Аймақтар • 17 Шілде, 2018

Корейлер салт-дәстүрін көрсетті

1821 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы саябақта жыл сайын «Бір отбасында тұра­мыз» атты жазғы фести­валь өтеді. Биыл достық тойы Астананың 20 жыл­дығына арналды. Мере­кені болгар ашса, эстафетаны «Эльбрус» қа­ра­шай-черкес және қабарда-балқар этно­мәдени бірлестіктері жалғастырды.

Корейлер салт-дәстүрін көрсетті

Келесі кезекте саябақта Ко­рей этно-мәдени бірлестігінің өкілдері қалалықтарды мере­келік бағдарламаларына ша­қырды. Мерекеге өңір­дегі Ус­пен, Павлодар аудан­дарын­дағы бірлестік бөлімшелері, Алма­тыдағы Корейлер орталы­ғынан келген құрметті қонақтар қатысты. 

Бұл күні саябақта корей ән­дері мен билерінің кон­церт­тік бағ­дарламасы көр­се­тіліп, ерекше қолөнер туын­дыларының көрмесі ашыл­ды. Қала тұрғындары мен қо­нақтары корей халқының ұлт­­тық тағамдарынан дәм татты. Бүгінде өңірде 24 этномә­­­дени бір­лестік қызмет жасай­ды. Со­лар­дың қатарында «Қазақстан корейлері ассоциациясы» қоғам­дық бірлестігінің облыстық филиалы да бар. 

Облыстық филиал төраға­сының орынбасары Раиса Афа­насьева-Кимнің айтуынша, біздің өңірде қазір 1000-ға жуық корей өмір сүруде. Бүгінде қауымдастық Қазақстан-Корея білім беру орталығымен тығыз байланыс орнатқан. Орталық бірлестік мүшелеріне корей тілінде кітаптар, оқулықтар жолдайды. Еліміздегі Корея елшілігінің мәдени орталығымен бірлесе қызмет жасап келеді. 

Раиса Кимнің айтуынша, жалпы, қазақтар мен корейлерді жақындастыратын ортақ рухани-мәдени байланыстар да аз емес. Мысалы, қазақтың домбырасы мен жетігеніне ұқсас ұлттық аспаптары корей халқында да бар. Корейлер де баланың тұсауын бір жасқа толғанда кесіп, туыстарды дастарқан басына жинайды екен. Кейбір сөздеріміз де ұқсас. Біздегідей үлкендерге құрмет көрсету тәрбиесі қалыптасқан. 

Ал, бірлестіктің бір ерек­шелігі, оның құрамында корейлермен қатар, қазақ, орыс, грузин сияқты ұлт өкілдері де бар. Оларды корей халқының өткен тарихы, мәдениеті, ән­дері, билері, тағамдары қат­ты қызықтырады екен. Корей халқының Жаңа жыл мерекесі-Сольнальды да бірге тойлай­ды. Мерекені табиғаттың жаңа­руымен, көктемнің келуі­мен байланыстырады. Балалардың ата-аналарын мерекемен құт­тықтау салты «себэ» деп аталады. Үлкендер ұлттық киімдері хан­бокты киіп, оларға «токтам» салтымен бата береді. Концерт жүргізушілері осы және тағы басқа әдет-ғұрыптар жөнінде баян­дап, кейбіреулерін сахнада көрсетті.

– Елімізде тұратын әрбір ұлт өкілдері қазақ халқының салт-дәстүрін білуі тиіс деп есеп­теймін. Бұл – сыйластық бел­гісі. Жергілікті универси­тет студенттері Нар­зангүл Ка­на­пина, Қымбат Мұ­қанова мы­салы, корей ән­дерін орындай­ды. Өзгеге деген құрметтің, өзара ынтымақтың ар­қасында ұлттар арасында достық қарым-қатынас осылай сақталып ке­леді. Астанамыз осы бақытты бір­ліктің символы, – дейді Раиса Афанасьева-Ким. 

Саябаққа жиналған жұрт­шылық Гүлнәр Ауталыпова көр­кемдік жетекшілік ететін «Аньен» ансамблі орындаған корей ұлт­тық билерін қызықтады.

Саябақтағы концерттік бағ­дарламада этномәдени бір­лес­тік құрамындағы «Кым­питсори» вокалдық тобы, «Анён» хорео­графиялық ұжымы, «Би юникс» би ансамбльдері тамаша өнер көрсетті.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР