Осыдан үш жыл бұрын «ҚазМұнайГаз» АҚ құрамына енген «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ енді өз жеріміздің мұнайын өңдейтін болады. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы мұндай жағымды жаңалықты бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізген «Мұнай-химия зауыты» АҚ бас директорының орынбасары Евгений Двуреков мәлімдеді. Ел Үкіметінің тапсырмасына сәйкес зауыттың өндіріс технологиясын біртіндеп қазақ жерінің мұнайын өңдеу үшін бейімдеуге көше бастағаны да сондықтан.
Павлодар облысында, кенге бай Керекуде де «өз жеріміздің мұнайын қашан өңдеп, пайдаға жаратамыз деген» арман-мақсатқа біртабан жақындап қалғандаймыз. Зауыттың соңғы кездері қазақстандық мұнайды өңдеуді қолға ала бастағаны да белгілі. Бірақ, оның үлесі 30 пайызды ғана құрады. Ал биылғы жыл соңына қарай бұл көрсеткішті 70 пайызға дейін ұлғайтудың бір сыры сырттан тасымалданатын мұнайдың жетіспеушілігінде жатқан сияқты. Ресейліктерден квотамен алынған жылдық шикізат қоры таусылғаны себепті амалсыздық шарасы да болар. Екіншіден, бұл мәжбүрлік отандық мұнайды өңдеуге мүмкіндік те беріп отыр. Бұл күндері зауыт Құмкөл мен Ақтөбеден құбыр арқылы жеткізілген қазақ мұнайын өңдеп көруді сынақ ретінде қолға алды. Бұған дейін «Павлодар зауытында қазақ жерінің мұнайын өңдеу қиын» деген пікір қалыптасты. Кеңестік кезде Павлодар зауыты Батыс Сібірдің мұнайын өңдеуге ғана құрылды. Ал, енді өндірістік-техникалық жағдайлар сәтімен іске асып, желтоқсан айында «Павлодар мұнай-химия» АҚ-та өңделетін мұнайдың 70 пайызы өз жеріміздікі, яғни қазақстандық шикізатты құрайтын болады. Бұл күндері осы мақсатты қолға алған зауыт мамандары зауытта отандық мұнайды өңдеудің технологиялық көрсеткіштерін сынақтан өткізіп алуға дайындық жүргізуде. Сынақ барысында, қазір Құмкөл мен Ақтөбенің мұнайы қосып өңделуде. Әрине, зауыт толықтай өз жерінің мұнайын өңдеуге дайын емес. Өйткені, Кеңес өкіметі кезінен жабдықталған кәсіпорынның дәл қазіргі мұнай өңдеу технологиясы бұған мүмкіндік бермейді. Өз жеріміздің мұнайын өңдеу Сібір мұнайынан қымбат болмайтыны түсінікті де. Бірақ, Құмкөлдің мұнайы +18 градус жылылықта-ақ қата бастайтын көрінеді, ал Ресейдің мұнайы 20 градус суыққа да төтеп береді екен. Зауыт мамандары жеріміздің мұнайының құрамы таза, Батыс Сібір мұнайымен салыстырғанда күкірт 4 есе аз. Бірақ парафин 5 есе көп, сондықтан кейбір техникалық мәселелер болуы мүмкін деп отыр. Сонымен қатар, зауыт тек қана қазақ жерінің мұнайын өңдеуге көшсе, сұранысы жоғары битум мен авиациялық жанар-жағармай өндіру жұмысы тоқтап қалуы мүмкін. Дегенмен де, бұдан ресейлік әріптестер шығын көрмейтін сияқты. Себебі, Батыс Сібір жерінен жылынан 480 миллион тонна мұнай алынатынын есептейтін болсақ, оның 8 миллион тоннасы ғана Павлодар мұнай-химия зауытында өңделеді. Евгений Двурековтің айтуы бойынша, павлодарлық кәсіпорынның технологиясы түгелімен негізінен Ресей мұнайын өңдеуге арналған. Ал енді қазақ жерінің мұнайының құрамында парафин көп. Бұдан битум жасау да қиын. Отандық мұнай бензин бағасына да әсер етпейді. Жоспарға сәйкес, «Еуро-4» стандарты бойынша жұмыс жасауға кәсіпорын 2016 жылы көшеді. Алайда, Ресей, Қазақстан, Беларусь арасындағы келісілген техникалық мөлшерлемелерге сәйкес кәсіпорын «Еуро-3» стандартының өзіне екі жылдан кейін ауыса алады. Осыған байланысты алдағы жылы зауытты модернизациялау бағдарламасының шеңберінде бірқатар маңызды қондырғылар орнату жоспарланып отыр. Евгений Двурековтің айтуынша,. Құмкөл мұнайын төмен температурада тасымалдау қиын. Сол себепті, қазіргі кезде зауытқа Құмкөлдің мұнайы ақтөбелік мұнаймен қосылып жеткізілуде. Зауыттың техникалық жүйелерін жақсартуға 6 млрд. теңге бағытталыпты. Өткен жылы зауытта бензин құрамындағы октанды көтеретін N-метиланилин қоспа құрылғысы іске қосылды. Бензин сапасын жақсарту үшін жылына 9 мың тонна N-метиланилин қоспасы қажет етіледі. Жоғары сапалы отынды пайдалануға көшу ісі төмен октанды бензин өндірісін азайтуда. 2008 жылы АИ-80 маркалы бензин үлесі өндірістің 33 пайызын алса, 2010 жылы 23 пайызға дейін азайған. Биыл көрсеткішті тағы үш пайызға төмендету жоспарлануда. Жалпы, биыл зауытта 4,6 миллион тонна мұнай өңдеу жоспарланған. Фарида БЫҚАЙ. ПАВЛОДАР.Ғұсман Қырғызбаев Олимпиаданың қола жүлдегері атанды
Спорт • Кеше
Париж Олимпиадасы: Эльмир Әлімжанов 1/8 финалға өтті
Спорт • Кеше
Автокөлік жүргізу кезінде өрт шықса, не істеу керек
Төтенше жағдай • Кеше
Астанада 5 баланың анасы биіктен секіріп кеткен
Суицид • Кеше