Ел болашағы үшін маңызды әлеуметтік жаңғыруға бағытталған «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту», «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту», «Шағын несие беруді көбейту» және «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» сынды басымдықтар еліміздің әлеуметтік жаңғыруына жаңа серпін береді.
Елбасы, әсіресе еліміздегі білім берудің сапасы мен қолжетімділігіне ерекше мән берді. Өйткені заман талабына сай сапалы, жан-жақты білім беру және білім алу – біздің жарқын болашағымыздың кепілі. Білім беру саласындағы қолға алынуы тиіс мүмкіндіктерді саралаған Елбасы еңбек нарығына қажетті мамандар үшін қосымша оқу гранттарын көбейтуді ұсынды. Қазіргі таңда жыл сайын бөлінетін 54 мың оқу грантының қосымша тағы да 20 мың грантқа артуы және оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша қазіргі өнеркәсіптік жаңғыру экономикасындағы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға бөлінетіндігін жастар мен ата-аналар қауымы қуанышпен қабылдауда. Бұл қолдау нәтижесінде отандық ғылым дамып, өндіріс өркендейді әрі Қазақстанның әлемге жаңа брендпен танылуына мүмкіндік туады. Бұл – жастар үшін, студенттер үшін мемлекет тарапынан жасалған кең қолдау, зор қамқорлық, еліміздің ертеңіне салынған инвестиция.
Сондай-ақ әлемдік стандарттарға сәйкес білім жүйесін құрумен қатар, студенттердің оқу және тұрмыстық жағдайына мемлекет тарапынан көп көңіл аудару қажеттігін атап өтті. Елбасының 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 25 мың орындық жаңа жатақхана салу тапсырмасы еліміздегі барлық студенттердің жатақханамен қамтылуына мүмкіндік бермек.
Білім гранттарының көбеюі оқуға ынталы жастардың көңілін бір демдесе, студенттердің жатақханамен қамтылуға қатысты мәселесінің шешімін табуы да олар үшін ерекше жаңалық болды.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысындағы жалғыз мемлекеттік жоғары оқу орны Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг универсиеті. Университеттің күндізгі бөлімінде 2,5 мыңнан аса студент білім алуда. Оқу орнына қарасты студенттерге арналған 500 орындық және 450 орындық екі жатақхана, оқытушыларға арналған бір жатақхана бар. Студенттер үшін жатақханада барлық жағдай жасалған. Әрбір бөлменің жуынатын орны, электр пеші бар. Сондай-ақ студенттер кір жуатын, киім үтіктейтін бөлмелерді, акт залын, оқу залы бар кітапхананы және Wi-Fi желісін қолдана алады. Университеттің стратегиялық даму жоспарына сай, 2019-2021 жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 500 орындық студенттер жатақханасын салу көзделіп отыр. Бұл Елбасы бастамасын жүзеге асырудың көрінісі әрі студенттердің қажеттілігін қамтамасыз ету.
Бірақ КМТжИУ-де жатақхана жағдайы орнықты болғанымен, бұл өңірдегі жастардың жатақханамен толық қамтылуы үшін көрсеткіш бола алмайды. Маңғыстаудағы кәсіптік білім беретін арнаулы оқу орындарының жатақханаға қатысты өзекті мәселелері Елбасы бастамалары негізінде шешіледі деп ойлаймын.
Жастарымыздың жігерін арттырып, қанаттандыратын, болашаққа құштарлықпен ұмтылуына серпін беретін бастаманың бірі – әрбір жас отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру.
Елбасы атап өткендей, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр. Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оның шешімін табудың жолы – тұрғын үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру. Бастамада айтылғандай, жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет.
Мемлекет басшысы баспананың тұрғындарға қолжетімді болуы үшін «7 – 20 – 25» бағдарламасын ұсынды. «7 – 20 – 25» бағдарламасына сәйкес жылдық сыйақысы 7 пайыздан аспайтын, алғашқы жарнасы 20 пайыздан аспайтын, төлеу мерзімі 25 жылға дейін жететін ипотекалық несие беру арқылы қазақстандықтардың біразы баспана мәселесін шеше алады. Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық жоғарыда айтылған шарттар бойынша теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады.
Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30%-ға дейін, кейде тіпті 50%-ын салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20%-дан аспауы тиіс. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 жыл емес, 25 жылға дейін болады.
Бұл бастама жас отбасылардың баспаналы болуына, экономиканың, шағын және орта бизнестің өрістеуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына зор ықпалын тигізеді.
Ш.Есенов атындағы КМТИУ-дің профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» қазақстандықтардың жағдайын әрі қарай жақсартуға бағытталған деп бағалап, құжатқа қызу қолдау білдіруде. Аталмыш үндеу еліміздегі жүргізіліп жатқан барлық реформалардың әлеуметтік бағыттылығын тағы да айқындап берді.
Гүлсара ЖОЛДАСБАЕВА,
Ш.Есенов атындағы КМТИУ проректоры
Маңғыстау облысы