![Рахат қалашығы: бағзыдан тартқан тамырын](/article_photo/1535086822_article_b.jpeg)
Рахат қала жұрты – Есік қорымынан оңтүстікке қарай 5 шақырым қашықтықта тау бөктерінде, Есік–Талғар жолының бойындағы Рахат ауылына жанаса орналасқан. Қалашық тауды бөктерлей шығыстан батысқа қарай созылып жатыр. Ол жерде мұнаралы қамал қабырғалары, орлар анық көрінеді. Қоныстың орталық бөлігінде тау жағынан 10 метр, солтүстік жағынан жазық даламен шектесетін тұста 50 метр болып келетін трапециялық үлгідегі төбе бар. Орталық бөлікті айнала жасалған орлар маңайында өте ыңғайлы фортификациялық құрылысқа айналған, жасанды баурайлар мен дуалдар орын тепкен. Рахат қалашығы сақ патшаларының қонысы болған және осы жерден «Алтын адамның» сүйегін шығарған деген болжам бар.
2015 жылдың қазан айында Мәдениет және спорт министрлігі «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Шанси облыстық археологиялық мәдениет басқармасы арасында мәдени мұраларды қорғау мақсатында ынтымақтастық туралы алғашқы уағдаластыққа қол жеткізілген еді. Келесі жылдың маусым айында қос тарап келісімшартқа қол қойды. Соның негізінде 2017 жылдың мамыр-шілде айларында «Есік» қорық музейінің қорғау аймағындағы орналасқан атақты Рахат қала жұрты мен қала маңындағы ескерткіштерге алғашқы барлау және қазба жұмыстары жүргізілді. Былтырғы қазба жұмысының (барлау) көлемі 32 шаршы метр болса, биыл 9 шілде-20 тамыз аралығындағы қысқа мерзімде аумағы 200 шаршы метр жерге бірнеше қазба жасалды. Ондағы басты мақсаты – ескерткіштің стратиграфиясын, уақытын, құрылымын және археологиялық кешенін зерттеу.
Археологиялық қазба жұмыстары барысында белгіленген нысандардың мәдени қабатын анықтауға арналған арнайы тескіш құрылғысы, сонымен қатар ArcGIS жүйесінде өңделетін жоғары дәлдіктегі RTK аппараты қолданылып, үш өлшемді сурет түсіру құрылғысы, аэрофото түсірілімі және басқа да заманауи технологияларды пайдалана отырып өте құнды археологиялық материалдарға қол жеткізілді.
Екінші бағыттағы жұмыстарымыз қалашықтың оңтүстігінде орналасқан түркі дәуірінің жерлеу орындарында зерттеу жұмыстары одан әрі жалғасын тапты. Бірінші нысанға шартты түрде қазба 1 (№ TG4) деген белгі қойылды. Орны орталық төбенің оңтүстік жағындағы екінші ордың ортаңғы бөлігінде орналасқан. Қазба нысанының бағыты (азимут 20°), оңтүстіктен солтүстікке қарай (ұзындығы) 10 метр, шығыстан батысқа қарай (ені) 4 метр, тереңдігі 6 метрлік қазба жасалды. Зерттеу жұмыстары барысында 9 мәдени қабат және 80 данадан астам темір, қыш, тас және сүйек бөлшектері табылды. Бұл бөлшектерден ішінде қызыл, қоңыр және құмды қыштар, майда және ірі құм аралас жасалған қыш түрі де кездесті. Екі түрлі қыштың күйдіру температурасы біршама жоғары болды. Табылған артефактілер – темір пышақтар, қыш құмыраларының сынықтары, жүздері бүдірлі құралдар және бүйірі тегіс кесілген тас құралдар. Бұл қазба орны тұрмыстық-шаруашылық шұңқыры болуы әбден мүмкін. Себебі көп мөлшерде табылған артефактілердің бәрі дерлік бүтін күйінде сақталмаған.
Қазба 2 (нысан 2 (№ TG5) қалашықтың оңтүстігінде орналасқан түркі дәуірінің жерлеу орындарында жүргізілді. Бұл жерден 15 адам және 2 жылқының қаңқа сүйегі табылды. Сонымен қатар бірнеше орыннан табылған күл шұңқырларын тазалау жұмыстары аяқталды. Марқұмдардың бәрі ақым қабірлерде жерленген. Қабірлерде жатқан адамдар солтүстік-батыс жаққа қаратылып, шалқасынан екі қолы кеудесіне қойылып жерленген. Ал жылқылар арнайы адам қабірханасының жанында орналастырылған. Жылқылардың басы батысқа бағытталып, төрт аяғы бүгіліп, секіруге ұмтылып тұрған күйде жерленген. Жылқының дене сүйегінің маңында бірнеше ат әбзелдерінің қалдықтары табылды.
Қазба 3 (нысан 3 (№ TG6) қалашыққа кіреберіс қақпаның алдына орналасқан. Қазба көлемі оңтүстіктен солтүстікке қарай (ұзындығы) 8 метр, шығыстан батысқа қарай (ені) 4 метр, тереңдігі 70 сантиметр деңгейінде болды. Қазба жұмыстары кезінде ортаңғы тұста, сонымен қатар оңтүстік-шығыс бұрышқа таман бір-біріне құрылыс жағынан өте ұқсас екі шаруашылық шұңқыры анықталды және шұңқыр ішін қазу барысында көптеген тұрмыстық қалдықтар табылды. Қазбаның тереңдігі 70 сантиметр деңгейге жеткенде тоқтатылды. Себебі сары түсті қолдан құйылған топырақ – мәдени қабат анықталды. Бұл орын ортағасырлық тұрғындардың үй-жайы болуы әбден мүмкін. Әрі қарай қазбаның орта тұсына таман жеткенде су ағызатын ескі арық орны табылды. Осы тұста айта кететін мәселе, қаланың сумен қамтамасыз етілуі де осы таудан келетін ағын сулармен тікелей байланысты болуы ықтимал. Өйткені таудан ағатын судың орындары бүгінге дейін терең ор болып сақталып қалған, әрі су жүретін ірі жылға қаланың оңтүстігінен келіп, шығыс қабырғаны сыртынан бойлай отырып солтүстік тұсына қарай жайыла келіп, көрінбей кетеді. Мұндай жүйе оңтүстік өлкелердегі қалаларда жиі байқалады. Табылған артефактілердің ішінде қыш ыдыстың бүйірлері әлдеқайда көбірек. Ыдыс тұтқаларының пішіні ойық тәрізді тұтқа, жарты құлақты тұтқалар және басқа да сан алуан түрлі және әртүрлі өлшемде болды. Қыш ыдыстарының түбі негізінен дөңес болып келгенмен, ара-тұра түбі тегіс ыдыстар да кездесті. Бұл ыдыстардың жасалу әдісі орашолақтау, жасалу іздері айқын емес, негізінен тым қарапайым жасалған деп айтуға болады.
Жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде ерте темір дәуірінен бастап кейінгі орта ғасырға дейінгі аралықтағы бұйымдар табылды. Барлау жұмыстары мен ескерткіштің құрылымдары – сол жердегі төбелердің адам қолымен жасалғандығы туралы болжамды растады. Қалашықта соңғы өмір сүру кезеңімен байланысты мәдени қабаттар ашылып, жаңа деректер легімен толықтырылды.
Екінші кезеңінің нәтижесін қорытындыласақ, басқа ескерткіштермен салыстырғанда, аумағы мен көлемі аса үлкен болғандықтан Рахат қала жұртының мәртебесі де жоғары болған деп есептейміз. Алайда қазба жұмыстары толық аяқталмағандықтан, нақты тұжырым айтуға әлі де ерте. Болашақта зерттеулерді одан әрі жалғастыра отырып, ерте мәдени қабаттарды анықтау және жаңа мәліметтерді алу үшін қазбаның аумағын ұлғайта түсу қажет. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстар жүргізіледі.
Гүлмира МҰХТАРОВА,
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры