Аймақтар • 02 Қыркүйек, 2018

Ақтауда 100 бала зияткерлік мектепке қабылданды

59 реткөрсетілді

Қыркүйектің 1-і күні Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Білім күніне арналған дәстүрлі салтанатты шарада Маңғыстау облысының 100 баласы зияткерлік мектепке қабылданды. Білім ордасы жаңа оқу жылын 650 оқушымен бастады.

Салтанатты жиын «Өркен» білім грантын жеңіп алып, зияткерлік мектепте білім алу мүмкіндігіне ие болған 7-сынып оқушыларының шеруінен бастау алды. Айта кетейік, өткен оқу жылындағы конкурстық іріктеуге Маңғыстау өлкесінен білім гранты үшін 800-ден аса оқушы қатысқан еді.

2018-2019 оқу жылында мектеп жаңа зияткерлермен қатар жаңа ұстаздармен де толықты. Білім ордасына биыл 30-дан аса тәжірибелі педагогтар келді. Мектеп әкімшілігі ұстаздарға білім ордасының шарфын табыс етті.

-Биылғы оқу жылы зияткерілк мектептер үшін өте ерекше жыл. Себебі биыл «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Біз үшін де бұл мерейтойдың маңызы зор, деді мектеп директоры Ермек Серікұлы Пайзов.

Жиын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ жазғы мезгілге арналған арнайы жобаларға қатысқан оқушылардың жетістігін таныстыру шеруімен жалғасты. Айта кету керек, білім ордасында жаз бойы «Екі апта ауылда», «Ата-ана жұмысындағы 10 күн», «Жазғы мектеп -2018» әлеуметтік жобалары жүзеге асты. Мұнымен қоса, өткен оқу жылында үздік нәтиже көрсеткен зияткерлер Америка Құрама Штаттарының Стэнфорд, Джон Хопкинс және Колумбия Университеттері жанындағы Жазғы мектеп курстарына, Назарбаев Университетіндегі курстарға, Гонконг қаласындағы университтеттерінің курсына қатысып, білімдерін толықтырып, тілдік ортада болып қайтты.

2018-2019 оқу жылының басталуына арналған «Алғашқы қоңырауды» соғу құрметіне «Өркен» гранты бойынша ең жоғары 917 балл жинаған Төребаев Нұрғасыр Базарбайұлы мен 909 бал жинаған Сұлтанғалиева Мира Памирқызы ие болды.

Білім күнінде зияткерлік мектеп оқушылары «Мен Отанымның патриотымын» форумын өткізді. Мұнда білім ордасының оқушылары еліміздегі және шет елдегі жоғарғы оқу орындарындағы жазғы мектептер мен курстары, қатысқан әлеуметтік жобалары жайлы баяндап, сапарларының нәтижесін айтып, басқаларға мотивация сыйлады.

-Мен 7-19 тамыз аралығында АҚШ-тағы Стэнфорд университетінің Stanford Pre-Collegiate International Institutes(SPCII) курсына қатыстым. Бұл менің қазіргі таңда айналысып жүрген ғылыми жобамды, бойымдағы көшбасшылық қабілетті дамытуға арналған өте пайдалы, қызықты курстардың бірі болды, - дейді 12-сынып оқушысы Нұрдаулет Төребай жазғы демалысы жайлы.

Шара мектепке жаңа қабылданған оқушыларға арналған кампус-турмен жалғасты. Содан соң, оларға «7 сыныптарды зияткерлікке қабылдау» шарасы өткізіліп, оқушыларға төсбелгі тағылды. Оларға мектеп миссиясы, ұраны, құндылықтары, академиялық адалдық ережелері түсіндірілді.

Айта кету керек, Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебі үшін биылғы оқу жылы айрықша. Өйткені білім ордасы биылғы оқу жылында екінші түлегін ұшырғалы отыр. Биыл зияткерлік мектепті 57 оқушы аяқтамақ.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар