Өнер • 24 Шілде, 2018

Шара биінің жалғасы

106 реткөрсетілді

Ерте заманнан бастау алған халық биi­нiң ұлтымызбен бiрге жасасып келе жат­­қанын тарихшы, этнограф, өнер­танушы ға­лымдардың зерттеп-зерделеген ең­бектерiнен көреміз. Бұл мәселеге көпте­ген орыс, Еуропа сая­хатшылары да аса назар аударған. 

Би өнерінің орын­дау­шылық мектебі қа­лып­тасқан өткен ға­сырда қаншама талантты бишілер сахнадан өз өнерлерін паш ету мүмкіндігіне ие бол­ды. Оған әрине егемендік алған жылдардың да қосқан үлесі мол. Бүгінгі күні әр облыс орталығында бірнеше би ұжымы бар екенін әр деңгейде өтіп жүрген бай­қаулар мен концерттік бағ­дарламалар арқылы білеміз.

ХХ ғасырда сахнаның сәні болған Нұрсұлу Тапа­лова, Гүлжан Талпақова, Мар­хаба Иманқұлова, Ай­гүл Тәти және тағы да басқа бишілер болғанын білеміз, кейінгісі көрерменді бір дүр сілкіндірген Қытай елінен келген Шұғыла биші еді. Одан бері де біраз уақыт өтті. Соңғы уақытта же­ке орын­даушылық мектеп жоғалып бара жатқандай көрі­ніп, би өнерінің аға буын өкілдерін осы жағы кенжелеп қалып бара жатыр-ау деген ой да жиі мазалайтын. Әйткенмен Шара апамыз салып кеткен сара жолдың сорабы үзілмегендей.

Бірінші бағдарламаны ұсынған, тәжірибелі, біраз уа­қыт сахнаның көркі болып жүрген өте талантты қы­зымыз Анель Марабаева-тұғын. Ол өзінің «Ұлы дала әуені мен биі» атты же­­ке концертін «Тұ­ран» фоль­клорлық ан­сам­блінің сүйе­мел­деуімен өткізді. Бұл ансамбль Анель Мара­баеваның билерін ғана сүйемелдеп қоюмен шектелген жоқ. Кон­цертке келген көрермен ансамбльдің орындауында ұлттық музыкамен қатар түркі әуезіне әбден қан­ған­дай.

Анельдің студент кезінің өзінде Абай атындағы Мем­лекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында берген концерті де есімізде. Ал 2013 жылы Қазақ Ұлттық өнер универ­сите­тінің сахнасында берген концертінде өзін нағыз би өнерінің майталманы ретінде көрсете алды. Мұны айтып отырған себебіміз, өмірін өнерге арнаған адам сахнаға осындай жан-жақты дайындықты қажет ететін жеке концерттер беріп тұру арқылы үлкен сыннан өтіп тұрады. Осыны жақсы ұққан Анель бағдарламасына жа­ңадан билер қосып, үлкен дайындықпен келіпті. Бұл бағ­дарлама Маңғыстау өл­кесінде, Ақтау қаласында көрсетілген-ді. Ендігі жерде осы бағдарламаны Астана, Алматы, тағы да басқа қала­ларда көрсетсем деген жос­пары да бар.

Анель Марабаеваның орындауындағы қазақ биле­рімен қатар корей, испан, моңғол халықтарының би­лері оның концерттік бағ­дарламаларында ойып орын алған. Әр ұлттың билерін орындауда сол этносқа ғана тән қимыл мен әбден иі қанған мінсіз қоз­ғалыстар арқылы берілетін керемет би өнерін жанына серік еткен Анель қызы­мыздың өнерін әлі де тамаша­лайтын боламыз деген үміттеміз.

Жалпы, Ақмола қаласы­ның Астана атанып, елор­да­ның бас қаласына айналуы өнер мен мәдениет саласы өкілдерінің алдына да жаңа мақсат-міндеттер қойғаны белгілі. Осындай уақыт талабына сай Астана қаласы мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен құралған «Шалқыма» ансамблі бүгінгі күні кемеліне келген би ұжы­мы. Сонау 2007 жылы төрт қыздан ғана құралған ансам­бльге басшылық жаса­ған жас жігіт Абдрасул Есекеев, бүгінгі күні жігіт ағасы. Ол шығармашылық ұжым құ­­рудың миханатын көре жүріп, өзінің де алғашқы би­лерін қойып, ансамбль ре­пертуарына енгізді. Алғаш А.Есекеевтің қойған «Шат­тық», «Қос алқа» билерімен қа­тар Зауырбек Райбаевтың «Шол­пы» биі биленген болатын.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі әрі балетмейстері А.Есекеев репертуар қалып­тастыру мақсатында тек қана қыздардан құрылған бұл ан­самбльге республикаға бел­гілі балетмейстерлерді ша­қырып билер қойғызып отырды.

Ансамбльдің ресми ашылуында қойған кон­церттік бағдарламаға талдау жасайтын болсақ, Той­­ған Ізім, Лариса Ким, Ай­гүл Кульбекова, Гүл­бану Мырзабаева, Зәуре Әжі­бековалар қойған билері әр қолдан шыққан туындылар болғандықтан өз ерекшеліктерімен ансамбль репертуарын байытумен бірге Саха елінің, ұйғыр, орыс, армян, түрік, испан, корей т.б. әлем халықтарының билерін қоюда да балетмейс­терлер шақырылып отырған.

Міне, осындай ұжымда еңбек етіп нағыз кәсіби тә­жірибеден өткен Көркем Шо­ло­шова атты қызымыз керемет «Қыз қиялы» деген атпен Жаңа жыл қар­са­ңында өзінің жеке кон­цер­тін өткізгені хореография өнерінің биылғы жылғы тағы бір жаңалығы болды.

Көркем Шолошованы қандай биде де образды аша алатын талантты би­ші деуге болады. Оның репер­туа­рындағы ойнақы татар биі немесе қазақтың томпаңдаған қойшы баласы, не болмаса халық әні «Ақбаян» атты әнге қойылған лирикалық би, осының барлығын тілсіз дене қимылымен, жүректі жарып шыққан сезіммен берілді.

Осы орайда, «Шалқыма» ансамблінің көркемдік же­текшісі әрі бас балет­мейс­­тері Абдрасул Есекеев­тің ең­бегін атап кеткен де жөн сияқты. Көп жа­ғ­дайда ұжым­дық өнер оша­ғынан жеке концерт дайын­дау тек же­текшінің қо­л­дауымен жү­ре­тіні белгілі. Ал Абдрасул Нажмадинұлы жастардың шы­ғармашылығының өсуін­де үлкен қолдау көр­сетіп отыр­ған жетекші.

Биылғы жылғы осы екі концерттік бағдарламаға қа­рап, Қазақстанда жеке орын­даушылық мектептің қайта жандана бастағанының куә­сі болып отырмыз. Осы екі бағдарламада да қазақ би­лерімен қатар бас­қа ұлт­тар­дың билерін де на­қышына келтіре орындаған би­шілер­дің өнеріне көрер­мен тәнті болғанына куә болдық.

Би өнерi күллi адамзат баласына ортақ, дүние­ жүзiндегi халықтардың барлығына бiрдей түсiнiктi. Әр халықтың ұлттық ерек­шелiктерiне орай би өне­рiнiң көркемдiк бейнелеу құралдары мен мазмұны  әртүрлi болып келедi. Әр халықтың белгiлi бiр ережелерге бағындырылған әсем де сұлу, нәзiк қимылдарынан келiп би туындайды. Би өне­­рiнен әр халықтың өзi­не тән ұлттық сипатын анық бай­қаймыз. Сол халық­­тың дәстүрiн, әдет-ғұр­пын, салтын, тұрмыс-тір­­­шi­лiгiн айнытпай таныта ала­­тындықтан, оларды бiр-бiрi­нен оңай ажыратуға бо­лады.

Әрине сахнада кейбір кем-кетіктердің болатыны да белгілі. Соның бірі сахнадан жеті атасын санап, руын атап жарнамалау. Ал сахнадан қай рудан шыққанын айтуды хош көрмедік. Өнер адамы – халықтың адамы, өнер – халықтың ғасырлар бойы жоғалтпай бүгінгі ұрпаққа жет­кізген рухани азығы. Оған ешкімнің таласы жоқ. Олай болса осы жағынан өнер адамдары сақ болғаны дұрыс.

Репертуар таңдауда да өте ұқыптылық қажет екенін ескерткіміз келеді. Испан хал­қының отты, жалынды биін билегенде, образды ашу үлкен сезімді бере білуді қажет етеді. Әрине дайындықтың арқасында қандай күрделі қимыл болса да орындап шығуға болады. Дегенмен, бидің бар қасиеті – көңiл күйдi бiлдiретiн қимыл-қоз­ға­лыстарды дұрыс тауып, нақтылы қолдана бiлумен қатар ішкі жан сезімін кө­рерменге жеткізе білу.

Жалпы, би – адамның көңiл күйiне негiзделген, музыкалық ырғаққа бағы­нышты, түрлi қимылдар тiз­бегiмен бейнеленетiн өнер. Адам баласына тән әсемдiк пен әдемiлiк, өмiрге деген көзқарас пен көңiл күй би тілімен көрiнiс табады. Тек сол «ырғақ» адамның жан дүниесiнiң көзге кө­рiн­­бейтiн тербелiстерiн ай­қын бiлдiредi. Ал халық биле­рiнiң тууына әр ха­лық­тың өзiне тән мiнез-құл­қы, тұрмыс-салты, мә­де­ниетi әсер етедi. Міне, би­­ші­лер үшін осыны есте сақ­тау аса ма­ңызды.

Екі жеке орындау­шы қыздың бидi шексiз сүйіп, табиғи таланты мен та­лабы­ның, еңбекқор­лығының арқа­сында үлкен табысқа қол жеткiзгенін сахнадан тамашалап жеке орындаушылық өнердің ертеңіне үміт шоғы қайта тұтанғандай әсерге бөлендік.

Тойған ІЗІМ,

ҚазКСР-нің еңбек сіңірген әртісі, өнертану кандидаты, профессор

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар