Қазақстан • 30 Шілде, 2018

Дөнерші - Мұрат Сағындықов

473 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұрат Сағындықов – 25 жаста. Ата-анасымен және екі бауырымен 7 жыл бұрын Өзбекстаннан көшіп келген. Ташкенттегі атақты физика-математика мектебін үздік бітірген талантты түлек тарихи отанында өмір жолын еңбектен бастауды жөн санапты. Әуелі үлкен қаладағы «Бедобай» атты түрік дәмханасына ыдыс-аяқ жуушы болып жұмысқа орналасады. Сөйтіп жүріп түрік асханасының дөнерші кәсібін жеделдетіп меңгеріп алады.

 

Дөнерші - Мұрат Сағындықов

Бүгінде Алматыда бір күнде 200-ге дейін дөнер-кәуап жасайтын мақтаулы маман. Әрине келушілер саны құбылып тұратыны бар.

– Түс мезгілінен түн ауғанша ыстық леп ұрғ­ан электр пештің түбінде тұрып дәм даярлау оңай емес. Бірақ етім үйренді, – дейді кейіп­ке­ріміз күлімсіреп.

Қатырма нанға сиыр еті мен тауық етін, бас­қа да он-сан түрлі дәмдеуіш қосып 3-5 ми­нут­­та дайын болған дөнер-кәуапты тұ­ты­ну­­шы­­ға ұсына қою керек. Еңбекке бала кезден ете­не жақын Мұратқа мұның қиындығы жоқ.

Алаулаған жасқа қатар-құрбылары секілді кешкісін әсем Алматының демалыс орындарын қыдыруға уақыт тапшы. Дәмхананың өзі де қаланың қақ ортасында, кешкісін келушілер көбейіп кетеді. Қолы-қолына жұқпай дөнер-кәуап жасап беруші жігіт әрбір жанның жылы сөзі­н­ен, ілтипатынан қанаттанады.

Аптасына бір-ақ күн демалады. Айлығы орта есеппен 200 мың теңге. Қала маңындағы Үшқоңыр ауылынан қатынайды. Мұраттың шебер­лігіне тәнті болған қаладағы бірқатар дәм­ханалар ұсыныс жасаған. Бас тартты. Жаны­на жақын әрі жаңа кәсіпке демеуші болған «Бедобай» дәмханасын қимады.

 Мұраттың көптен бергі арманы – әлемде орнын тапқан түріктің дөнер-кәуабы стиліндегі қазақ тамағын өмірге әкелу.

«Болашақты жоспарлау өзім үздік оқыған физмат мектебінен және ата-анамның тәрбие­сі­нен қалыптасқан ғой» деген сенімді жастың жігері мен талабына сүйсініп, сәттілік тіледік.

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы