Қазақстан • 07 Тамыз, 2018

Нөлінші сыныптарға қабылдау үшін ешқандай емтихандар болмайды — А. Аймағамбетов

435 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мектеп әкімшілігі ата-аналардан мемлекеттік қызмет көрсету туралы ережеде көрсетілгендерден басқа, қосымша құжаттарды талап етпеуі тиіс. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Нөлінші сыныптарға қабылдау үшін ешқандай емтихандар болмайды — А. Аймағамбетов

«Нөлінші сыныптарға қабылдану үшін ешқандай емтихандар тапсыру қажет емес. Егер бала 5 жасқа толса және оқуға құлшынысы болса, онда білім алу үшін ешқандай де кедергі болмауы керек», — деді А. Аймағамбетов.

Вице-министр нөлінші сыныптарға қабылдау кезінде өзекті болып отырған мәселе — ұсынылатын құжаттар пакеті екенін айтты, мұнда кейде заңсыз түрде ата-аналардың жұмыс орнынан анықтамалар сұрайтын жағдайлар да орын алуда.

«Мектептердің негізсіз түрде жұмыс орнынан сұрататын анықтамалары – заңсыз. Қандай құжаттар қажет екені туралы нақты жазылған стандарт бар, онда жұмыс орнынан талап етілетін анықтама туралы жазылмаған», — деп түсіндірді ҚР БҒМ өкілі.

Сондай-ақ, журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, вице-министр министрлік мектептерге оқушыларды қабылдаудың жаңа типтік ережелері бекітілгенін айтты.

«Бүгінде кейбір мектептерде әлі күнге дейін оқушылар саны шамадан тыс. Қазақстан бойынша 118 мектеп үш ауысымда сабақ береді. Әсіресе, елорда мектептеріне оқушыларды қабылдау мәселесі өзекті болып отыр, мұнда жыл сайын бірінші сынып оқушыларының саны 15 мың балаға ұлғаюда», — деді ол.

Сонымен қатар, А. Аймағамбетов ҰБТ мен кешенді тестілеуді біріктірудің ықтимал келешегі туралы айтып берді.

«2017 жылға дейін ҰБТ екі функцияны атқарды – мектептегі оқуды аяқтайтын қорытынды емтихан және жоғары оқу орындарына түсу емтиханы. Бүгінде ҰБТ екі бөлікке бөлінгеннен кейін, бала аттестат алу үшін мектепте емтихан тапсырады және бұдан бөлек Бірыңғай ұлттық тестілеуден өтеді. КТ да осындай функция атқарады, алайда 2 аптадан кейін өтеді. Егер екі тест те бірдей функцияны атқарса және оларға бір адамдар қатыса алатын болса, алдағы уақытта кешенді тестілеуді өткізудің қажеттігі жоқ деуге болады.

Бұл мемлекет үшін өте үлкен шығын, өйткені біз комиссияны бір рет жіберіп, кейін қайта жіберуіміз керек. Бұл белгілі бір күштерді, аудиторияны және т.б. жұмылдыруды қажет етеді. Жалпы алғанда, ҰБТ-ға қатысты ұсыныстарды қоса алғанда, барлық өзекті мәселелер мұғалімдердің тамыз жиынында талқыланатын болады. Әріптестеріміздің пікірін тыңдаймыз және белгілі бір даулы мәселелер бойынша келісімге келеміз», — деді А. Аймағамбетов.

Еске сала кетейік, бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев педагогтер қауымы мен ата-аналар тарапынан түскен ҰБТ мен КТ процесін жетілдіруге қатысты ұсыныстарды жеткізді. Осылайша, ҰБТ мен КТ-ны біріктіру, ҰБТ өткізу процесінен мектеп мұғалімдерін босату, мектептерде сынама тестілерін өткізбеу, мемлекеттік білім гранттарын оқу тілдеріне бөлмей тағайындау және т.б. мәселелер қаралып жатыр.