Спорт • 22 Тамыз, 2018

Алматыда дәстүрлі «Kazakhstan open» турнирі өтеді

353 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

13-16 қыркүйек аралығында Алматыдағы «Жайлау» клубында гольфтан кәсіпқойлар арасындағы дәстүрлі «Kazakhstan open» турнирінің жалауы желбірейді.

Алматыда дәстүрлі «Kazakhstan open» турнирі өтеді

14 мәрте ұйымдастырылғалы отырған айтулы додада әлемнің бірқатар мемлекетінен 130-дан аса танымал спортшылар келеді деп күтілуде. Олардың арасында «European Challenge Tour» рейтингі бойынша 100 мықтының қатарына кіретін атақты ойыншылар да бар. Сонымен қатар, Қазақстан және басқа да елдердің үздік гольфшылары осы бәсекеде бақ сынайды.

Естеріңізге сала кетейік, 2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Kazakhstan Open» турнирінің тұсауы кесілген болатын. Уақыт озған сайын бұл жарыстың беделі күрт артып, көптеген әлемге әйгілі гольфшылар Алатау баурайына ат басын бұрды. Солардың қатарында Майкл Каймер, Алваро Веласко, Эдуардо Малинари, Томми Флитвуд және тағы басқа жұлдыздардың болғанын жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Бұйыртса, биылғы бәсекенің де деңгейі өте жоғары болмақ.     

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ