тәуелсіз комиссия жұ­мыс жасайтындығын жеткіз­ді. Сондай-ақ ол халықтың дәрі­герлер жайлы теріс пікір айтпау­ларын өтінеді.

«Маған сеніңіздер, әріп­тес­терімнің ешқайсысы да жұмысқа әл­декімге зиянын тигізу үшін немесе емделушілеріміздің ден­сау­лығын нашарлату үшін кел­мейді. Біз әр әйелдің өмірі үшін күрестік, бірнеше хирургтер бри­га­дасы шақыртылды, нау­қас­тар­ды аман алып қалу үшін қаламыз­дың білікті профессорларымен қатар, өзге қалалардың мамандары­нан да кеңес алдық. Сон­дықтан да дәрі­герлер дұрыс қа­­ра­мады деуге бол­майды», дейді ол.

Перинаталды орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Ер­бол Әубәкіровтің айтуынша, үш бірдей әйелдің өлімі бір-бірімен байланысты емес.

«Алғашқы науқастың (21 мау­сымда қайтыс болған) қайтыс болу себебі қан тамырының шарана сұйықтығымен бітеліп қалуынан (эмболия) болды. Бұл жағдай 20 мың адамда бір кездеседі. Жүктілік кезінде, босану үстінде және босанғаннан кейін болатын аталмыш асқынуда емделушілердің аман қалу мүмкіндігі  18-20%-ті құрайды. Ол науқастың екінші дәрежелі естен тану жағдайында болған. Сәбиі қазіргі таңда өздігінен тыныс алып жатыр, беті бері қарап келеді»,  деп нақтылады ол.

Қала әкімдігі алғашқы қайтыс болған екі ананың сәбиі жан сақтау бөлімінде жатқандығын хабарлады. Соңғы ақпаратқа дейін, жаңа туылған сәбилердің жағдайы ауыр делінген. Жалпы №1 перинаталды орталықта жыл сайын 12 мың әйел босанады екен. Орталықта соңғы екі жылда ана өлімі тіркелмеген. Сонымен қатар осы уақытқа дейін 5 мың күрделі ота жасалған орталықтың бұл оқиғаларға өздері де қапалы.

«Гистологиялық зерттеу жүргізу үшін сараптама алынды. Оның нәтижесі он күннен кейін дайын болады. Сол кезде ғана жүкті әйелдің неден қайтыс болғанын біле аламыз. Бүгінде тергеу жүріп жатыр. Балалар жағдайы  қалыпты. Қазір жан сақтау бөлімінде білікті мамандардың бақылауында» дейді орталық мамандары.

Негізінен перинаталды орталық мамыр айындағы зертханалық тексерулер кезінде барлық стандарттарға сай болған. Басшылығы қайтадан эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатқанын айтады.

Одан бөлек кезектен тыс журналистермен өткен брифингте сұрақтарға жауап берген №1 перинаталдық орталық директорының орынбасары Ербол Әубәкіров соңғы салдарға байланысты «жүктілік кезіндегі медициналық құжаттарынан анемиямен ауыратынын білдік. Екіқабат болып жүріп, үш түрлі препаратпен емделген. Оның үстіне, 19 жасынан бастап күніне 20-30 реттен темекі шегетін болған. Қазаның басты себебі осыдан деген ойымыз бар», деп жауап берді.

Дей тұрғанмен, медицинамыз қарыштап дамып, шетел асып білімін толықтырып жатқан білікті мамандарымызға бұл қайғылы оқиғалар бәрібір сын екені анық. Айдың аманында үш үйлі жанның аңырап қалуына кім кінәлі? Қайғылы отбасылар дәрігерлерді, ал ақ халатты жандар марқұмдардың өздеріндегі ақауды негізгі себеп санайды. Қайткен күнде де болған істің ұшығын ушықтырмай табу керек.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатында әйелінен айырылған Сапар Әміртай есімді азамат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дүниеге келген нәрестелердің тірі қалуы үшін шетелден мамандар шақыруды өтінді. Ол Елбасыдан, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтан, барлық азаматтардан көмек сұрады.

«Балаларды аман алып қалсын деп көмек сұраймын Қазақстанда оған мүмкіндік көп. Шетелден мамандар шақырса деймін. Себебі, мұны осындай жағдайға тап болған адам ғана түсінеді. Дәл қазір мен сол жағдайда тұрмын. Кішкентай үмітім жан сақтау бөлімінде жатыр. Одан айырылып қалмауым үшін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтан осы балаларды аман сақтап қалса екен деп көмек сұраймын. Себебі, екінші рет жақынымнан айырылу мен үшін өте ауыр болады. Балалардың еш жазығы жоқ қой, олар өмір сүруі тиіс» дейді С.Әміртай.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»