Тарих • 16 Шілде, 2018

Қанайды ұмытуға хақымыз жоқ

874 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Қасқайып тұрып Голощекиннің сорақы саясатын бетіне басқан, қысқа ғұмырын елді жайлаған заңсыздықтармен күресуге арнаған Қанай Боранбаевтың есімін есте сақтау – бізге сын.  

Қанайды ұмытуға хақымыз жоқ

Тарихшылар, зерттеуші ғалымдар болмаса, былайғы жұрт сонау қилы кезеңде «халық жауы» деген жаланың құрбаны болған Қанай Боранбаев жайын­да көп ештеңе біле бермейді. Олай болатын да жөні бар. Халқымыз бастан кешкен қасіретті тұста өмір сүрген замандастары, көз көргендері оның атын ауызға алудан қаймықса, бірте-бірте ұрпақ алмасып, есіл ердің есімі ұмытыла бастады. Сондықтан да бүгінгі ұрпақ қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, сол жолда жан қиған осынау ірі тұлғаның ел үшін сіңірген еңбегінен, өмір жолынан мүлдем хабарсыз деуге болады. Әрине Қанай сынды біртуар азаматтың тұлғасы, шеккен азабы, бастан кешкен қиындығы, оның өмір сүрген ортасы жайында осынау бір мақаланың аясында айтып шығу еш мүмкін емес. Әйтсе де, біз соңғы демі біткенше ел басына төнген қауіппен, халқымыз бастан кешкен заңсыздық әрекеттермен барынша күресіп өткен боздақ жайында бар білгенімізді ортаға салуға тиіспіз.

Ең алдымен жұрт оның сол бір қилы кезеңде өз халқының басына түс­кен жан төзгісіз ауыртпалыққа шыдамай, содыр саясатты ашық айыптай отырып, Ораз Жандосов, Жұбаныш Бәрібаевтармен бірге тізе қосып, бірге күрескен, сол жолда басы кетерін білсе де голощекиншілердің озбырлық әрекеттеріне қарсы тұрған азамат екенін білуге тиіс. Ол шын мәнінде сол кездегі ең сауатты заңгерлердің бірі еді. Бұл орайда оның Варшава университетінде білім алған алғашқы қазақ екенін айтуға болады. Архив деректері 1924 жылы юстиция халық комиссары және республика прокуроры болып қызмет істеген оның өз саласының білгір маманы, өрелі азамат болғандығын одан әрі айғақтай түсетіні анық. Ол өз басына төнер қатерден де сескенбей, ел­дегі заңсыздықтарға ашықтан ашық қарсы шықты. Соның нәтижесінде патшалық Ресейдің тұсында түрмеден түрмеге қуылған азаматты өзі сенген, өз қолымен құруға атсалысқан Кеңес үкіметі де аямады. Сөйтіп оны нақақтан-нақақ үш қайтара соттап, партия қатарынан екі рет шығарған екен. Жапқан жаласы да мүлдем көңілге қонбайды. Оның бірінде Қанайды троцкийшіл деп айыптаса, енді бірінде оған кедейді заңсыз соттадың деген жала жабады. Бұл сөзімізге 1922 жылғы 19 қарашада Жетісу облыстық-қалалық ревком төрағасы Сарымолдаев, хатшысы Лундич қол қойған Алматы архивіндегі Қ.Боранбаевтың партия мүшесінен шығарылуы жөніндегі хаттама арқылы көз жеткізе түсеміз. Сондай-ақ бұл құжаттан Қанайдың бірқатар іргелі істеріне де куә боламыз. Олай дейтінім, хаттамада оның Жетісу, Нарындағы полковник Бойко бандыларын талқандауға қатысқанын, партияның мұсылман бюросына мүше болғанын, Жетісуда жер реформасын жүргізу ісіне басшылық еткенін айта келіп, бұрындары ұлтшыл және Рыс­құловтың жолын ұстанушы ретінде пар­тия қатарынан шығарылғаны да көр­­сетілген. Ал 1928 жылы партия қа­тарынан тағы да шығарылуы қайт­кенде де оның үнін өшірудің тұрпайы амалы болғаны анық. Сондағы ойлап тапқандары кедейді заңсыз соттадың деген желеу.

Дәл осы тұста Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Хамит Ерға­лиевтің естелігіне жүгінгеніміз жөн шығар. Ол өзінің естелігінде Алаш арыс­тары ақтала бастағанда туған қайын атасы Қанай Боранбаевтың атаусыз қалып бара жатқанына алаңдап, ол туралы мәліметтерді іздей бастағанын айтады. Сөйтіп Қырғызстанның Ақтұз шахтасындағы елді мекенде тұратын Қанайдың туыстарын табады. Сол жерде ол Қанекеңнің ет жақын ағайыны, ке­зінде Қанайдың көмегімен біршама білім алып, одан соң Ораз Жандосовтың тағайын­дауымен ауатком төрағасы болған Рысқұлбек деген адамға жолы­ғады. Ол әрбір оқиғаның жылына, айына дейін зердесіне тоқыған, аса бір зерделі адам екен дей отырып жазушы одан әрі сол Рысқұлбектің Қанайдың өз аузынан естіген мына бір дерегін келтіріп өтеді. Одан біз 1928 жылдары үкіметтің қырына іліне бастауы оның мына бір ашық қарсылығынан кейін тіпті өрши бастағанын байқаймыз.

– Сіз мына саясатыңызбен жергілікті халықты малынан айырып, басын бас, бақалшағын қаратас жасағалы отырсыз, – депті ол Голощекиннің бетіне тура қарап. – Апыр-ау, бұлайша халқының жан айқайын сол сары сайтанға тайсал­май, қасқая тұрып айтып салуы нағыз көзсіз ерлік қой. Өзгені қайдам өз ба­сым бұрын-соңды Голощекиннің бе­тіне түкіріп жібергендей бетпе-бет тұ­рып дәл бұлайша қарсы келген жәйт­ті еш жерден естімеген екенмін. Енде­ше, нағыз жанқиярлық әрекет дегеніміз де осы шығар. Әрине оның осы жан­қияр­лық әрекеті ізсіз кетпеген көрінеді. Осыдан кейін-ақ есіл азаматтың соңына шам алып түскен Кеңес үкіметі оған кедейді заңсыз соттадың деген жалған айып жапсырып, білгенін істеп бағады.

Бұл ойымызды Рысқұлбектің жазу­шыға айтқан мына сөзі де растай түседі.

– Алматыға дәрежесі кішірейіп қайта оралған Қанайдың бір күні ең жақын достарымен бірге отырған сәтте «Сақалға осыны айтқаннан кейін-ақ итім қырын жүгіре бастады» дегенін өз құлағыммен естідім дейді ол.

– 1928 жылы партия қатарынан шығарылуынан бір апта кейін, ымырт үйірілген шақта Қанайды іздеп Ораз Жандосов жаяу келді де, кідірмей қай­­та кетіп қалды. Сондағы бар айт­қаны «Қырғызға жіберген адам да қай­тып оралды. Әбдірахманов (қырғыз об­комының бірінші хатшысы) жоғарғы сот аппаратында орны даяр депті. Сен тезірек солай көшпесең сары сақал енді сені біздің қолымызбен қаматады» – деген бірауыз сөз болды дейді ол тағы да. Қанай Боранбаевтың қырғыз асуының да сыры осында болса керек. Көп қуғын көріп, әбден торыққан ол осы тұста із жасыру үшін мамандығын өзгертуді ойлайды. Сөйтіп сол елде жүріп, Ташкент университетінің ауыл шаруашылығы факультетін сырт­тай оқып бітіреді де, 1931 жылы Өзбек ССР жер комиссариатының орталық аппаратына зоотехник болып жұмысқа кіреді. Сонда да соңына түскендерден құтыла алмайды. Тіпті болмағасын ол бас сауғалап, Самарқанд облысындағы «Қызыл Чарвадор» қой өсіретін шаруашылыққа техдиректор болып ауысады. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» дегендей, ұлтшыл, контрреволюцияшыл деген атақ қыр соңынан қалмай қойған ол осы жерден «халық жауы» деген жаламен қамауға алынады. Тіпті Магаданға айдалған кезде де Голощекиннің итаршылары оған тыныштық бермеген сияқты. Мұнда жан төзгісіз азапты бастан кешеді. Ал ауыр тауқыметтен денсаулығы нашарлап, қара жұмысқа жарамай қалған кезде оны асхана жұмысына ауыстырады. Бұл жерде де ол тыныштық таба алмайды. Оған айдауда жүрген адамдарды жұмысқа шықпауға үгіттедің деген айып тағылады. Міне, осы тұста оның әр қадамын бағып жүрген, адам құқын аяққа таптауды әдетке айналдырған қанқұйлы саясат өзінің жымысқы әрекетін іске асырды. Яғни, Магадандағы «Дальстрой» жанындағы УНКВД үштігі 1938 жылдың бесінші қаң­тарында лагерьдегілерді жұмысқа шықпауға үгіттедің деген айыппен оны ату жазасына кеседі. Бұл үкім 15 қаңтарда іске асады.

Енді голощекиншілердің тамағына тас болып түйілген Қанай Боранбаев деген азаматтың өмір жолына кеңірек тоқ­талып өтсек. Ол 1896 жылы Же­тісу губерниясы, Алматы уезіндегі Қастек болысының №2 ауылында дүние­ге келген екен. Яғни, бүгінгі Қас­тек ауылының тумасы. Оқуға ынтасы зор жеткіншек әуелі Вер­ныйдағы 8 сыныптық гимназияны бітірген көрінеді. Оның әкесі Боранб­ай қарапайым орманшы болыпты. Сол кезде Суықтөбе тауында үйір-үйі­рімен жүретін арқарларды аулауға орыс ұлықтары жиі келетін көрінеді. Мылтық асынған, қит етсең табанда атып тастауға дайын тұрған осы әулекі топтар орманшымен қайдан санассын, бой жылыту үшін тау ішінде тұратын Боранбайдың үйіне де баса көктеп кіретін болған. Сол кезде олардың талабын әке-шешесіне айналасындағы адамдарға орыс тілінде жеткізіп, екі араға жасөспірім Қанай тілмаш болып жүреді. Осы арада тоқтала кететін бір жайт, ана тілімен қоса орысшаны да таза білетін Қанай гимназия қабырғасында жүргенде француз, поляк тілдерін де меңгеріп алған көрінеді. Аң аулап, сейіл қуған сол дарақы топтың ішінде білімді, жібі түзу адамның бірі Қанайдың зеректігіне қайран қалып, оған іштарта қарайды.

– Оқу оқығың келе ме? – дейді ол жас­өспірім жігітке. Қанай оған білім алғысы келетінін айтады.

– Онда құжаттарыңды әзірле, мен саған көмектесейін дейді әлгі адам. Сөйтсе, дәл сол тұста Варшава университетіне берілетін жалғыз ша­қыру қағазынан губернатордың қызы жолды қашықсынып, бас тартқан көрінеді. Міне, осы жолдама ойда жоқ жерден Қанайға бұйырады.

Алайда ол осы оқу орнындағы заң факультетінің үш курсын ғана тәмамдайды. Оған оның саяси көзқарасы себеп болған деген болжам да айтылады. Байқап қарасаңыз, осы сөздің түбінде де бір шындықтың жатқаны анық. Олай дейтініміз, жоғарыда айтып өткен Рысқұлбек Қанайдың Варшава абақтысында отырғанын өз аузынан естігенін айтады.

Қалай болғанда да 1916 жылға ұлт-азаттық қозғалысы, 1917 жылғы екі дүркін төңкеріс тудырған толқулардан сырт қалуды жөн көрмеген жас жігіт Мәскеу арқылы елге қайтады. Жолай ол Феликс Эдмундович Дзержинскийдің қабылдауында болып, жолдама алады да, Түркістандағы қайнаған өмірге араласып кетеді.

Архив деректеріне көз салсақ, оның талай өткелектерден өткенін көреміз. Еңбек жолын Ташкенттегі Жетісу тө­тенше комиссарының көмекшісі болып бастаған ол бұдан кейін Қы­тай­дағы Құлжа қаласына жіберілген комиссияның құрамында болады. Алайда осы 1919 жылы Ташкентке қайта шақырылады. Сөйтіп ол өлкелік партия комитетінің мүшелігіне сайланады. Комитет хатшысы ретінде 1920 жылға дейін қызмет атқарған оны бұдан кейін Жетісу партия комитетіне ауыс­тырады. Сол жылдың соңына таман Түркістан майданы 3-дивизиясының трибуналына мүше етіп сайласа, жер реформасы тұсында облыстың төтенше комитетінің мүшесі болады. Ал 1923 жылдың басында Қытайға барып, ондағы қырғыз-қазақ ауылдарын елге көшіруді ұйымдастырса, сол жылдың соңынан қарай Жетісу облысының прокуроры болып қызмет атқарады. Оның Жетісу, Сырдария губерниялары мен Қарақалпақ автономиялы облысында сот тергеу, прокуратура органдарының жұмысын жолға қоюға сіңірген еңбегі де аз емес. Бұл жан-жақты зерттеуді күтіп жатқан мәселе.

Сауатты, әмбебап заңгер болумен қатар, ол саясы мол, жүрегі ізгі, айнала­сына қамқор азамат болған көрінеді. Оны көзкөргендердің әңгімесінен де айқын аңғарасыз. Осы сөзіміздің бір дәйегі ретінде Хамит ағамыздың есте­лігіндегі мына бір жолдарға назар салуға болады. Онда автор екі мәрте Со­циа­листік Еңбек Ері атанған Нұр­мол­да Алдабергенов пен Әбдіқайыр Дайы­ровтың Қанай туралы пікірін келтіреді.

– Ондай оқымысты, аса жоғары мәдениетті кісіні бұрын-соңды көрген емеспін. Сондықтан да жұрт оның сыртынан сүйсініп, Қанай төре деп айтатын, – деп олар ел ішіне таралып кеткен, Қанай туралы мына бір жырды да айтып береді:

Аман ба, Боранбаев Қанай төре,

Жұрт үшін жер әлемді жүрсің кезіп.

Амалын әрбір ұлттың білдің сезіп,

Мұратқа қазақ аты жете ме деп

Іздедің бір шыбындай жаннан безіп.

Алдыңнан бір шығады қылған қайыр,

Туғызған Құдай жұрттың несібіне

Жігітсіз өзін дана, сөзің шайыр.

Жеттіңіз мәртебе іздеп ілімменен,

Жинадың елдің басын білімменен.

Мен сондай болдым деген

үлкендік жоқ

Жігітсің кішіпейіл күлімдеген – деген осынау өлең жолдары да оның шындығында да елге жанашыр адам болғандығын айғақтай түсе­тіндей. Қанайдың айналасына өте бір мейіріммен, қамқорлықпен қарай­тын, жаны жомарт адам болғанын Кенен ақын аузымен айтылған мына бір әңгімеде нақтылай түседі. Тағы да Хамит ақынның естелігіне кезек берелік. Жазушы онда қос ақын Кенен Әзірбаев, Саяділ Керімбековпен кездескенін, бұл репрессия құрбандарын ақтаудан көп бұрын, яғни біреумен біреудің алдымен айналасына қарап алып, сыбырласып сөйлейтін кезең екенін айта келіп, олармен болған арадағы әңгімені баяндап өтеді.

– Қанеке, сіз мына Хамиттің қайын атасының кім екенін білесіз бе? – дейді Саяділ Керімбеков Кененге қарап. Қанай Боранбаевтың атын ести сала Кенен орнынан ұшып тұрып, мені бас салып құшақтап, бетімнен сүйді. Үй қожасы Тайыр Жароков дастарқанға қайта оралғанша екеуі бірінің сөзін бірі үстей отырып, Қанайдың біртуар азамат болғаны жайлы маған әңгімелеп үлгерді. Бұл менің Қанай жайлы алғаш естіген толымды әңгімем еді деген ол кейінірек Кенен ақынның өз аузынан естіген мына бір жайтты ортаға салады. Жұбаныштың кабинетінде ұшырасып қалған Қанай мені келесі күні үйіне шақырды. Мешітке тақау жердегі көк үйге айтқан сағатында барсам Ораз бен Жұбаныш үйде екен, – дей келе Ке­нен ақын өзара әңгіме-дүкен құрып отыр­ған осы сәтте сырттан біреудің дауысы естілгенін айтады. Келген Жам­был екен.

О, Ораз, Қанай, Жұбаныш,

Өздеріңді сағындым.

Неше көрсем тоймаған

Жүздеріңді сағындым.

Кенен отыр дегенді

Естідім де қағындым.

Менсіз мәжіліс құратындай

Мен сендерге нағылдым?! – деп көк бестінің үстінде отырып, терезеге үңілген Жамбыл ақынға қарай рақаттана күлген Қанай тұра жүгіріп еді, Ораз бен Жұбаныш та атып тұрып, оның со­ңы­нан жетті. Сөйтіп үшеулеп жүріп, ерке­­лей келген Жамбылды терезеден-ақ ішке сүйемелдеп түсіріп алды – дейді Кенен.

Жалпы көнекөз қариялар Қанай Боранбаев, Ораз Жандосов, Жұбаныш Бәрібаев үшеуі ойлары бір жерде тоғыс­қан жан достар болғанын әлі күнге айтып отырады.

Бұл сөзімізді Рысқұлбектің мына бір әңгімесі растай түседі. Денсаулығы сыр беруіне орай Қанай әл жинап алу үшін төрт-бес ай таза ауада жүру қажеттігін айтқан дәрігердің қорытындысын ұсынып, демалыс сұрайды. Бұл өтініш 1922 жылғы 24 наурызда қалалық партия комитетінің мәжілісінде қара­лып, оған рұқсат береді. Сөйтіп ол сол жылғы көктем, жаз айларында демалады.

– Сол кезде Ораз бен Жұбаныш оған үзбей қатынап тұрды. Олардың ажырамас, адал достықтарына қалың елдің бәрі еріксіз сүйсінетін, – дейді ол.

Осы арада еске түскен бір жайтты айта кетсек, Зейін Шашкин Тоқаш Бокин туралы романында Қанай туралы да айтып өтеді. Онда оның Тоқашты кепілдікке алған мерзімін ұзартуға барғанын, алайда абақты бастығынан ол күні рұқсат ала алмағанын, ал келесі күні жендеттердің тұтқынды Бесарық жақта кескілеп өлтіргенін жазады.

Ал ел іші тынышталып, репрессия құрбандары ақтала бастаған шақта туысы Рысқұлбекке жазықсыз ердің есімін жаладан аршып алудың мезгілі жеткенін айтып, қолқа салған да Хамит ағамыз екен.

– Бұл іске Қанайды жақсы білетін өзіңіз мұрындық болыңыз. Ол үшін тиісті органдарға арыз беріп, ізденуіңіз керек дейді. Басы дауға қалып, жан сауғалап кеткен Рысқұлбек қорқа-қор­қа отырып, оған да көнеді. Соның нәтижесінде Өзбек КСР Жоғарғы Сотының 1963 жылғы қаулысы бойынша Қанай Боранбаев «халық жауы» деген жаладан арылып, толық ақталғаны жөніндегі құжат қолға тиеді. Сөйтіп өз халқына қалтқысыз қызмет еткен азамат өз атына жағылған қара бояудан кеш те болса арылады.

Сөз соңына қарай біз Алаш арыс­тарының мұрасын зерттеуге қомақты үлес қосып жүрген заң ғылымдарының докторы Нұрлан Дулатбековтің ста­линдік саяси қуғын-сүргін жылдары Магаданда жазықсыз атылған қазақ­тардың тізімін Петербург мұра­ғаттарынан тапқаны жайлы мәліметті газет бетінен оқығанымызды айтсақ дейміз. Міне, сол тізімде жат жерде жер жастанған арыс азаматтардың арасында Қанай есімі де бар. Онда былай деп жазылған. Боранбаев Қанай 1896 жылы туған. Ұлты қазақ. Ташкентте тұрған.1935 жылы ұсталып, 05.01.38 жылы сотталған. 15.01.38 жылы атыл­ған. 30.09.63 жылы ақталған. Архив нөмірі «Р.13511» деп көрсетілген.

Ендігі бір айтар мәселе, бүгінде біз артында өшпес із қалдырған тұғырлы тұлға­ларымызды түгендеп, келешек ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде атын әспет­теп жатқанымыз өзімізге белгілі. Олай болса, жарық жұлдыздай ту биіктен ағып өткен, халқының қамы үшін басын бәйгеге тігіп, сол жолда мерт болған бірегей тұлға Қанай Боранбаевтың есімін де ел есінде қалдырудың мезгілі жеткендей. Ол үшін Қанай атына көше, елді мекен аттарын беріп, еске алу кештерін өткізу сияқты т.б. шараларды қолға алсақ қане. Біздің бұл ойымызды ел үкіметі қаулы шығарып қолдаса, оның іске асуына прокуратура саласы іздеуші, сұраушы болып атсалысса, кейінгі ұрпақ үшін де ұлағаты мол болмақ.

 

Жұмагүл СОЛТИЕВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы облысының құрметті азаматы