Көрмені аралаған ағайынның көңілдері көк жайлауға қонғандай күй кешкені талас тудырмаса керек. Корифейдің өзі көркемдеп өрнектеген түрлі құмыралар, табақшалар, сауыттар, аң-құстар мен мифтік бейнелер, таңғажайып табиғат көріністері еріксіз көз сүйсінтеді.
Көрмеде көрнекі құрал ретінде қабырғаға ілінген Пабло Пикассо өмірбаянынан оқығанымыздай, 1946 жылы Франциядағы Валлорис қаласына барып, сонау Рим заманынан керамика өндірісімен айналысатын «Мадура» шеберханасының жұмысымен танысу барысында тағдырында күрт өзгеріс басталады. Суретшілігі мен мүсіншілігі аздық еткендей, ендігі жерде керамиканың қыр-сырын меңгеруге кіріседі. Сонымен қойшы, шалқыған шабыт ауанымен төрт мыңнан аса декоративті керамикалық пішіндер жасап, аттың басын бір-ақ тартады. Оның барлығына «Пикассо қолынан шыққан» деп арнайы белгі соғылған көрінеді. Олардың біразын көзімен көріп, қолымен ұстаған астаналықтарда да арман жоқ. Қалай болғанда да ұлылықпен ұшырасу жоралғысы емес пе, бұл дегеніңіз.
Көрмедегі құндылықтардың екінші бір бөлігі – Пикассоның иллюстрациялық қолтаңбалары. Оларды Селестина сериясы деп те атайды. Оның себебі мынау. «Селестина» – Сервантестің «Дон Кихоты» жазылғанға дейін Испаниядағы өте кең тараған трагикомедия. Мұндағы басты кейіпкер Селестина атты айлакер әйел қос ғашық Калисто мен Мелибеяны өйтіп-бүйтіп өлтіріп тынады. Фернандо Де Рохастың бұл кітабы кейін француз тіліне аударылғанда, иллюстрациясын Пабло Пикассо жасапты. Содан безендіру бағытындағы суреттері классикаға айналып шыға келген сыңайлы.
Қазақ қауымына дүниежүзілік дүлдүл суреткер Пабло Пикассо туындыларының көрсетілуі – шын мәнінде жағымды жаңалық. Ендеше осынау жақсы дәстүр жалғасын таба бергей.
Айтулы оқиғаға арналған салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл Астананың мерейтойы аясында ұйымдастырылған шоқтығы биік шаралардың бірі екендігін атап өтті. «Пабло Пикассо – тек сурет өнерінің ғана емес, сонымен бірге бүкіл өркениет көшінің, жалпы адамзаттың алға басуына қомақты үлес қосқан адам. Өйткені мынау бозжайнақ дүниенің сұлулығын бар бояуымен қағаз бетіне түсіріп, оған ерекше әр бере білу әркімнің қолынан келе беретін іс емес», деді ол ойын түйіндеп.
Бұл кеште Италияның Қазақстандағы елшісі Паскуале Д’Авино мен еліміздегі Испания елшілігі миссиясы жетекшісінің орынбасары Айки Маулеон Мураматсу мемлекеттер арасындағы меймандостық белгісіндей осынау игі істің ойдағыдай жүзеге асуына тілектестіктерін білдірді. «Әлемге әйгілі Пикассоның жеке көрмесі Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Көркем шығармалар көптің көңілінен шығып, мұражайға келушілерді қуантарына сеніміміз мол», десті олар ортақ пікірлерін жеткізіп. Екі бірдей ел ресми өкілдерінің қоса қабаттаса сөйлеуі тегін емес. Себебі Пабло Пикассо Испанияның тумасы болғанымен, оның осы көрмедегі мұраларын сақтаушылар италиялық коллекционерлер.
Ал венециялық өнертанушы ғалым Джан Камилло Кустоза болса, қазақстандық көрермендер көзайымына айналуы тиіс 32 гравюралық және 66 керамикалық жәдігер ұлы шебердің өмірінің соңғы кездерінде дүниеге келуімен де құнды екендіктеріне екпін түсіре айтты.
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»