Аймақтар • 17 Шілде, 2018

Мәжіліс депутаты Орал қаласында өндіріс орындарын аралады

544 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Кеңес Абсатиров Орал қаласындағы бірқатар құрылыс нысанын аралап, кейбір өндіріс орындарының жұмысымен танысты.

Мәжіліс депутаты Орал қаласында өндіріс орындарын аралады

Фото: Айбатыр НҰРАШ

- Осы күндері Мәжіліс депутаттары белгіленген кестеге сай ауыл-аймақты аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып жүр. Біз өткен аптада Жамбыл облысында болсақ, енді міне, батыс өңірге келдік. Басты мақсатымыз – Елбасының бес әлеуметтік бастама тапсырмасының жергілікті жерде орындалуын қадағалау, - дейді депутат сапарының мән-жайын түсіндіріп.

Мәжіліс депутаты Орал қаласында мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі негізінде қолға алынған құрылыс нысанымен танысты. Дәл осы бағдарлама шеңберінде Орал қаласының орталығындағы көне үйлердің орнына көпқабатты жаңа тұрғынүй салу жұмыстары соңғы екі жылдан бері қарқынды жүріп жатыр. Құрманғазы көшесі, 196 мекенжайында орналасқан, 1937 жылы пайдалануға берілген қос қабатты апатты үйдің орнына бүгінде 9 қабатты зәулім үй салынып жатыр. Ескі үйде тұратын 8 отбасы уақытша басқа пәтерге көшірілген. Құрылыс біткен соң олар бұрынғы пәтеріне сай баспананы жаңа үйден тегін алады.

«Қазхол» ЖШС қолға алған құрылыс нысаны биыл күзде пайдалануға берілмек. Орал қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиевтің айтуынша, 64 пәтерлік жаңа тұрғын үйдің қалған бөлігі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына беріледі екен. Үйдің төменгі қабатында сауда нысандарына да орын қарастырылған. Осы ауданнан тағы да 74 пәтерлік тоғыз қабатты үй мен 200 пәтерлік 11 қабатты тұрғын үй салу жоспарда тұр.

- Батыс Қазақстан облысында құрылыс жақсы қарқынмен жүріп жатыр екен. Соңғы жылдары қала өзгеріп, жаңарып келеді. Зәулім үйлер салынып, жолдар жөнделуде. Осының барлығы халық игілігі үшін жасалуда, - дейді Мәжіліс депутаты Кеңес Абсатиров.

Бұдан кейін Мәжіліс депутаты «Жайық ет» ЖШС мен «ПОШ Руно» ЖШС-да болып, кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

- Батыс Қазақстан облысы – ежелден мал шаруашылығы дамыған аймақ қой. Бұл өңірге осындай ірі өңдеуші кәсіпорын керек-ақ еді. Әрине, Оралда бұрын «Землячка» секілді тері өңдеуші кәсіпорындар болды. Бірақ мына «Пош Руно» ЖШС-ның орны бөлек. Мұнда қазіргі ең заманауи жабдықтар орнатылған, мал терісін қабылдап, терең өңдеудің сатылары игеріліп жатыр. Оралға келсем, арнайы көремін деп жоспарлаған кәсіпорынның бірі осы еді, - дейді Кеңес Ғарапұлы 2017 жылы ашылған тері өңдеуші кәсіпорынның табалдырығын аттап тұрып.

Кәсіпорында тері өңдеуші испан жабдықтары орнатылған. Екі гектар жерге орналасқан кәсіпорынның қуаты жылына 182 мың сиыр терісі, 600 мыңнан аса қой-ешкі терісін өңдеуге жетеді. Бұл жерде тері шала өңделіп, жартылай шикізат күйінде негізінен Түркияға жөнелтіліп жатыр екен. Болашақта теріні дайын өнім – текстилді былғары дәрежесіне дейін өңдеу жоспарланған.

Депутатпен кездесуде «Пош Руно» ЖШС Бас директорының міндетін атқарушы Александр Дмитриенко жұмыс барысында кездесетін кейбір түйіткілдерді де айтып өтті.

- Біз жұмысқа кіріскелі ауыл шаруашылығының түрлі саласындағы кемшілік-олқылықтың ізі көрініп жатыр. Солардың бірі – Батыс Қазақстан өңіріндегі ветеринариялық шаралардың жеткіліксіздігі. Мәселен, сиыр терісінде шодыра секілді паразит көп. Бұл терінің сапасын төмендетеді. Ал осы паразиттерге қарсы вакцинация шаралары уақтылы жүргізілсе, қатаң қадағаланса, мұндай кемшілік болмас па еді? – дейді тері өңдеуші кәсіпкер.

Болашақта өңірдегі негізгі тері өңдеуші кәсіпорынға айналып, былғары бұйымдарын, аяқ киімдерін шығаруды жоспарлап отырған «пошрунолықтар» Батыс Қазақстанда мал басының көбейіп, сапасы артуына да осылайша мүдделі болып отыр.

- Парламенттегі «Азат» партиясы – әу бастан кәсіпкерлердің партиясы, еңбек адамының мүддесін қорғаушы қоғамдық ұйым ретінде белгілі. Сондықтан Оралда айтылған ұсыныс-пікірдің барлығын да алдағы қызметімізде ескеретін боламыз. Тағы бір мәселе, қазақстандық шикізат өте арзан бағамен шетелге кетіп жатыр, бұған да заң тұрғысында тосқауыл салуымыз керек. Әрине, Қазақстанда «Бизнестің жол картасы – 2020» т.б. бағдарламалар арқылы кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан көп қолдау жасалып жатыр, бірақ алда тұрған жұмыс та көп. Өңдеуші кәсіпорындардың салық жүктемесін азайту, салық несиесі жүйесін енгізу – мемлекетке де, кәсіпкерлікке де пайдалы болар еді, - деді қоштасарда Мәжіліс депутаты журналистермен кездесуінде.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Орал қаласы