Қазақстан • 17 Шілде, 2018

Елдегі бардың ерінге тигені жақсы немесе қазақ кәсіпкерлерінің қайырымы қандай?

466 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Құдайға шүкір, қазір байлар байыған сайын байып, дүниелерінің есебіне жете алмайтын жағдайға жетті. Бұған қуанбасақ, қызғаныш деген ішмерездік, қолымызды жүрек тұсына қойып айта­йын, бізден табылмайды енді. 

Елдегі бардың ерінге тигені жақсы немесе қазақ кәсіпкерлерінің қайырымы қандай?

«Бермесе де бай жақсы, жемесең де май жақсы». «Елде болса ерінге тиеді» дегенді де місе тұтамыз. Өкініштісі сол, бүгінде ішіне май байланғандар Шығайбай, Қарабайларыңызды жолға тастап кетіп жүр. Ілуде бір болмаса, байшыкештер жарлы-жақыбайға, кедей-кепшікке қол ұшын созыпты дегенді естімейсіз. Естісеңіз де, кез келген адамның дуанаға ұстата салар тиын-тебеніндей бірнәрсені тастай салғанын естисіз. Тіпті айтуға тұрмайды. Сонысына қарамай түймедей тірлігін таудай етіп көрсетуге тырысатындарын қайтерсіз. Бір «жомарттарды» білеміз. Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында жетім балаларға киім-кешек әпергенсиді. Мұндайда ол БАҚ өкілдерін шақыруды да ұмытпайды. Содан соң оны қолыңызға майшам алып таппайсыз. Тырп етпей жатып алады. Жаздай қоң жинап, қыстай бармағын сорып жататын аю сияқты. Мұндайларға не деуге болады?

Бүгінде адамдар арасында ашкөздік деген ауру барынша дендеп барады. Байыған үстіне байысам, толған үстіне толсам деген әлде кедей жалмаңдаған, ашкөздене аласұрған біреулер. Қашан тояды? Қашан ашкөздігін тыяды? Бір Құдайға ғана аян. Қазақ бай-манаптары мен шіренген шенеуніктері жиған-тер­гендерін о дүниеге өздерімен бірге алып кететіндей аш кенеше жабысып ажы­рағысы келмейді. Олар үшін бақыт деген бай­лық қана тәрізді.

Мүмкіндіктері бола тұра байлыққа ұмтылмағандар, қолында барды өзгеге бөліп бергендер қазақта да көп. Мен соның шырқау шыңында қазақ халқының дара да аяулы перзенті Дінмұхамед Қонаев тұр деп санаймын. Талай жыл ел басқарды. Зейнеткерлікке шыққанда мемлекет есебінен берілген төрт бөлмелі пәтерінен басқа дүниесі болмаған. Мәскеудің мысықтілеулі мыстандары індете келіп тергеп-тексергенде бір тиын да артық дүние жимағаны бел­гілі болып, өздері соңында кешірім сұ­рап құтылғанын білеміз. Дінмұхамед ата­мыз академик есебінде мемлекет есе­бінен бөлінетін жалақысын балалар бақ­ша­ларына аударып отырғанын да кезінде кітаптардан оқып білдік. Не деген тазалық! Не деген имандылық! Не деген адалдық!

Қытайдың 38 жастағы ірі кәсіпкері Лю Цзинчонг мультимиллионер еді. Ол бір-ақ күнде бар байлығынан жерініп шыға келді. Сөйтіп бар дүние-мүлкінен бас тартты. Өзі қарапайым лашыққа көшіп барды. Оның мұндай қадамға баруына досымен бірге саяхаттап жүріп жол апатына түсуі себеп болған көрінеді. Бүгінде Лю Цзинчонг қарапайым лашықта тұрып, ғұмыр кешуді асқан бақыт деп санайды. Лю жол апатынан кейін буддистік философияны оқуға біржолата ден қояды. Бұл ғылым материалдық жағдай адамға көп қайғы-қасірет әкеледі деп үйрететіні белгілі. Осының нәтижесінде ол ел қатар­лы қарапайым өмір сүруді қалады.

«Мен барлық дүние-мүлкімді таратып бердім. Оның ішінде 8 автокөлік, жекеменшік үй, қала сыртындағы хан сарайындай ғимараттарым болды. Қазір мен кішкентай лашық сатып алып, сонда тұрып жатырмын. Бұл жерде мен діни мәтіндерді оқимын», дейді ол.

Сюн Шуйхуа деген қытай азаматы өзінің туған ауылында қайырымдылық істерге білек сыбана кірісіп кетіпті. Ол кіндік қаны тамған ауылындағы құлағалы тұрған ескі үйлерді трактормен сүрдіріп тастап, барлық тұрғындарына су жаңа баспана салдырып берген. Жомарттық деп осыны айтар болар! 

Күні кеше телеарналардан Қызылорда қаласында атам заманғы көп қабатты үйді көрсетті. Тұрғындары көшіп кетейін десе, барар жер, басар тауы жоқ. Ал билік­тегілер өз қотырларыңды өздерің қасыңдар деп міз бақпайды. Алматы жақта да осындай оқиға болды. Тіпті бір отбасының мал қорасында тұрып жатқанын көрсетті. Шымкент маңайында алты-жеті баласы бар бір жесір келіншек біреудің құлайын деп тұрған кепесінде өмір сүріп жатқанын да телеарналардан көріп-білдік. Бұл келіншек айтуға ауыз бармайтын жаман кеселмен сырқаттанады екен. Сонысына қарамай, балаларына тамақ тауып беру үшін жанталасып жүр. Көріп отырып көңіл құлазыды. Күресуге дәрмен жоқ. Жалаңаяқ журналиспіз. Қолымыздан келсе, осындай мүміндерге шайла да болса тұрғызып бергің келеді-ақ. Бірақ бүгінде 8 сотық жер алу аспандағы Айды алудан қиын болып тұр. Жүрегінде мейірім оты сөнбеген жан-ау деп әлдекімдерге айтып та көрдік. «Қай жетімді жарылқай беремін» деп қолын бір-ақ сілтеді. Әне, біздің бай-бағыландар өстеді. Жиған дүниелерін көртышқан сияқты індеріне тасиды. Қолдарынан келгендер, есебін тапқандар ақшаларын, басқаларын шетелдерге жөнелтеді. Тіпті шетелдің қай банкінде қанша қаржысы бар екенін «ұмытып» қалатындар да бар. Бұларға не айтарсыз? Қазақты бір құртса осы ашкөздік, қанағатсыздық, тойымсыздық құртады. Ұры-қары жайлаған елдің ертеңі бұлыңғыр. Мұхаммед пайғамбарымыздың «Бір жетімнің басынан сипаған жанға жеті пейіштің есігі ашық» дегенін неге ұмытып кете береміз?

Кешегі жаугершілік замандарда бабаларымыз жетім-жесірін қаңғытқан жоқ. Мұны тарихтан жақсы білеміз. Мына жақтан жау анталап тұрды. Ана жақтан дұшпандар жерімізге сұғына кірді. Міне, осындай аласапыран кезде де бабалар ел бірлігін жадынан шығарған жоқ. Ұрыса жүріп, жұлыса жүріп, соғыса жүріп ел қор­ғады, ешкімді де алалаған жоқ. Ала­лау, бөлектеу, ыдырату, жау жоқ жерден жау табу кейін басталды. Өзінің жеке мүд­десі үшін бауырын да аямайтын қаты­гездер көбейді. Миллиардтарды жұғы­нына жұқ көрмейтін ашқарақтар молайды. Бұлардан қандай жақсылық, мейірімділік күтуге болады? Олар ұлт мүддесі үшін күресе ала ма? Мұндай ашкөзділік меңдеп тұрған қоғамды ізгілік нұрымен суармаса, ертеңіміз қараңғы.

Қазір байығандардың көпшілігі халық қалаулысы атанбаққа талпынады. Неге? Өйткені депутат мандаты оларға үлкен қалқан. Бизнестерін қорғайды, биліктің марапаттарына ие болады, үлкен астаулардан ас ішеді. Осындай бақайесеппен депутаттыққа бір қол жеткізіп алған соң сайлаушыларын тарс ұмытатындарды да көріп жүрміз. Кешегі жастық болып иіліп, көрпе болып жайылып жүрген «игі жақсыны» танымай қаласың. Іс біткен соң «маңғыт, ауызына саңғыт» деп жайына кетеді. Олар жетім-жесірлерге қарайласу былай тұрсын, есігінен сығалатпайды. Бірен-сараны болмаса жетім-жесірге үй әперіпті дегенді ести қоймаймыз. Мұның орнына «ойбай, несін айтасыз, шетелдің пәлен деген әншілерін тойына шақырып, долларды суша шашыпты», «тойында пәленбай доллардың тортын жасатыпты» дегендерді естисіз. Бүгінгінің байлары көкпаршы болып алды шетінен. Көкпар беріп, додаға бірнеше машина тігіп жатады. Аттарың осылай аспандатады. Бұдан қолдары босаса баяғыда өліп, сүйегіне әлдеқашан қына бітіп кеткен «ұлы» бабаларына ас береді. Артынша осы бабасының атына көше беріледі. Есімін ел естімеген батырлар көбейді бүгінде. Оларға кесене, ескерткіш тұрғызып әуре болып жатқан бір жұрт. Япырай, қайда барамыз? Рухани жаңғыру дегеніміз осы ма?

Меніңше, дәл қазіргі жағдайда шектен тыс байып кеткендерді Үкімет ар­найы тізімге алуы керек. Оларды бай­лығының бір бөлігіне жарлы-жақы­байға тұрғын үй салып беруге міндеттеу қажет. Қазір баспанаға қол жеткізе алмай отырған кедейлер көп. Өз елінде, өз жерінде біреудің босағасында жүрген халық екеу болса бірі – қазақ. Біреу болса нағыз соның өзі. Мұндай сорақылықты басқа елдерден табуыңыз қиын. Япырай, қалай ғана ынтымағы жарасқан ел боламыз?

Қазақ байлары ашкөзділіктен арыл­май ел болуымыз күмәнді. Талас­­пай­мыз, қызғанбаймыз, бай бол, ба­қытты бол. Бірақ бай болуға түрлі кедер­гілер қолбайлау болған қандасыңа көмек беруді де ұмытпасаңшы. Адамның мейірімі жүрегінде. Жүрегіңе үңіл. Ақыретіңді ойда. Ертең ана дүниеге байлығыңды арқалап кете алмайсың. Рас, ұрпағыңа қалар. Бірақ атам қазақ «әкенің малы ұлына мал болмайды» деп текке айтпаған. 

Шығыс шынарларының бірі Руда­­кидің мына рубайы ашкөз алар­ман­дарға арналған сияқтанады маған.

Жаһанды жарқыратқан алаулары,

Қаншама жасампаз да кірді көрге, 

Қалды артта гүл жамылған алаң­дары.

Қолында бәрі болған бектерің де,

Жамылып тек кебінге кетпеді ме?

Сондықтан Ізгілікті іске ұмтыл, 

Байлыққа жеткенін не, жетпедің не?!

Иә, ізгілікті іске ұмтылмай, адас­қа­ны­мыз адасқан. Қанша жерден бай-ба­ғылан болғаныңмен, жүрегіңде ізгілік сәулесі болмаса, түптің түбінде табар «табысың» – Тозақ!

Алаш ардақтыларының бірі Мір­жақып Дулатұлы «Адамның алдымен адам сипаты болуы шарт. Өзінен бас­қаның тілегін тілей алмаған, арын, иманын жеке басының пайдасы үшін қысқа күнде қырық сататын соғылғандардан қаны тамып тұрған ұлтшыл артық», деген екен. Иә, ел тілегін тілей алмайтындардан арылуымыз керек. Тағы да Міржақыпқа жүгінелік: «Қай істің болса да негізі түзелмей өзі өркендемек емес, көш­тің беті түзелмей болжаулы жер­ге жет­пек емес». Еліміздің болжау­лы жері, Құдайға шүкір, шырқау шың­да. Ендеше, көштің бетін түзейік. Аш­көз­діліктен, ашқарақтықтан, тойым­сыз­дықтан арылайық. Осы ретте сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің «өзі то­йып, көршісі аш отырған жан мұсылман емес, оның ақыретте барар жері – тозақ» дегені естен шықпағаны абзал.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі