Қазақстан • 16 Шілде, 2018

Егінге орақ түсті

852 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Егінге орақ түсті

Жетісудың жер емген диқандары алқаптардан өнім жинауға кірісті. Аймақта алғашқы болып егінге орақ салған Кербұлақ ауданының шаруалары бітік өскен бидай алқаптарынан жиналған биылғы дән қамбаны еселеп толтырады деп үміттеніп отыр.

Биыл Алматы облысында 500 мың гектарға жуық алқапқа дәнді дақылдар себілген екен. Оның 84,8 мың гектары егінге орақ салған кербұлақтық диқандарға тиесілі. Егістік алқаптарына негізінен бидай мен қарабидай  егілген. Алғашқы төрт күнгі жиын-терімнің түсіміне қарап жасалған болжам бойынша нәтиже жаман емес сияқты. Шаруалар өткен 4 күн ішінде 1000 гектардың бидайын шауып, жинап үлгерді.

Қазір Кербұлақтан басталған орақ науқанына облыстың Жамбыл, Іле, Қаратал аудандары мен Қапшағай қаласы да бір деммен қосылды. Бастысы, биылғы жиын-терім науқаны мерзімінен кешікпей бас-
талды. Ендігі міндет орылған дәнді қамбаға жинап, игілікке жарату болып тұр.

Айтпақшы ткен жылы өңірде 1 339,6 мың тонна дәнді дақыл жиналса, биыл жетісулық шаруалар бұл көрсеткішті арттырып, 1345,6 мың тонна дән бастыруды жоспарлап отыр. Бұған толық негіз бар. Өйткені Алматы облысында пайдаланылмай жатқан алқаптарды ауыл шаруашылығы мақсатына қайта қосу бағдарламасы негізінде айтарлықтай жұмыс жүргізілуде. Осыдан аз уақыт бұрын ирригациялық жүйелердің ескіруіне  байланысты 127 мың гектар егістік алқаптың жарамсыз болып, арамшөпке тұнып жатқаны жайлы жиі сын айтылатын. Биылдан бастап осы алқаптар ретімен игеріліп жатыр. Суармалы алқаптардағы арықтар мен басқа да ирригациялық жүйелер қалпына келтірілуде. Яғни топырағы құнарлы өңірдегі 127 мың гектар алқап айналымға қайта қосылып, өнім бере бастайды. Бұл өңір диқандары үшін де, аграрлық саланың ілгерілеуі үшін жағымды жаңалық болды. Ирригациялық жүйелерді жаңартуға арналған ауқымды жобаны бірінші болып Ескелді ауданы қолға алған болатын. Жоба толық аяқталғаннан кейін аудандағы  4262 гектар суармалы жерден өнім алуға мүмкіндік туады. Аудандағы ирригациялық жүйелерді жаңартуға 1,5 миллиард теңге шамасында қаржы бөлінген екен.

Жалпы, 2020 жылға дейін Алматы облысының аграрлы аймағы деп саналатын Көксу, Ескелді, Ақсу және Алакөл аудандарында 35 мың гектар суармалы жер пайдалануға берілмекші. Бұл Жетісу өңірінің ауыл шаруашылығы саласындағы орнын нықтап, өнім алудағы үлесін арттырмақ. Қазір Алматы облысының ауыл шаруашылығы бойынша  үлесі 17 пайызды құрайды.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы