Қазақстан • 13 Шілде, 2018

Астанада қуыршақтар шеруі өтті

806 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада елордамыздың 20 жылдық мерейтойы шеңберінде 1 және 4 шілде күндері аралығында кішкентей көрермендердің сүйікті мерекесі – ІІ халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестивалі өтті. 

Астанада қуыршақтар шеруі өтті

Ең алғаш 2015 жылы Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі, Астана қаласы мемле­кеттік қуыр­шақ театрының негізін қалаушы және көркем­дік жетекшісі Құралай Ешмұра­тованың мұрындық болуымен өмір­ге келген өнер мерекесі әр үш жыл сайын қызықты бағдар­­ламасымен көрерменін қуанту­дан бір сәт те жалыққан емес.

2010 жылы Жастар театры шаңырағынан бөлініп, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен дербес өнер ошағы ретінде шығар­машылық жұмысын жалғастырған театр ұжымының бүгінде жеткен жетістігі аз емес. Әлемнің түк­пір-түкпірін аралап, қазақтың қуыр­шақ өнерін жаһанға танытумен бірге, елордалық кішкентай көрермендердің көркем танымын қалыптастыруда атқарып жатқан еңбегі ересен. Астана қаласы қуыршақ театры бастамасымен қолға алынған сондай ауқымды жұмыстардың бірі – халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестивалі.

Еліміздегі халықаралық деңгей­дегі тұңғыш қуыршақ театрлары фестивалінің Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құралай Еш­мұ­ратованың есімімен аталуы тегін емес. Қазақ қуыршақ өне­рінің тұңғыш кәсіби режиссері, «Ха­лықтар достығы», «Құрмет Белгісі» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақ ұлттық өнер университетінің құрметті профессоры Құралай Ешмұратованың жансыз қуыршақты сахнада сөй­летуде сіңірген еңбегі зор. Елор­дамыздың төрінде бой көтерген бір ғана Астана қаласы Мемлекеттік қуыршақ театрының негізін қалап, шығармашылық ұжымды аяғынан тік тұрғызып, әлемдік деңгейдегі қуыршақ театрлары­мен иық тірестірерлік кәсіби шеберлік биігіне шығаруы да өнер иесінің тынымсыз ізденіс пен өз ісіне, мамандығына деген шексіз сүйіспеншілігінің жемісі болса керек.

– Қуыршақ театрының ерекше­лігі сол – біз әртүрлі жастағы кө­рер­­мендермен жекелей жұмыс істей­міз. Яғни, қуыршақ театрында көрермен аудиториясына шектеу жоқ. Технологиялар да, қуыршақтар да, драматургия да үнемі ауысып отырады. Сон­дықтан да қуыршақтар – жас балалардан бастап, ересек адамдарға дейін қызықты Һәм қажет өнер. Себебі кез келген адамның ішінде бір-бір балдырған өмір бойы тіршілік кешеді. Сол балалығын жоғалтпаған адам бақытты. «Құра­лай» фестивалінің де көздеген мақсаты осы – қуыршақ театрының аудиториясын кеңейтіп, барлық жастағы көрерменге бірдей рухани қуаныш сыйлау, – дейді Астана қаласы Мемлекеттік қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құралай Ешмұратова.

Италия, Польша, Ресей, Тунис, Босния және Герцеговина, Бельгия, Түркия, Эстония, Сербия және еліміздің төл театрлары қатысқан мерекелік шара төрт күн бойы көрерменін балалық шақтың балғын күндеріне сапар шеккізді. Фестивальдің ашылу салтанатында қала көшелерінде ұлттық киімдегі балалар мен қуыршақ театры актерлерінің, алып қуыршақтардың, «Зара» шоу-балеті әртістерінің қатысуымен ұй++6+ымдастырылған үрлемелі ор­кестр­дің сүйемелдеуінде өткен қуыр­­шақтар шеруі бас шаһар тұр­­ғындары мен қонақтарына қуыр­шақтар әлемінің естен кет­пес қуанышын тарту етті. Фес­ти­валь шымылдығы 80 жылдан аса тарихы бар еліміздің бас қуыр­шақ театры – Алматы қаласы Мем­­­лекеттік қуыршақ театры ұсын­­ған Құралай Ешмұратованың «Қаң­бақ шал» қойылымымен түрі­ліп, сан алуан қызықты шара­лар­ға ұласты. Атап айтсақ, төрт күн бойы қуыршақ өнерінің жан­күйерлері «Бусинки» қуыршақ театры (Босния және Герцеговина), «Верди» қуыршақ теа­тры (Ита­лия), «Қаракөз» қуыршақ театры (Түркия), Санкт-Петербург қуыр­шақ театры (Ресей), «Projekt» қуыр­шақ театры (Эстония), «Marek Waszkiel» қуыршақ театры (Польша), «Figurentheater Vlinders» қуыршақ театры, Тамбов Мемлекеттік қуыр­шақ театры (Ресей), Тунис ұлттық қуыршақ өнері орталығы (Тунис) және еліміздің төл теа­трлары Алматы мен Астана қаласы мемлекеттік қуыршақ театрларының халық ертегісі «Қаңбақ шал» және Роза Мұқанованың Семей ядролық полигонының адамзатқа әкелген қасіретін баяндайтын «Мәңгілік бала бейне» қойылымын тамашалады.

Сонымен қатар қуыршақ өнерінің шебері, сербиялық маман Амелла Вученовичтің өткізген «Қуыршақ және бала», «Әдепке тәрбиелеу» және «Қуыршақтану өнері» тақырыбындағы шеберлік сабақтары да қуыршақ театрлары актерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруда тағылымы мол тәжірибе болғаны сөзсіз. Шілде айын шуаққа бөлеген айтулы өнер оқиғасы, сөйтіп, балдырғандарды шат-шадымен қуанышқа бөлеп, естен кетпес ерекше әсерімен салтанатты көңіл-күйде мәресіне жетті.

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»