Қазақстан • 16 Шілде, 2018

Темір жол билетінің тапшылығы неліктен жазда туындайды?

315 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жаз шығысымен елімізде темір жол билеттерінің тапшылығы пайда болады. Бұл дүрмек жыл сайын қайталанатын жағымсыз құбылысқа айналды және аталған тапшылықты толық жоюға құзырлы орындардың дәрменсіздігіне, ресми жауаптарына етіміз үйреніп кетті. Мәселен, қазір Астанадан еліміздің батысы мен шығысына, тіпті Алматыға жетудің өзі мұң. Ал аймақтардағы ахуалдың бұдан асып бара жатқаны да шамалы. Бірнеше ай бұрын қимылдамасаңыз, маусым мен қыркүйек айларының аралығында жолға шығу мүмкін емес. 

Темір жол билетінің тапшылығы неліктен жазда туындайды?

Жол азабын жүрген білер

Жаз басталғалы Ас­танадағы теміржол вокзалдарын­да да, өзге өңірлердегі билет кассаларында да ұзын сонар кезек бір сәтке саябырсыған емес. Жазғы демалыс уақытында сапарға шығатындар, саяхатқа аттанатындар саны көбейетіні ақиқат. Осындайда тасымалдаушылар тарапынан сұраныстың не се­бепті алдын ала ескерілмейтіні түсініксіз. 

Былтыр Астанада өткен ЭКС­ПО-2017 көрмесінің тұсын­да жолаушылар тасымалында еш­­қан­дай іркіліс болған емес, би­леттер оңай табылды. Сол үрдіс­ті қазір де жолға қоюға не кедергі?

Осы материалды әзірлеу ба­ры­сында Астанадағы қос вок­залға да бардық. Өйткені ел арасында тапшы билеттердің алып­сатарлардың қолында жүрген­дігі және бұл іске пойызда қыз­мет көрсетушілердің де қаты­сы бар деген әңгімелер жел­дей есіп тұр. Әрине кассадан тыс билет сатушыларды кездестір­мегенімізді мойындау керек. Алайда қалыптасқан ахуалдан хабар беретін бірер деректі айт­пай кетуге болмас. Мәселен, ақтөбелік жас отбасы – Арман мен Гүлімді «Атырау – Астана» бағытындағы пойыздан түскен жерінде жолықтырдық. Ота­ға­сының қызметіне байланысты демалысты ертерек жоспарлау мүмкін болмай, елордадағы ата-анасына келу үшін асығыс жолға шыққан беті екен. 

– «Әйтеке би» стансасынан, жалпы Ақтөбе өңірінен Астанаға заңды түрде билет алу мүмкін болмады. Амалсыздан пойыз өкілдерімен сөйлесіп міндік. Екі орынға билет құнын артығымен төледік, – дейді Гүлім Мұратқызы. 

Бұл жолаушылар қазір еліміздің вокзалдары мен билет сататын жеке кассаларды торуылдап жүрген немесе жол жүру құжатын онлайн тәсілімен алу үшін компьютерге телмірген көптің бірі ғана. 

Есесіне Астанадағы билетке мұқ­таж жандар Ерлан есімді азаматты іздейді екен. Бізге де аталған тұл­ға­ның ұялы телефон нөмірін табу қиынға соққан жоқ. Оның ұялы теле­фонының нөмірін вокзал күзетшілері жатқа білетін болып шықты. 

Оған қоса сол күзетшілердің айтуларына қа­ра­ғанда, қазір билетті жайып, сам­сатып, артық бағасына сатушылар Астана вокзалында жойылған. Ора­йы келгенде Ерланмен де Ақтө­беге баратын жолаушы ретінде сөй­ле­сіп көрдік. Екі арадағы диалог мынау:
– Сіздің нөміріңізді вок­зал­дағы жігіттерден алған едім. 17 шілде күні Ақтөбеге баратын үш адамға билет керек болып тұр. Тауып бере аласыз ба? 
– Сен ендеше кешкісін вок­залға келсейші. Он жетісіне билет істеп берейік. Жеті-сегіздерде вокзалға кел, «хорошо».
– Бағасы қанша болар екен?
– Білмеймін оны, кассада айтады. Қанша билет керек – үшеу ме, төртеу ме?
– Үш билет керек.
– Болды ғой онда. Билеттен бөлек үш билетке маған үш мың теңге бересің. Істеп беремін мен саған. Броньдар бар ғой. «Хорошо»?
Міне, осы аз-кем әңгі­ме­нің іс жүзінде қалай жалғаса­тын­дығынан бейхабармыз. Сон­дай-ақ бұл аза­мат­тың кім екен­дігін, қызметі, лауазымы мен мүмкіндіктерін де анықтау мүм­кін емес. Оның әрекетінен қылмыс құрамын да табу қиын. Алайда осы әңгімеден соң-ақ билет алудың қитұрқы тәсілдері әбден жүйеленіп, жолға қойылған ба деген күмәнді ойлар туындап қалды. Бұл бабаларымыз айтқан «бір қарын майды шірітетін құмалақ» тәріздес дерек болар, дегенмен «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дегенді де айтқан біз емес. 

Бұрынғы жолсерік, қазіргі депутаттың ұсынысы

Пойыз билеттерінің тапшылығы мәселесін жақсы білетін адамның бірі – Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов. Оның сонау 2009 жылы сол кездегі Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновқа жолдаған депутаттық сауалынан бері он жылға жуық уақыт өтсе де бұл мәселенің түпкілікті ше­ші­мін таппағандығын көреміз. Осы материалды әзірлеу барысында Шы­ғыс Қазақстан облысында сайлаушылармен кездесіп жүрген Мәжіліс депутатымен байланысқа шығып, өз сауалымызды көлденең тарттық. 

– Жаз шыға мектеп оқушы­ла­рының, студенттердің дема­лысы басталысымен пойыз би­леттерінің тапшылығы болып тұрады. Оны болдырмау үшін қосымша вагондарды көбей­ту керек. Ең бастысы, жолау­шы­лардың нақты саны есептеліп, мәселені түбегейлі шешу жол­дарын қарастыру керек. Өйт­кені, қазір еліміздің аза­маттарының ең көп қолданатын көлігі – теміржол. Сондықтан, жаз мез­гі­лінде қосымша пойыздар шығаруға мүм­кін­діктер баршылық. Соны ҚТЖ жан-жақты қарастырып, азаматтардың сұранысын қамтамасыз етуі қажет, – дейді депутат.  

– Нұртай Салихұлы, сіз бұл мә­селені 2009 жылы көтерген екенсіз. Содан бергі уақытта не өзгерді?

– Сол уақыттан бері пойыз ва­гон­дарының көбі ескірді де, есептен шығарылып тасталды. Жаңа вагондар әлі жетіспейді. Сондықтан қазір жаңа вагондарды көбейтуге толық мүмкіндік бар. Мен студент кезімде «Алматы – Мәскеу», «Алматы – Ле­нинград» бағыттарында жолсерік болып жұмыс жасағандықтан, мәселені тереңінен білемін. Ол кездегі тапшылық қосымша пойыздар шығару арқылы шешілетін. Оған қоса қазір Алакөл сияқты демалыс орындарына баратын бағыттардағы пойыз санын көбейту керек. Бірақ бір сәтте барлық мәселені шешіп тастау мүмкін емес шығар. Алайда ҚТЖ жақын аралықтағы стансалар арасындағы жолаушыларға қолайлы болуы үшін отыратын орындарға лайықталған вагон­дар­ды көбейткендігі абзал. Жақын жерге қатынайтындарға «купе­нің» не қажеті бар? Осындай жүйелі өзгерістер арқылы билет тапшы­лы­ғын жоюға болар еді.

Уәкілетті органның жауабы

Жолаушылардың, «дел­дал­дың» және депутаттың пікір­лерінен соң уәкілетті орындарға сұрау салдық, сауалымызды жолдадық. 

Өз кезегінде біздің сұрақ­тары­мызға жауап қатқан Инвес­ти­циялар және даму министрлігіне қарасты Көлік комитетінің де­рек­теріне қара­ғанда, қазіргі уа­қытта еліміздің аумағында жолаушы тасымалына шығарылған ва­гондар саны 2,5 мыңнан асады. Уәкілетті орган да жаз мез­гілінде жолаушылар ағыны­ның көбейетіндігін, билет тапшы­лы­ғының болатындығын жоққа шы­ғармай, жекелеген тасымал­дау­шылар мен жергілікті атқару­шы органдармен бірлесе отырып, жолаушылар сұранысы жо­ға­ры бағыттарға қосымша пойыз­дар мен тіркеме вагондар шыға­рылып жатқандығын хабарлады. 

Атап айтқанда, жолаушылар ағымы мол алты бағытқа қо­сым­ша пойыздар шығарылған және 1375 вагон тіркелген. Оның ішінде жолаушылар нөпіріне байланысты «Алматы-2 – Се­мей», «Ал­маты-2 – Шымкент», «Астана-1 – Шым­кент», «Ас­тана-1 – Достық», «Алматы-2 – Қос­­танай», «Астана «Нұрлы жол» – Ал­маты-1» бағыттарына басым­дық беріл­ген. 

Комитеттің деректеріне қара­ғанда, жылжымалы құрамды жа­ңарту мол қаражатты қажет ете­тін­діктен, жаңа вагондар сатып алуды кезең-кезеңмен жүзеге асыру көзделген. Бұл талапты Көлік комитеті қатаң бақылап отырғанға ұқсайды. Жылжымалы құрамды жа­ңар­туда тасымалдаушылардың өз қара­жаттарымен қатар, Көлік комитеті тарапынан қаржы институттарын тарту да қолға алынған. Мәселен, 2017 жылы тасымалдаушылар 120 вагон сатып алған болса, биылғы жылдың соңына дейін тағы 110 вагон сатып алу жоспарланған.  

Осы Көлік комитетінің ресми де­ректеріне қарағанда, теміржол көлігі арқылы жолаушылар тасымалын ұйым­дастыру бойынша тасымалдаушылар құзыретті органға ай сайын есеп беруге міндеттелген. Әсі­ресе, әлеуметтік са­нат­тағы облыс­аралық тасымалдарды Көлік коми­теті бақылаудан шығарған емес. Осы саладағы заңдылық бұзылатын жағ­дайда, тасымалдаушының міндет­те­мелері орындалмаған күнде оларға қолданылатын шаралардың тізімі қаттаулы.  

Оның үстіне Көлік комитеті жолаушылар пойыздарында қызмет көрсетудің Ұлттық стандарттарының орындалуын бақылау үшін тексеру жұмыстарын ұдайы жүргізіп келе жатқанын айтады.

Мәселен, 2017 жылдан бері по­йыз­­дар­дың 80 құрамы тексеріліп, тасымал­­дау­шыларға бес жүзден аса ескерту­лер берілген көрінеді. Оның ішін­де қыс мезгілінде пойыз вагондарын жылытуға, ал жаз шығысымен вагон­дар­дағы ауаның тазартылуына, салқын­да­тылуы мен санитарлық жағдайларға қатысты та­лаптардың орындалмауы анық­талып келген. 

Тапшылықтың түйіні

Бұл мәселе жылма-жыл қай­та­ланып отырғандықтан, тасымал­даушылардың, уәкілетті органның да өткен жылдардағы жауаптары да айна-қатесіз қайталанып отырады. Ұзын сонар жауаптың төркіні жалғыз – жаз кезінде жолаушылар нөпірі көп, жылжымалы құрамдарға қосымша вагондар тіркелуде. 

Бұл сала қанша автоматтандырылып, сандық жүйе енгізілгенімен, адами фактордан арыла алмай отырғандығын жоғарыда баяндауға тырыстық. Қулығына құрық бойламайтын пысықайлар жаз мезгіліндегі дүрмекті пайдаланып немесе тапшылықты қолдан ұйымдастыра отырып «көжесін айырудың» жолын тауып отырған жоқ па? 

Ал теміржол саласының білгір ма­ман­дарының айтуларына қа­рағанда, жаз мез­гіліндегі сұранысты қалт жібермейтін, бәсекелестік ортадағы билет кассалары жолаушылар тасқыны үдей түсетін бағыт­тарға жол жүру құжаттарын алдын ала сатып алып кейін үстеме бағамен қайта сатуды кәсіпке айналдыруы да мүмкін.

Ал іс жүзінде қосымша пойыз шығару тасымалдаушыларға да ар­занға түспейді. Пойыздың әр­бір құ­ра­мының машинистері, жолсеріктері мен басқа да жүздеген қызмет көр­се­тушілерді жолға шығару орасан қаржыны талап етеді. Оның үстіне жолаушының болмай қалу тәуекелі желкеден тартып жібере қоймас. 

Осының салдарынан той-то­ма­лаққа, өлім-жітім рәсімдеріне асық­қан, демалысын аяқ астынан ұйым­дас­тырған азаматтардың пойыз ар­қылы жолға жедел шығуына аса бір мүмкіндік жоқ. Мұндайда билет алудың заңға томпақ жолдарын іздей бастайтыны рас.

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»