Қазақстан • 17 Шілде, 2018

Алматыда Оңтүстік Кореямен бірлескен амбулаторлық клиника ашылды

320 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда жаңа жоғары технологиялы медицина орталығы ашылды.

Алматыда Оңтүстік Кореямен бірлескен амбулаторлық клиника ашылды

Халықтың өмір сүру ұзақтығының артуына және технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызметтерді тұтыну көлемі артып келе жатыр. Мәселен, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев ел халқына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында бизнесті реттеусіздендіру бойынша жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды. Мақсаты – жеке қызмет көрсету секторларын, оның ішінде медицина  саласында да дамыту.

Өткен жылы Үкімет денсаулық сақтау жүйесін реттеусіздендіру бойынша үлкен жұмыстар атқарды. Бизнес үшін кедергілерді қысқарту нәтижесінде жеке ұсынушылардан медициналық қызметтерді сатып алу үлесі 2017 жылғы 8%-дан 2018 жылы 13 %-ға дейін артқаны белгілі. Өткен жылы денсаулық сақтау саласына салынған инвестициялар көлемі 50% артып, 91,4 млрд. теңгені құрады. Жеке инвестициялар үлесі 2016 жылғы деңгейге шаққанда 90% (23,3 млрд теңгеден 44,2 млрд. теңгеге дейін) артты.

Бүгінде Алматыда оңтүстіккореялық амбулаторлық клиника іске қосылды. Бұл Орталық Азия аумағындағы толығымен шетелдік инвестициялар есебінен іске асырылған алғашқы медициналық мекеме екенін атап өткен маңызды.

Емханада тиімді ота жасау жүйелері мен Кореядан жеткізілген озық диагностикалық технологиялар бейімдендірілген. Сонымен қатар, Сингапур технологиялары да пайдаланылады.

«Тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет. Бұл тәжірибе әлемде бұрыннан бар. Оны батыл әрі белсенді түрде енгізу керек. Онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құру қажет. Халықаралық озық тәжірибе негізінде ауруды ерте диагностикалаудың және қатерлі ісікті емдеудің жоғары тиімділігі қамтамасыз етілуге тиіс», делінген Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында.

Осыған байланысты, обыр скринингін іске асыру үшін Сеул ұлттық университеті жанындағы BIOiNFRA ғылыми биологиялық компаниясы обырды анықтау процесіне толыққанды техникалық қолдауды қамтамасыз ететін болады.

(POCT MDx) One Biomed молекулалық диагностикасына негізделген генетикалық және жұқпалы ауруларға зерттеулер жүргізу үшін сингапурлық компания техникалық серіктес болады. Сонымен қатар, клиника Кореядағы жетекші зертханалардың бірі Seegene Medical Foundation инвестицияларын тартып, Қазақстанда орталықтандырылған зертханалық желіні құру ісімен айналысатын болады.

MPKQAZ Қазақстанда медициналық компаниялар тобын құруға ниетті, онда операциялық менеджментті кореялық медицина мамандары жүргізетін болады. Емхана пациенттерге жүйелі және қолайлы қызмет көрсетуді қамтамасыз етіп қана қоймай, кореялық дәрігерлердің көмегімен жан-жақты жүйелі сапа бақылауы жүргізеді.

MPKQAZ бас директоры профессор Ғалымжан Тоғызбаев клиника Қазақстан мен Кореяның нақты ынтымақтастығының, атап айтқанда, «blood mix» мысалы болып отырғанын айтты. 5 жылдан соң Medical Partners Korea Qazaqstan емханасы Қазақстандағы алғашқы шетелдік медициналық клиника ретінде Корея қор нарығы қатысушыларының қауымдастығына (KOSDAQ) кіруді жоспарлап отыр.

«MPKQAZ Кореяның озық медициналық технологияларын және қызмет көрсету саласындағы бай тәжірибесін қолданумен пациенттерге қызмет көрсету жүйесі мен көпұлттық медициналық операция жүйесін құруға әзір», - деді медициналық директор, кардиолог-дәрігер Хисук Мин.

Айта кетейік, «Medical Partners Korea Qazaqstan» ЖШС (MPK QAZ) қазақстандық инвесторлар Medical Partners Korea (MPK) Кореяның денсаулық сақтау саласындағы халықаралық компаниясымен бірлесіп құрған. Бас кеңсесі  Сингапурде орналасқан.

Емдеу әдістемесі корейлік және сингапурлық технологияларға негізделген. Клиника Алматыдағы бизнес орталықтардың бірінде орналасқан. Қазақстандық пациенттерді ең үздік корейлік мамандар ең заманауи жабдықтарды қолданумен 13 бағыт бойынша қабылдайтын болады. Клиникада сонымен қатар корейлік дәстүрлі медицина мамандары да жұмыс істейді. Мекемеде рентген аппарат, General Electric Co. ультрадыбыстық сканерлері, жоғары білікті ЭКГ аппарат,  ЛОР-комбайн, Аклидес және басқа да жабдықтар жұмыс істейді.