Өнер • 17 Шілде, 2018

Жаһанды жалт қаратқан «Жезкиік»

529 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жуырда Жезқазған-Ұлы­тау өңірін ән-күйге бөлеп I халық­аралық «Жезкиік» музыкалық фестивалі өтті. Қарағанды облысы ғана емес, қазақ үшін маңызы зор шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бастау алды. Сайын дала Сарыарқа сұлу­лығының символы – Жезкиіктің ол өнер жәрмеңкесіне атау бо­луы­ның да өзіндік маңызы зор.­ Кеше Кетбұғадай билер кеңес құрып, «Ақсақ құландай» ұлы музыкалар дүниеге келген ұлт бесігі Ұлытауда мұндай іс-ша­раның ұйымдастырылуы тарихтан тағылымды сыр шертіп жатты.

Жаһанды жалт қаратқан «Жезкиік»

Үш күнге созылған айтулы му­зыкалық оқиға «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы және «Туған жер» арнайы бағдарламасын іске асыру аясында өткізілді. Сондай-ақ фестивальдің Қазақстанның материалдық емес мәдени мұра­сын сақтау, қазақ фольклорын дамыту және классикалық музыканы насихаттау, туристік кластерді дамыту, халық мәде­ниетін жан-жақты танымал ету мақсатында жүзеге асырылып отырғандығын да айта кеткеніміз жөн.

Ашықаспан аясында шымыл­дығын түрген фестивальдің бірінші күні, яғни 12 шілдеде туроператорлар форумы ұйым­дас­тырылды. Ол Ұлытау ауы­лы­ның маңында орналасқан Этноауыл аумағында өтті. Оған туристік бизнес, қауым­дастықтар, мемлекеттік органдар, «Kazakh Tourizm» ұлттық компаниясы, қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты. Ақпараттық турға Ре­сей, Қытай, Өзбекстан және Қыр­­ғызстан елдерінің шетел­дік әріп­тестерімен серіктес Астана, Алматы қалалары, Ақмола, Жам­был және Қарағанды облыстарынан 60-қа жуық туристік операторлар мен туризм қауымдастықтары қа­тыс­ты. Ақпараттық турдың бағ­дар­ламасы тарихи-мәдени, киелі және туристік нысандарға баруды көздейді. Сонымен қатар фестивальдің беташар шарасы­ ретінде мәртебелі меймандар БАҚ өкілдерімен жүздесіп, баспа­сөз мәслихатын өткізді. 

Ал, 14 шілде күні «Жез­киік» шеңберінде Ұлы­тау ауда­нының Болатсай мекенін­де фольклорлық музыка фес­ти­­­валі өтті. Фестивальға Мекси­ка, Перу, Польша, Ресей, Түр­кия, Тәжікстан, Франция, Шот­л­ан­дия, Жапония және Қазақ­станнан жиналған 11 кәсіби ұжым қатысты. Тура сол кү­ні­ Жезқазғанда Кеңгір су қой­ма­сы жағалауының бойы­мен этномузыка фестивалі қа­ты­сушыларының шеруі, қаты­су­шылар гала-концерті мен марапат­тау рәсімі, солистердің қызыл кілем үстімен өткен дефилесі бол­­ды. Сонан соң отандық және шетел­дік әртістердің қатысуымен клас­сикалық музыка концерті өтті. Он­да 10 елден (Қазақстан, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Аус­трия, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Молдова, Италия) келген 17 солист өнер көрсетті.

Үш құрлықтың өкілдерін жина­ған фестивальда зиялы қауым өкіл­­де­рі мен ел аға­лары сөз ал­ды. «Жез­киік» фес­тивалінің қатысу­шы­ларын құт­тықтау үшін Мәде­ниет және спорт министрі Арыс­танбек Мұ­хамедиұлы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Қарағанды облысының әкімі Ер­лан Қошанов, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Алтын­баев, Халық қа­һар­маны Тоқтар Әубәкіров, Қазақ­станның халық әртістері Бибігүл Төлегенова мен Нұржамал Үсен­баева және тағы да басқа танымал тұлғалар кел­ді.

Бірінші болып сөз алған Мә­де­ниет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы Мем­­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді.

«Құрметті, ханымдар­ мен мыр­­­­за­­лар! Сіздерді «Жез­киік»­­ І халық­аралық музыка­ фес­ти­валі­нің ашылуымен құттық­таймын. Мем­лекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан аталмыш шара еліміздің мәдени өміріндегі ең маңызды оқиға болып қала­тынына сенімдімін. Сондай-ақ бұл фестиваль қазақ ұлттық өне­­рін күллі әлемде насихаттауға сеп­тігін тигізеді деп сенемін», де­лінген хатта.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов та ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа өнерді құр­мет­теп, фестивальға қол­дау көрсеткені үшін алғыс білдіре­тіндігін жеткізе келе, жүздеген жылдар бұрын осы қасиетті жерде Жошы хан әс­кері аттарының дабысы, Кетбұға дом­бырасының әуені естілгендігін тіл­ге тиек етті. «Ал бүгін біз бұл жер­ден­ әлем­нің түрлі елдерінен кел­ген фоль­клорлық ұжымдар му­зыка­сын естіп отырмыз. Бүгін ға­сырлар бойы қазақтың ұлттық әуендерін естіген қасиетті Ұлы­тау жерінде түр­лі ел тарихынан сыр шертетін этномузыка ойналуда. Және де қасиетті жезкиік – дала киігі туралы аңыз. Бұл жерде бұрын Үш жүздің билері жиналған, ал бүгін Ұлытауға үш құрлықтың өкілдері жиналып отыр», деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар халықаралық фестивальға қатысушыларды «Нұр Отан» партиясы Төрағасы­ның бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев құттықтады.

– Бұл фестиваль «Рухани жаң­ғыру» мемлекеттік бағдарла­масы ая­сында өтіп жатыр. Оның басты мақсаты – еліміздің мәдени және рухани құндылықтарын қайта жаңғырту, дамыту және насихаттау. Сондықтан осындай­ шаралар ұйымдастырылуда. Біз «Жезкиік» халықаралық фес­ти­валі өзге ұлт өкілдерін қа­зақ ұлтының мәдениеті және өне­рімен таныстырады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Фестиваль аясында Жезкиік феномені жайлы да қадау-қа­дау ойлар айтылды. «Ежелгі ғасыр­лардан бері қазақ даласында ерек­ше жануар – киік мекен етеді. Қа­зақтар оны бөкен деп те атайды. Бұрынғы аңыздарға сай оның қорғаушысы – Жезкиік. Бұл ерекше киік, оның жүні қызғылт түсті және күнге шағылысқанда жылтырайды, оның бүйірлері қанат іспетті. Жезкиік киіктер үйірін қорғайды, оларды аштықтан, жануарлар мен аңшылардан қор­ғаған. Жезкиік Ұлы Дала адам­дарын да қорғаштаған», деді Ұлы­тау ауданының әкімі Ә.Омар.

Қасиетті Ұлытау жерінің ру­хын сезіну үшін фестивальға қатысушылар Жошы хан мен Алаша хан мазарларын, тарихи және мәдени ескерткіштерді ара­лап, «Хан ордасы» тарихи кешенінде болды. Фестиваль соңында Қарағанды облысының түр­лі хореографиялық ұжымда­рының бишілері «Қара жорға» биін орындады. Музыкалық кеш «Ұлытау» тобының концертімен аяқталды.

Ал «Жезкиік» І халықаралық музыка фестивалінің үшінші, қоры­тын­ды күнінде классикалық музыка кеші өтті. 

Көрермендер алдында бірін­ші болып КСРО халық әрті­сі Би­бігүл Төлегенова өнер көр­сет­­ті. Қазақ классикалық музы­касының бұлбұлы Үкілі Ыбы­райдың «Гәкку» әнін орындап берді. 

– Соңғы кездері мен сапар­лар­ға көп шыға қоймаймын, алай­да со­ған қарамастан, мен осын­­да келмей, сіздермен осы тамаша күнді бөліспей жата алмадым, – дейді Бибігүл Төлегенова. 

Сондай-ақ фестиваль кө­рер­­­­­мен­­дері Қазақстан және Татар­стан халық әртісі Нұржамал Үсен­баеваны қарсы алды. 

– Біз барлықтарыңызды «Жез­киік» музыка фестивалімен құт­тықтаймыз. Бұл өте тамаша­ шара, кешегі Этноауылда өт­кен гала-концерт ерекше бол­ды. Ал бүгінгі концерт біз­ді тың­дармандарымызбен жақындас­тырады. Опера мен классикалық музыканы сүйетін қауым барлық жерде бар, – деді Нұржамал Үсен­баева. 

Көрермендер үшін Жезқаз­ған қаласында фестивальға арнайы салынған амфитеатрда дүние жүзінің 10 мемлекетінен (Қазақстан, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Аустрия, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Мол­дова, Италия) 17 солист өнер көр­сетті. Бибігүл Төлегенова (Алматы, Қазақстан), Шенол и Гюльчохра Талынлы (Түркия), Нұржамал Үсенбаева (Астана, Қазақстан), Владимир Мороз (Ресей), Ильхам Назаров (Әзербайжан), Амантай Ыбыраев (Қарағанды, Қазақстан), Талғат Мұсабаев (Астана, Қазақстан), Оксана Давыденко (Алматы, Қазақстан), Талғат Ыдырысов (Қарағанды, Қазақстан), Жан Тапин (Астана, Қазақстан), Анна Риан (Аустрия), Асмик Леолян (Армения), Ельнура Жанабергенова (Қырғызстан), Жеңісбек Пиязов (Өзбекстан), Игорь Подгориану (Молдова), Марко Боэни (Италия). 

Классикалық музыка кешінде «Бір­жан-Сара» операсы, «Абай» операсынан ария, Латиф Хами­дидің «Қазақ вальсі» секілді қазақ классикалық музыкасымен қатар, дүние жүзіне әйгілі Джузеппе Верди, Жорж Бизе, Джакомо Пуччини, Джеймс Ласт, Иоганн Штраустың және тағы да көптеген композиторлардың туындыла­ры орындалды. Қарағанды ака­­­де­миялық музыкалық комедия теа­трының директоры Аман­тай Ыбыраев атап өткендей, «Жез­киік» фестиваліне жергілікті театр­­­­дың ең үздік өкілдері – ал­дың­ғы қатарлы солистері, еңбек сіңір­ген қайраткерлері, xалық­ара­лық байқаулардың лау­реат­тары қатысқан. Ол атал­мыш фес­ти­вальға қатысу көпке дейін есте қалып, алдағы уақыт­та шы­ғар­машылық тұрғыда жеті­луге түрткі болатындығын жет­кізді. 

Классикалық музыка кешінің солистері осындай орасан зор шараның ұйымдастырылуына қатысты ризашылықтарын біл­дір­ді. Көбі осындай мереке ұйым­дастырылғаны үшін сезімге то­лы жүрекжарды алғыстарын ай­тып жатты. 

«Бірінші кезекте сіздерді осын­­­дай тамаша фестивальмен құт­тықтаймын. Мен Жезқазғанға ал­ғаш рет келіп отырмын, бірақ Қа­­зақстанда, Астанада осыған дейін болғанмын. Мен осы клас­си­калық музыка фестиваліне қатысып отырғаныма өте қуа­ныш­­­тымын. Қазақстанда менің дос­тарым көп. Жезқазған тұрғын­дарын осы тамаша және әсем мерекемен құттықтаймын!», дейді молдовалық Игорь Подгоряну.

Ал Санкт-Петербургтегі Мария театрынан келген Влади­мир Феля­уэр болса, Кеңес өкіме­тінен кейінгі аумақта жылдар бойы иық тіресе өнер көрсетіп, таныс болған осыншама достарын жиі кездестіре бер­мегендігін айтады. «Олардың бар­лығымен осында бас қосып отырғанымызға қуаныштымын», дейді ол.

Жезқазған қаласының тұрғын­дары да фольклорлық музыкадан алған ерекше әсерлерін жасыра алмады. Бізге, Жезқазған мен Ұлы­тауға алғаш рет 11 елдің әртіс­тері келіп отыр, бұл бір үлкен жетістік. Енді көптеген елдер мен адамдар Ұлытау мен Жезқазған туралы білетін болады,  дейді көбі.

«Жезкиік» І халықаралық музыка фестивалі атаулы солистердің өнер көрсетуімен түйінделіп, жар­қын отшашумен мәресіне жетті.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»