Әдебиет • 25 Шілде, 2018

Таразда Әкім Таразимен кездесу өтті

545 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Таразда Әкім Таразимен кездесу өтті

Қазақтың көрнекті жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Әкім Тарази биыл 85 жасқа толады. Қазақ оқырманына өзінің «Үлкен ауыл», «Қыз махаббаты», «Қиянсоқпақ», «Тасжарған» және өзге де шығармаларымен танымал қаламгер туған топырағына келіп, халықпен жүздесті. Әулиеаталықтар жерлес қаламгерді игі ниетпен қарсы алып, лайықты құрмет көрсетті.

Бүгін Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы «Руханият» орталығында облыстық ішкі саяясат басқармасының ұйымдастыруымен жазушы Әкім Таразимен кездесу өтті. Кездесуге Парламент Сенатының депутаты Абдалы Нұралиевпен қатар Әулиеата өңірінде тұратын Несіпбек Дәутайұлы, Қайырбек Асанов, Шырын Мамасерікова және басқа да ақын-жазушылар қатысты. Аталған әдеби шараны облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли жүргізіп отырды.

Еркін форматта өткен кездесу барысында Әкім Тарази өзінің өмір және шығармашылық жолынан әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, қаламгер көпшілікке туған жер туралы толғанысын,  әдебиет туралы ойларын жеткізді. Кеңестік кезеңде Мәжит Бегалиннің режиссерлігімен түсірілген «Тұлпардың ізі» кинофильмінің тағдыры туралы да әңгімеледі. Сондай-ақ, жазушы өз өмірінде ерекше маңызға ие кезеңдерге тоқталып, Ленинград университетінің кітапханасынан қасиетті Құран кітабын сұрағаны үшін қуғынға түскенін де айтты. Сол арқылы кеңестік кезеңнің қиын болғанын, сонда да болашақ ұрпақтың игілігі үшін шығармалар жазғанын әңгімеледі. Алпысыншы жылдары әдебиетке қатар келген Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбеков, Рамазан Тоқтаров сияқты қаламдастары туралы естеліктер айтып, оларды сағынышпен еске алды. Бұл ретте жазушы «Мен достарымды өзім таңдадым» деп ағынан жарылды. «Туған жерге келіп, халықпен жүздесудің өзі мың орденге татиды. Туған топырағым мен үшін әрдайым ыстық әрі қастерлі» деді жазушы өз сөзінде. Әңгіме барысында жазушының жары, белгілі жазушы Роза Мұқанова Әкім Таразидің өмірі мен шығармашылығындағы жұлдызды сәттерге тоқталды.

Әулиеата өңірінде бүгіннен бастап Әкім Таразидің 85 жылдығына арналған шаралар басталып кетті. Қазақ сөз өнерінде айтулы биікке көтерілген қаламгерге деген құрмет ешқашан толастамайды.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы