![Аудандарға инвестиция тартпайынша, іс бітпейді](/article_photo/1535942047_article_b.jpeg)
Өкінішке қарай, бүгінде аудан әкімдері арасында инвестиция тарту ісінде салғырттық пен енжарлық көріністері басым. Бұл жауапты іс тек облыс әкімдерінің құзыры мен еншісіндегі іс секілді көрінеді. Шындығында республикамыздың алыс-жақындағы аудандарында инвестиция тарту үшін қолайлы алғышарттар аз емес. Мұндай мүмкіндіктер қойнауы қазба байлықтарға толы Ақтөбе облысы аумағында жеткілікті. Мәселен, шалғайдағы Байғанин ауданында бор мен саздың мол қоры бар. Бұл жөнінде аталған ауданның орталығында өткізілген Ақтөбе облыстық әкімдігінің көшпелі отырысында да айтылды. Ендеше оны тиімді пайдалана отырып, инвестиция тарту көздері мен жолдарын неге іздестірмеске?
Өкінішке қарай қазіргі таңда аудандарда инновацияны дамыту үшін тартылған инвестициялар көлемі төмен күйінде қалып келеді. Өткен жылы бұл бағытта өңірге 57 миллиард теңге инвестиция тартылған болса, оның 72 проценті Ақтөбе қаласының үлесіне тиесілі екен. Ал облыстың Әйтеке би, Қобда және Байғанин аудандарында инновацияны дамытуға мүлде инвестиция тартылмаған. Мұндай жағдайда инновациялық өнімдер шығару жөнінде айтудың ешқандай қисыны болмаса керек. Жалпы, инновациялық өнімдердің 96 проценті Ақтөбе қаласында өндірілгенін ескерсек, аудандардағы бұл істің жай-күйі қандай екендігі айқын көрінеді.
Облысқа тартылған жалпы инвестиция көлемінің 31 процентін шетелдік инвестиция құрайды. Ішкі инвестицияның бір ретін шығаруға болар.
Тұтастай алғанда биыл іске қосылуы көзделген инвестициялық жобалардың жалпы саны – 148, ал одан түсетін инвестициялық қаражаттың көлемі 500 миллиард теңгеден асып түседі. Бұл республика өңірлері арасындағы ең жоғары көрсеткіш болмақ. Бүгінде тиісті жобалардың 80 проценті жүзеге асырылған. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Олжас Смағұловтың мәлімдеуінше, Қобда мен Ырғыз аудандарында бірде-бір жоба жүзеге асырылмаған. Ойыл мен Қарғалы аудандарының да жағдайы мәз емес, алғашқысында бір ғана жоба әупіріммен басталса, екіншісінде екі-ақ жоба пайдалануға берілген. Дегенмен соңғы уақытта өңір басшысының аудан әкімдеріне тиісті инвестиция тартуы үшін тың іс-шаралар кешенін белгілеуі бұл іске жаңа серпін береді деген ойдамыз.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ