Бұл әрине, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, бүкіл дүние жүзіне таныту мақсатындағы игі идея екендігі талас тудырмаса керек. Осы орайда жарық көруге тиіс поэзиялық және прозалық антологиялардың құрылымы мен мазмұны Қазақстан Жазушылар одағының арнайы мәжілісінде мақұлданып, бекітілген болатын.
Парижде осынау орны бөлек қос антологияны француз тіліне аудару, басып шығару және тарату жұмыстарына араласатын шығармашылық консорциум қатысушылары анықталды. Жобаға қатысушыларды іріктеуге қазақстандықтармен бұрыннан ниеттес Париждің бірінші округінің мэриясы мен астаналық мәдениет ассоциациясы барынша қолдау көрсетті. Қазақстан бастамасы, сондай-ақ Франциядағы Ұлттық кітап орталығы тарапынан да түсіністік тапты. Олар басылымдардың сапалы жарық көруін ұйымдастыруды өз мойындарына алып отыр.
Ондаған француз баспаларының ұсынысын қараған, сондай-ақ стратегиялық әріптестеріміздің кепілдемелерін назарға алған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Ұлттық комиссия аудармашылық, баспагерлік және әдебиет пен өнерді насихаттау саласында отыз жылдан астам уақыт тәжірибе жинақтаған Мишэль Де Мол баспасын таңдады. Баспаның негізін қалаушы әрі бас редакторы белгілі француз лингвист-ақыны Тьерри-де-ла-Круа ізгі ниетке толы іргелі істің болашағына зор сенім білдірді.
Париж мәдениет ассоциациясының президенті мадам Карла Оригони жобаның академиялық сипатын атап көрсетті. Оның ойынша, антология мәтіндерінің әдеби-эстетикалық қана емес, зерттеушілік те мәні жоғары екен. Ассоциация Қазақстан мәдениетінің мәйегін француз оқырмандарына мәнін бұзбай кәсіби біліктілікпен жеткізуі үшін тәржіма жұмыстарына беделді мамандарды тартпақ көрінеді.
Жоба шеңберінде антологияның тек Францияда ғана емес, сол сияқты француз тілі кеңінен қолданылатын басқа елдерде де таралуына қатысты қыруар шаруа атқарылмақ. Дүние жүзінде мұндай мемлекеттер әртүрлі есептеулер бойынша елуден асады. Ал французша сөйлейтіндердің саны 220 миллионның маңайында. Осындай орасан үлкен аудиторияға қасиетті қара сөзіміз бен жыр жауһарларын жеткізумен айналысуға келіскен «Престиж коммуникацион» агенттігінің бас директоры Лоран Тайб елді мәдени мұралар арқылы әлемге танытуды көздейтін «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызына айрықша тоқталды.
Жоғарыдағы ұйымдармен арадағы меморандумға Қазақстан жағынан қол қойған Президент жанындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева серіктестіктер назарын алдағы уақытта жарық көретін антологиялардың аудармасы мен эстетикалық сапасы жоғары болуын қамтамасыз ету қажеттігіне аударды.
Франциядағы Қазақстан елшілігінде өткен келіссөздер мен қол қою рәсіміне, сондай-ақ Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жан Ғалиев пен «Ұлттық аударма бюросының» директоры Рауан Кенжеханұлы қатысты.
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»