Қазақстан • 17 Шілде, 2018

Қолдауға лайық бағдарлама

472 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ауыл мектептерінен 30 оқушы IQanat бағдарламасы бойынша халықаралық ЖОО-ға білім гранттарын ұтып алды.

Қолдауға лайық бағдарлама

Бағдарламаның мақсаты – аймақтардағы мектеп оқушыла­рын қолдау мен ұлттық және шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуға ынталандыру. IQanat тұңғыш рет осындай ірі деңгейде өткізілуде. Олим­пиаданың іріктеу кезеңі жыл бойы жүзеге асырылды. 9, 10-сынып оқушыларының ішінде ең үздік деп танылғандары елор­да­дағы олимпиаданың ақ­тық мәресіне жолдама алған. Грант иегерлерінің Кипр, Литва, Қы­тай, Ресей, Қазақстандағы 10 жоға­ры оқу орнында білім алуға мүм­кіндіктері бар. 

Олимпиадаға Шығыс Қазақ­стан облысының 6 ауданынан мектеп оқушылары қатысты. Сайыс 5 түрлі бағытта өтті: математика, физика, ағылшын тілі, «Эрудит» эссе жазу конкурсы, жеңіл атлетика. Бақ сынаған 1500 үміткердің ішінен суырылып шыққан 177 оқушы Астанаға келді.

Бағдарламаның бастамашысы Айдын Рахимбаев:

«Бұл бағдарламаға қазақ­стандық бизнесмендер қол­дау­ көрсетеді. Бұл жерге ең мық­­­ты, ең қабілетті балалар­ жи­­налды. Біз Білім және ғы­лым министрлігімен және «Бо­лашақ» бағдарламасымен ке­лісім жасадық. Оқушылар сертификаттар мен дипломдарға қол жеткізген соң, мектепті тә­мам­дағанша екі жыл арнайы бағдарлама аясында дайын­дықтан өтетін болады», деп атап өтті.

Бірінші орын иеленген оқу­шылар гранттан бөлек, өзі бі­лім алып жатқан мектепті жаб­дықтауға 2 млн теңге ұтып ал­ды. IQanat бағдарламасының ұйым­дастырушылары бұл қаржыға Fab Lab құрылғысын орнатпақ. Бұл – робот-техника бойынша құ­рыл­ғылар мен 3D-принтерлер.

Финалистер елордада уақыт­тарын тиімді өткізді. Жаңа дос­тар тауып, елорданың көрікті жерлерін, мұражайларын тамашалады, табысты адамдардың тренингтеріне қатысты. Зайсан ауданынан келген Қаламқас Сейтпакова Астананы ерекше ұнатқанын айтты.

«Астанада болған 5 күнде кере­мет әсерге бөлендім. Бар­лық ұйымдастырушыға зор ал­ғысымды білдіремін. Олим­пиа­даға келген жолымның өзі қы­зық пен қиыншылыққа толы болды. Олимпиада басталмас­тан біраз уақыт бұрын жол апатына ұшырадым. Балдақпен жүр­сем де сайысқа міндетті түр­де қатысамын деп бекіндім. Өз­гелерге қарағанда маған қиы­нырақ болса да қазір өзімді нағыз жеңімпаз сезінемін. Олимпиадаға ағылшын тілі пәнінен қатысып, шетелдік университетке грант және мектепті жабдықтауға 3 млн теңге ұтып алдым», дейді ол.

Биылғы жылы ақтық бәсе­кеге тек Шығыс Қазақстан облы­сының аудандарынан оқушылар қатысса, келесі жылдан бастап Қостанай, Ақмола, Ақтөбе, Түр­кіс­тан облыстарының оқу­шылары да қатысады деп жос­парлануда. Ұйымдастырушылар өзге де меценаттар мен оқу орындарын IQanat бағдарламасын қол­дауға шақырады. Бүгінгі таңда оны Дәурен Жақсыбек, Айдын Рахымбаев, Бауыржан Иса­баев, Арманжан Байтасов, Исламбек Салжанов, Серік Төл­басов, Рүстем Итемиров, Сер­жан Жұмашов есімді азаматтар қолдады.

Самал МҰРАТ