Қазақстан • 17 Шілде, 2018

Үбі батыр қайда жерленген?

1022 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы көптеген ақтаңдақтардың ақиқаты ашылуына мұрындық болып отыр.

Үбі батыр қайда жерленген?

Ұлттық сананың сілкініп, рухани байлығымызды түгендеп, өткенімізге сапар шегіп, болашағымызды бағдарлайтын бұл бағдарламаның өзегі – ұлттық код деп білемін. Ұлттық кодтың өзегі – батырлардың өшпес ерліктері, асқақ рухты сом тұлғасын ұрпаққа үлгі ете отырып, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Бүгінде есімі елге мәлім батырларымыздан басқа, аты мүл­дем аталмай кеткен, жерленген орнына дейін беймәлім тұлғалар да жетерлік.Баһадүр батыр, аңыз тұлға, қаһарман қолбасшы  Бауыр­жан Момышұлының «Батырлық – тәуе­кел мен адалдық есебінен шығуға тиіс. Тәуекел кейде ақылды да ақтап алады. Ал ақылсыз тәуекел ешкімді де ақтай алмайды», – деген нақыл сөзі бар. Тәуекел етіп, еліне адал­дық танытқан батырларымыздың бірі – XIX ғасырдың 30-жылдарында Исатай-Ма­хам­бет бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің бел­сенді қатысушыларының бірі – Үбі Үсеұлы (өл­кетанушы Өтепберген Әлімгереевтің зерт­теуіне сүйенсек, батырдың тегін «Үсеұлы» деп те атаған).

Үбі батыр туралы ел аузында аңыздар легі көп. 1838 жылы 12 шілдеде Ақбұлақ қырғынында Исатай Тайманұлының шейіт болғанын баршамыз білеміз. Сол мезетте сенімді серіктері Махамбет, Қожахметпен қатар Үбі де болған. Көтеріліске бастан-аяқ қатысып, «Ақбұлақ» қырғынында батырдың атына оқ тиіп, жаяу қалады. «Исекелеп» боздап жылаған Үбіні Исатай Тайманұлы қырғын аумағынан қуып жібереді.Тарих беттерінде жазылып қалған «Ақбұлақ» қырғынына биыл 180 жыл толып отыр. Қырғында Исатай батырдың 16 жастағы ұлы Оспан қатты жараланып, Махамбеттің тізесіне басын сүйеп, жан тапсырған сәтте Исатайдың жанына апарып жерлегендердің бірі – Үбі батыр еді.

Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты Әнес Сарай өз еңбектерінде «Үбі батыр – көтерілістің қара батыры», деп суреттейді. Ал ақын Ығылман Шөреков (1876-1932) «Исатай-Махамбет» дастанында:

«Тізесін батыр бүгеді,

Саржасын жауға тігеді.

Қасында жүрген жолдасы,

Қожахмет пенен Үбі еді», 

– дейді. Бұл жо­ғарыда аталған сөзімді дәлелдей түседі.

Бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған мәселе­лердің бірі – Үбі батырдың жерленген орнын анық­тау.Үбі батыр 1800 жылдардың шамасында дүниеге келген. Тоқсан жасқа жуық ғұ­мыр кешсе, 1890 жылдардың шамасында дүние­ден озған.

Жерленген орны туралы көптеген тұ­жы­рым­дар кездеседі. Біріншісі: Батыс Қазақ­стандағы Қаратөбе бойы, Саралжын жағы, екін­шісі: Дендер тау. Ханкөл, Сардаркөл, Ұмтыл, Қоскөл, Егіндікөл сынды жерлерде жер­ленуі мүмкін деген де деректер кездеседі.Өр рухты батыр  Үбі Үсеұлының жерленген орны табылса, бұл біздің ата-баба алдындағы борыш­тың ақталуының бір белгісі болар еді.

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ

Атырау