Қазақстан • 17 Шілде, 2018

Табиғатпен үндес туындылар

911 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Адам баласы жер бетіндегі барлық жаратылыспен және ғарыш құбылыстарымен қоса туғандықтан, бүкіл тіршілік атаулыдан бөлек өмір сүре алмайтыны айдан анық. Ендеше табиғаттың төрт мезгіліне тәуелді болып келген ұлттық болмысымыз өміріміздің, өнеріміздің барлық қырынан қылаң беріп тұрады. Әсіресе бұл әңгіме ауылда туып, қариялардың небір қиссаларын естіп, күннің алаулап батқанын, таңның шүкіршілікпен атқанын сезіне алатын талант иесіне етене жақын.

Табиғатпен үндес туындылар

Бұл суретшіні бір ғана сөзбен былай сипаттасақ та болар еді. Бірде кәсіпқой ұлттық сурет өнерінің ірге­тасын қаласқан қылқалам шебер­лерінің бірі Сабыр Мәмбеев көрме аралап жүріп, Әнуарбек Айдосов туындыларының жанына тоқ­тап: «Міне, қазақтың сурет өнері осын­дай болу керек» дей отырып, ұлттық бояулардың шебер үйлесім тап­қанына ризашылығын білдірген. Атақты ағамыз сол кезде суретшінің өзін танымауы да кәдік.

Кескіндеме өнері қызық­тыратын адамдар алдымен суретшінің өзі­мен емес, су­рет­­терімен танысады. Бояу­лар­дың айтпақ болғаны мен астарын оқи-оқи келе, осы бір шы­ғармашылық иесімен өзің­ді ұдайы сырласып келе жатқандай сезінесің. Соның бірі – Қазақстан Суретшілер ода­ғының мүшесі, Орталық Азия және Қазақстан өнер шеберлері байқауының жеңімпазы, Қа­зақстан Рес­публикасының Мә­дениет қай­рат­кері Әнуарбек Ай­досов.

Әнуарбек Нұрмаханұлымен кездеспес бұрын, ілгеріде оның «Сиыр жетектеген әйел» деген жұмы­сын көріп, бүкіл Ор­талық Азия ха­лық­тарына тән тұрмыстың өткен-кет­кенін және келешегін сыйдырып тұрғанына тәнті болғанымыз бар. Шындығында бұл сурет эко­логия тақырыбында болатын.

Оған дейін де, одан кейін де модерн, авангардтық бағытта жұмыс істейтін кескіндемеші талай толымды туындыларды дүниеге әкелді, өз ортасында да әбден мойындалған. Бірақ кө­кірегің таза, ойың ұш­қыр, рухың мықты болмаса керемет дүниелер тумайды деп есеп­тейтін суретшінің басты ба­ғыты – табиғатпен байланыс, қоршаған орта мен ниет та­залығы. 

Алдымен суретшінің 80-ші жыл­дардағы Кеңес өкіметі халқының алапат ядролық қақ­тығыстардың құрбанына айналардай үреймен өмір сүргенін бейнелейтін саяси картинасы көпшіліктің де, суретші ма­ман­дардың да назарын өзіне ай­рықша аударады. Бұл жәй ғана шоқ үстіндегі таба мен оның жанында тұрған жалғыз жұмыртқа болатын. Жұмыртқаны Жер шары деп есептесек, отта тұрған табаның оны әп-сәт­те шыжғыра салатын құдіреті бар. 

Дарынды даралайтын тағы бір сәт, Мәскеуде дәстүрлі түрде өткі­зіліп келген бүкілодақтық көрмеге 1985 жылы Қазақстан атынан алғаш рет барып, бөлекше бояу бедер­лерімен одан кейін жыл сайын қатысу құр­метіне ие болғаны. Бұл да су­ретшілер үшін ілгеріде ілуде бір болатын оқиға. 

Одан кейін де 1988 жы­лы Таш­кентте өткен Орталық Азия және Қа­зақ­стан сурет­ші­­лерінің көр­ме­сінде оның жұ­­мыстары көзге түсіп, ең үздік шығармалар санатын­да бірнеше туындысы Өз­бекс­тан мем­лекеттік Өнер му­зейі қорына қол­ма-қол сатып алынады. Дәл осы жылы Ай­до­совтың айы тағы оңы­нан ту­ып, республикалық «Жі­­­гер» фес­тивалінің лауреаты атан­ды. 

Мәселен, суретшінің Таш­кент­тегі Өнер музейінде «Ты­ныш­тық» деп аталатын картинасы әлі күнге дейін көздің қара­шығындай сақтаулы тұр. Мұнда қара ағаштың қасындағы кәдімгі есек бейнеленген. Ха­лықтық философиямен қа­ру­ланған тамаша талап иесі дәл осы еңбекқор жануардың тұр­патының айналасындағы тіршілік арқылы тамылжыған тыныштықтың толайым үндес­тігін табу арқылы талантын мойындатқалы қашан?!

Петроглифтерді, таңбалар идеясын көп зерттеген кес­кін­демеші жаңашыл бағыт болып есептелінетін инсталляциялық өнер қазақтар үшін таңсық емес, әлмисақтан бар деп біледі. Сон­дықтан қылқалам шеберінің таңбалармен, нышандық символдармен астасқан туындыларын түсіну үшін көрерменнің бір­қатар ілімдерден хабардар бол­ғаны артықтық етпейді. Бұл оның «Әділ­дік», «Философ», «Тоғы­зын­шы сезім» сынды туындыларына қа­тысты.

Қазақтың «Түтінің түзу шық­сын» дейтін жақсы тәмсілін сурет­­шінің «Шәй мезгілі», «Ақ­шам», «Таң­ғы шық» атты жа­ныңа тыныш­тық сыйлайтын туындыларынан табасыз.

Айнаш ЕСАЛИ,
​​​​​​​
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ