– Қаныш Сәтбаев туралы жұртшылыққа жақсы мәлім еңбегіңіз үш тілде жарық көрген екен. Қайырлы болсын, аға! Сол кітапты біз қашан көреміз?
– Міне, кітаптың сүйінші данасы. Әрі дегенде бір аптада түрлі-түсті тыспен көркемделген, 960 бет кітаптың 2000 данасы Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына әкелінеді. Одан әрі кітапханаларға таратылады. Тапсырыстан тысқары шығарылған 500 кітапты «Фолиант» баспасы дүкендер арқылы сатады. Оған менің қатысым жоқ, келісім солай.
– Ерекше әспеттелген әдемі де мол пішінді дүние! Осы туындыны қашан дайындадыңыз, мұны жарыққа шығарушы кімдер?
– Шынтуайтын айтқанда, осы басылым – қаперімде болмаған іс. Өйткені 1980 жылдан беріде «Сәтбаев» ғұмырнамасын, «Қуғындалған «Сәтбаев» немесе «Через тернии, воспоминания-эссе о путях-дорогах к Сатпаеву» деген атаулармен эсселер толғап, негізгі хикаяттың орысшасын 8 мәрте (екі рет Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасының ЖЗЛ топтамасында, өзгесін Қазақстан баспаларында), ал қазақша нұсқаларын 9 мәрте шығарып, солардың жалпы таралымы 328 мың дана болған-ды. Сол кітаптар дүкен сөрелерінде сұраусыз қалған жоқ. Рас, әрбір басылымын екшеп те, толықтырып та ұсындым, соған енді ізденіспен өткізген 14 жылды қосыңыз. Қысқасы, бәрі де жарты ғасырға созылған ауыр еңбектің нәтижесі. Иә, айтпақшы, әл-Фараби атындағы ҚазМУ ұжымының сұрауымен «Сәтбаев ұлағаты» – «Уроки Сәтбаева» деген атаумен екі тілде бірдей дайындалып, тұсаукесері ЭКСПО-17 көрмесінің үлкен залында өтіп, сол кітап үшін баспа ұжымы көрме бәйгесін иеленіп, ең ғажабы, оның Астанаға апарылған даналары небәрі екі сағатта сатылып, көңілімді ерекше сүйсіндірген еді. Сол күні мен баспа қызметкерлерімен кездесіп, рахмет айтып, ақырында: «Болды, бұл тақырыпты осымен тоқтаттым» дегенмін...
– Алайда, Медеу аға, арада бір жыл да өткен жоқ, міне, мына кітап жарыққа шықты. Енді осының себебіне тоқталып өтсеңіз.
– Әлбетте, дарқан өмірде себепсіз ештеңе болмайды. Дәлелге тағы бір оқыс жайтты айтайын: «Сәтбаев» ғұмырнамасының қазақша нұсқасын бұрнағы жылы Мәдениет және спорт министрлігінің қаржысымен жарық көрген 8 томдық шығармалар жинағыма енгізгенмін. Сол кітаптарға «Сәтбаев ұлағатының» бірнешеуін қосып, Алматы мен Астанадағы геолог достарыма сыйлағанмын; сенесіз бе, сол үшін таңғажайып жағдайға тап болдым. Былтырғы тамыздың орта шенінде қалта телефоныма төтенше ақпар түсті. Жерлес інім, академик-геолог Серікбек Жүсіпбекұлы Дәукеев (2009 жылы ол Қанекең туралы ғұмырнама туындымның ерекше көркемделіп шығарылған, «Феномен» атты орысша нұсқасына демеуші болған) өзім сірә да күтпеген оқыс ұсыныс жолдапты: «Медеу аға, Қанекең тақырыбына қайтадан оралып, «Феноменді» ағылшын тіліне жедел аудартыңыз. Ұлт мақтанымыз біртуар Сәтбаевтың білім-танымын, жер сырына қанық геологтық көреген қабілетін әрі қандай ғұлама ғалым екенін ағылшын тілінде оқитын қауым, яки шетелдіктер де білетін болсын. Соған қажет қаржыны мен табайын. Оның сомасы қомақты болса – тіпті саспаңыз, Қаныш Сәтбаевтай ұлы тұлға үшін бар беделімді салып, геологтер қауымын да осы іске қосамын!..» – деген.
Қысқасы, мардамсыған тыныш қалпым, бой күйттеген тірлігім шат-шәлекей бұзылды. Осы туындымның ана тіліміздегі алғашқы нұсқасын жарыққа шығара алмай 14 жыл қиналғаным, ақырында соны орысшаға аудартып, Мәскеуден шығаруда тартқан бейнетім мен зейнетім есіме түсіп, соны енді әлем халқы әуей ағылшын тілінде жариялау қаншалықты қажет... деген ой да еркімді тежеп, тілеуқор інілеріме жә деуге дәтім жетпеді. Оған қоса техникалық, өндірістік және ғылыми терминдері мол туындыны өзге тілге аудару да оңай емес, өйткені өзім ол тілден мақрұм жанмын... Десем де сол қарсаңда «Семей қасіреті» жанкүйер демеушімнің қолдауымен «Citrus Advertising» деген фирмада ағылшын тіліне аударылып жатқан-ды. Сол ұжыммен келісім шартқа отырарда соның алғашқы тарауын екі жерде (Қарағанды мен Астанада) тексерткенмін, ал олар ағылшын тіліне жүйрік, қолдарынан сол тілдегі романдар түспейтін білімпаз жастар еді (біреуі – өзімнің немерем Іңкәр), екеуі де мәтінді орысшасымен салғастыра оқып: «Ата, алаң болмаңыз, аударма өте жақсы. Соны біз әдеби кітаптар сияқты қызыға оқыдық...», деген-ді.
– Сонымен полигон қасіреті туралы кітабыңыздың ағылшын тіліне аудармасын алматылық фирмаға бердіңіз.
– Иә. Сол жұмыс сегіз ай жүріп, тамызда сәтті аяқталып, ағылшын тіліндегі қолжазбаны 2018 жылы Лондонда, әлде Алматыда шығару мәселесі туындап, ақырында сол мәселенің шешімін осы әрекетке ой салып әрі демеуші болған жерлесімнің құзырына бердім. Бұл кітап та 2000 дана, көлемі суреттерімен 478 бет болды, осы айда жарыққа шығады. Әлқисса, содан тамыз айы жылнамадан көшіп, қыркүйек туды. Сол қарсаңда Серікбек Жүсіпбекұлы тағы да байланысқа шығып, банкідегі есепшотымды сұрады. Келесі күні есепшотыма бір миллион теңге түсті. Оны жолдаушы – мен мүлдем танымайтын, естуімше, мұнай мен газ іздеуші ірі маман, «Алтын Прометей» сыйлығының иесі Есқожа Базар Баташұлы.
– Сірә, Қаныш ғұламаның шәкірті әлде сол кісінің ұлтымызға сіңірген ұлан-ғайыр еңбегін қадір тұтатын азамат. Сонымен аударма жасатуға бел байладыңыз?..
– Келіспеске амалым қалмады. «Сәтбаевтың» орыс тіліндегі соңғы мәтінін «Citrus Advertising» баспасына ұсынып, шарт жасасып, аудармашы сұраған қаржының қырық пайызын жолдадым (қалған сомасын жыл аяғына таман Серікбек інім төледі). Аударма мәтіні биылғы қаңтарда қолыма тиді. Ендігі міндет – аударманың сапасын тексерту. Бірер айдан соң бұл жұмыс та сәтімен аяқталды.
Сонымен үш тілдегі «Сәтбаев» мәтіннің оқырманға мәлім атауын сақтап, қазақша нұсқасы «ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫШЫ» (кітаптағы терімі түрлі-түсті суреттерімен 361 бет болды), «Феномен» аталған орысшасы (312 бет.), ал ағылшын тіліндегі аудармасын «ТHE PHENOMENON» (282 бет) дедік. Сонымен 960 бет, алты түсті бояумен көркемделген супер тысқа ие, таралымы 2500 дана болған туынды алтыншы айда жарыққа шықты.
– Жә, сонда кітаптың қыруар шығынын көтеріп, жарық дүниеге келуіне себепкер болған кімдер? Шынтуайтын айтқанда, бұл да қазіргі экономикалық қыспақ жан-жақтан буған уақытта оңай дүние емес...
– Серікбек Жүсіпбекұлы екеуіміз бұл жайында да өзара ақылдасып, әртүрлі жобалар ойластырып, ақырында Қанекеңнің геологиялық қабілет-дарыны мен қайраткерлік қолтаңбасы айқын білініп, экономикасын қауырт көтерген өлкелер басшыларына барып, ұсыныс жасауға тоқтадық. Сол ойымыз ақырында нәтиже берді: Павлодар облысының әкімі Болат Жұмабекұлы Бақауов пен ШҚО-ның әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметов осы мәселемен мен қабылдауына барғанымда бірден келісіп, біз ұсынған игі іске қуаныш білдіріп, «халыққа бұл ерекше керек басылым, өйткені Қанекеңнің өмірі мен еңбегі тәлім-тәрбиелік мақсат үшін әрқашанда асыл үлгі» десіп, өздері басқаратын облыс кітапханалары үшін бір мың данадан кітап аламыз десе, үшінші әкім «ойланайын, біз де қақас қалмаспыз...» деген еді, ақырында мүлдем бас тартты. Тәубе дерлік жайт: мен хат жолдаған, иә телефон шалған бірқатар азамат құптау білдіріп, «Үш тілде бірдей әспеттелген Қанекең туралы кітапты оқуға, кеудемізге басып қызықтауға, бала-шағамызға үлгі етіп төрімізде құрметтеп ұстауға асықпыз!..» деген-ді өзім былтыр ат басын бұрып, қонақ болған Ұлытаудағы Сәтбаев және Жезқазған қалаларының, Қарсақпай мен Жезді кентінің байырғы тұрғындары.
– Бәрекелді, аға! Шынында да ойыңызды шырқау биікке көтеретін игі сөздер...
– Сондықтан да мен «Фолиант» баспасының қожайыны Нұрлан Исабекұлына «Үшінші мың данаға тәуекел ет!..» дедім, ал ол 500 данаға келісті.
– Әрине өсіре түсу керек еді.
– Сен бұл жерде бұрынғы кітапқұмар оқырман қазірде мүлдем азайғанын ескермей айтып отырсың. Осы күнгі жұрт кітап оқымайды, интернетті ашады, қалта телефоны деген шықты. Көбіне күн сайын қаулаған өсек-аяңды оқуды қанағат етеді. Ең шатағы, жастарды білім бұлағына сусындатушы мұғалімдер, университеттер оқытушылары алдындағы шәкірттерінен Әуезовтің, Есенберлиннің қандай шығармасын оқыдың демейді. Нәтижесінде қазіргі қауым кітап оқуға аса құмар емес. Амал қанша, XXI ғасырда біз осындай күпірлікке тап болдық. Мысалы, біздің Семейде небәрі бір ғана, «Атамұра» холдингі ашқан кітап дүкені бар, Өскеменде де сондай жағдаят. Солардың сөрелерінде тізіліп тұрғандар – кілең әдеби кітаптар. Ал соларды алушылар – бірең-саран ғана...
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ерзат ЖАНАТҰЛЫ
Семей