Қазақстан • 03 Қыркүйек, 2018

Елордадағы мектеп-лицейге барды

429 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы №85 мектеп-лицейге барды, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. 

Елордадағы мектеп-лицейге барды

Мемлекет басшысы Қатар мем­лекетінің даму қорының қолдауымен салынған №85 жаңа мектеп-лицейдің оқу кабинеттерін аралап көріп, оның ма­териалдық-техникалық базасымен та­нысты, сондай-ақ оқушылармен әңгі­мелесті.

Нұрсұлтан Назарбаев журналистер алдында сөйлеген сөзінде еліміздің барша оқушыларын, ұстаздар қауымы мен ата-аналарды Білім күнімен құттықтап, осы салтанатты іс-шараның елордада бой көтерген жаңа оқу ордасының қабырғасында өтуінің символдық мәні бар екенін айтты.

– Бүгінде республика бо­йынша 181 мектеп салынып жатыр. 23 мек­теп­тің құрылысы аяқталып, алғашқы оқу­шы­ларын қабылдады. Қазақстан бойынша 7 мыңнан астам мектеп 3 миллион оқу­шыға есік ашты. Соның 350 мыңы – мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы XXI ғасырдағы жоғары тех­нологиялық әлемде ілім-білім ин­но­вацияның кілті және Қазақстан дамуы­ның басты ресурсы саналатынын айтып, мемлекетіміз білім беру саласына зор мән беріп отырғанына тоқталды.

Мемлекет басшысы функ­цио­нал­дық сауаттылықты дамы­туға бағыт­талған орта білім­­нің жаңартылған маз­мұ­нына көшу қажеттілігін атап өтіп, оқу­шылардың қазіргі жағдайда алған білімдері мен машық­тарын тәжірибеде қолдана алуға тиіс екеніне назар аударды. Бұл педагогтің біліктілігі мен кәсі­билігінің жоғары деңгейде болуын талап етеді.

– Мемлекет педагогтерді даярлау, білім саласындағы еңбекақы жүйесін жетілдіру жөнінде жүйелі жұмыс жүр­гізіп келеді. Осы оқу жылынан бастап аттес­тациядан өткен мұғалім­дердің жала­­қысы жаңа жүйе бойынша 30-50 пайыз­ға артады, – деді Қазақстан Прези­денті.

Нұрсұлтан Назарбаев заманауи технология дәуірі мен Қазақстанның үшінші жаңғы­руының талаптары балаларға сапалы білім беріп, олардың талдау және креативті даму қа­білетін қалыптастыру үшін жаңа міндеттер қоятынын атап өтіп, оқушылардың ақпараттық технология мен шет тілдерін еркін меңгеруі қажет екеніне назар аударды.

* * *

1200 орынға арналған білім меке­месінде 48 кабинет бар. Жаратылыстану-математи­ка ба­ғы­тындағы №85 мектеп-лицейдің оқыту процесі мем­лекеттік білім стандартының талаптарына сай инновациялық технологияларды пайдалану арқылы мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі.