Қазақстан • 17 Шілде, 2018

Тоқаш тұлғасы қашан еленеді?..

897 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әттең, тонның келтесі-ай!..

Ән­шейінде асылдарын ар­дақтап, арыстарын жоқтауға келгенде ешкімді алдына түсір­мейтін бұл қазақтың кейде ке­жегесі кейін тартып, керенаулана қалатынына қарның ашады. Әйтпесе, көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналған, тұтас бір дәуір ақындарының көшбасшысы болған көрнекті ақын Тоқаш Бердияров елеусіз қалар тұлға ма еді?! Бұл да бір қапы дүние...

Тоқаш тұлғасы қашан еленеді?..

Қазақ поэзиясына тың жа­ңа­лықтар алып келіп, маз­мұн, форма жағынан қайта тү­летіп жаңғыртқан, сөйтіп әде­биетіміздің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосқан кезінде әртүрлі себептермен өзіне лайық бағасын ала алмады. Кейін қайтыс болған соң да, керек десеңіз, күні бүгінге дейін оған жасаған ісіне тұрарлық жөнді құрмет көрсетілген жоқ. Сөздің шындығына көшсек, ақын Тоқаш Бердияровтың есімі қазақ поэзиясының ақтаңгерлері Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Өтежан Нұрғалиев секілді ақындармен қатар тұруы тиіс еді. Тіпті ол осы аты аталғаны бар, аталмағаны бар, өткен ғасырдың 1950-1970 жылдар кезеңіндегі барлық қазақ ақындарының ту ұстаушы ұстазы сияқты болатын.

Шығармашылыққа шын бе­рілген мәшһүр қаламгерлердің қай-қайсысы да күтпеген жерден басталып, күтпеген жерден аяқталатын «қызық» мінездің иесі болғаны бүгінде ешкімге құпия емес. Олар бір қарасаң – дана, енді бір қарасаң – бала сияқты. Таланттарына қарай табиғаттары да түрлі-түрлі бір қызық. 

Биыл өмірден өткеніне отыз жыл болатын, көзінің тірі­сінде-ақ «Тентек Тоқаш» атанып, өлең өлкесінде өзіндік ол­жа салған қазақ әдебиетінің клас­сигі Тоқаш Бердияров туралы да осы пікірлерді айтуға әб­ден болар еді. Сонау қазан ер­неуінен қарауыл қаратқан қиын заманда дүниеге келіп, қыңыр тағдырдың тауқыметін бір кісі­дей тартқан, бар мен жоқтың, әділ­дік пен әділетсіздіктің, жақ­­сылық пен сатқындықтың қа­дірін жұдырықтай кезінен бастап жүрек сүзгісінен өткізіп ақындыққа келген ол әр туын­дысын өмірдің өзінен ойып ал­ды. Өз басынан кешкендерді ғана өлеңге айналдырды, соны қа­ғазға түсірді. Жазғандарына артық бояу қосып, жасанды суреттер мен образдарға бой ал­дырған жоқ. Сондықтан болар, Бердияров қаламынан туған «Шалқы, теңіз», «Бейбітшілік көшесі», «Оқ пен гүл», «Боз­тор­ғай», «Ескі паровоз», «Сөн­бейтін оттар», «Күндер, күндер, күн­дерім», «Шынар» секілді өлең-поэмалары мен «Жастық кешуі», «Солдат сыры», «Фари­да» секілді повесть-әңгімелері әр оқыр­манның жүре­гінде алтын сиямен жазылған қолтаңба бо­лып қалды.

Қалай дегенде, Тоқаш – тағ­­дыры тәтті ақындардың қата­рына жатпайды. Тоқаш өмірі – өкісігі көп өкінішті өмір. Ол бала кезінен-ақ мынау жалған дүниенің кермек дәмін көп татты. Тағдырдың жазуымен Таш­кенттегі балалар үйіне түсіп, сонда тәрбиеленді. Он жетіге толар-толмаста соғысқа аттанды, толарсақтан қан кешті. Жеңісті фашизмнің ұясы Рейхстаг түбінде қарсы алған жауынгерді бірден елге қайтаруға үкімет асықпады, Балтық әскери-теңіз флотында қызметін жалғас­тыруға қалдырды. Сөйтіп ол сүң­гуір қайықта әскери борышын өтеуге мәжбүр болды. Осы­лайша талай тауқыметті бастан кешірген теңізші алып-ұшып 1949 жылы елге оралғанда оны алдынан құрақ ұшып ешкімнің де қарсы алмағаны анық. Алматыда кім көрінгеннің босағасын жағалап, күн көрісі аса келіспеді. Тіпті соғыстан қайтқан солдатта жататын жер де болмады. Алматының скверлері мен вокзалдарында қонып күн кешті. Ақынның:

Паспортымда аты жоқ,

Проспект, көшеңнің.

О, Алматы, сонда да

Үйімдейсің шешемнің, –

деп өлең жазатыны осы кез. Ол алдымен суретші болуды армандап, Алматы көркемсурет училищесіне оқуға түсті. Бірақ, оны аяқтамай тастап кетті. Өйт­­кені ол біржола ақындық жол­­ға бет бұрған еді. Алайда тағдыр тауқыметі оны бұл жақта да өкшелегенін қоймады. Ә дегеннен-ақ алғашқы кітабы сын садағына ілікті. Талайды көрген Тоқаң оған мойымайды. Титтей кезінен-ақ жылағанды жұбатуға, панасызға қамқор болуға, әді­лет­сіздіктен таяқ жегендерді арашалауға жаратылған ақын ақыры айтатынын айтып тынды. Сол үшін біреулерге жақпаған кезі көп болды. Өзгеге болысам деп жүріп, өзі де қиянаттың қамытын көп киді. Мұның бәрі жоғарыда біз көрсеткен еңбектерінде жақсы көрініс тап­қан. Кейін жалақорлардың жаласынан Жазушылар одағынан шығарылды. Шамасы, ақын жо­лының мұншама ауыр болуына, сірә, оның бір қалыпқа сыймайтын әнтек мінезі кінәлі болса керек. Осынау келеңсіз оқиға оның әдебиеттегі бөлек орнына теріс әсерін тигізсе керек, дейді әде­биет зерттеушілері. Мүмкін. Дегенмен, бәлеқорлардың бұл әрекеті де Тоқаңды сындыра алған жоқ. Одан кейін де ақын көптеген туын­дыларын өмірге әкелді.

Кезінде оны барлық үлкен-кіші «Көке!» деді, біздің жол бастаушымыз, ту ұстаушымыз, ұс­тазымыз деп қадір тұтты. Көз көргендердің айтуынша, ол адам баласына жамандық ойла­маған, қолынан келсе көмек қо­лын созуға, жақсылық жасауға ұм­тылып тұратын жан еді, дейді. Мысалы, оның жеке қаражатына туған ауылы Ұшқынға (Сарыағаш өңірі) асфальт жол төсеттіріп бергенін естен шығаруға бола ма? Жарықтық, өзінің жа­рық көрген бір кітабының қа­ла­мақысын түгел сол жолды салуға жұмсапты... Міне, Тоқаң осындай мәрт болатын, шын ақын еді! Тоқаң бойындағы осы мәрттік қасиет бүгінгі кейбір байшікештерде жетпей жатқаны өкінішті.

Бір қарағанда мінезі қыңыр­лау көрінгенмен, ол соңғы демі біткенше әділеттің туын көтеріп ғұмыр кешті. Өз әріптестерінің де, соңынан ілескен шәкірттерінің де сондай болуын, елдің қамын жейтін ер, ұлттың намысын қайрайтын ақын болуын көкседі. Ол өзі ғұмыр кешкен заманға және оның билеушілеріне аса риза болған жоқ. Оларды «интервенттер» деп жақтырмады. Сол үшін де әлдебіреулер ақынды күстаналаған шығар, кім білсін?!.

Шүкіршілік, соңғы кезде қа­зақ руханиятына ерекше еңбек сіңірген қалам қайраткерлерінің есімін мәңгі есте қалдыру мақ­сатында елімізде көптеген игі шаралар қолға алынып жатыр. Мысалы, Қарағандыдан Қасым Аманжоловқа, Оралдан Қадыр Мырзалиевке, Атыраудан Жұмекен Нәжімеденовке, Алма­тыдан Тұманбай Молдағалиевке, Ақтөбеден Өтежан Нұрғалиевке арналған еңселі ескерткіштер бой көтерді. Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың қоладан құйылған ескерткіші оңтүстік астанамызда Желтоқсан мен Мақатаев көшелерінің қиылы­сында менмұндалап тұрғанына он жылдан асты. Ендеше, көп­теген тегеурінді таланттарды тәрбиелеген ұстаз-ақын Тоқаш Бердияровқа мұндай құрметтің бұйырмауы қалай? Ақынның өзі өмір бойы алақанына салып, өлеңдерінде тербетіп өт­кен оңтүстік өңірі неге үнсіз? Әлде, шымкенттіктерге ақын ке­рек емес пе? Тым болмаса, Алматы қаласындағы ақын тұр­ған үйге (Т.Жароков көшесі, 199-үй, 20-пәтер) мемориалдық тақтаның орнатылмауы өздерін Тоқаңның ізбасары санап жүрген көпшілікке артылған үлкен сын. 

Бар ғұмырын өлеңге арнап, қазақ әдебиетіне қомақты үлес қосқан, шын мәнінде өзі де халық ақынына айналып үлгерген ақынның әзіз есімін өз тұғырына қондыратын уақыт жеткені анық. Олай болса, жіберген келең­сіздіктің орнын толтырып, ұлт үшін ерен еңбек сіңірген дарабоз ақын Тоқаш Бердияровтың есімін ескергеніміз жөн-ау!..

Болат ШАРАХЫМБАЙ

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51