Әдебиет • 04 Қыркүйек, 2018

Шымкенттің шілдесі

56 реткөрсетілді

Шілде айының шыжып тұрған кезі. Қаладағы тіршілік қара қазандағы қайнатпа сорпа секілді бүлк-бүлк қайнап жа­тыр. Көз алдыңдағы алтын сағым буға айналып, айналадағы дүние бірде үлкейіп, бірде кішірейіп көрінеді.

Кенет менің көңілімді ал­дан­­дырғысы келгендей қалта телефоным шырылдап қоя берді.

– Қайда жүрсің, ей?! 

Өз арамызда Гүжбан деп атап кеткен жалтыр бас, май желке, жуан қарын досымның таныс даусы дәл құлағымның түбінен гүж ете қалды.

– Базарда-а...

Үнім қарлығып шықты.

– Не-е?!

«Тап мынандай ыстық күні есі  дұрыс адам базарға бара ма екен?» деп таңғалғаны болар.

– Апам ғой, қояр да қоймай... – деп күмілжідім. 

– А-а!..

– «Өрік-мейіз, қант-шай алам да шығамын» деп базарға кіріп кеткеніне екі сағат болды.

– Е-е...

– Күнге күйіп, шыжып отырмын машинада.

– Мейлі, апалардікі дұрыс қой. Түстен кейін тау жаққа барып демалып қайтсақ қайтеді?

– Жай ма?..

– Жетісайдан бір жолдас жігіт келіп еді. «Ойбай, мынау Шымкенттерің күйіп тұр ғой, жүдә!» дейді.

− Ой-хой!.. Жетісайда күн салқын ба екен, немене?!

Телефонның ар жағынан қарқ-қарқ күлкі естілді.

– Соны айттым да, – деді ол содан соң аңқылдап. – О жақ­та күн өртеніп тұрған шығар. Бірақ... мейман жігіт болған соң не дейсің енді. Түстен кейін тау жаққа барып, суға түсіп, салқындап қайтамыз дей салдым. Ал сен қашан босайсың?

– Білмеймін. Апамды үйге апарып салған соң көремін ғой...

– Күтеміз онда.

Телефонды сөндіріп, көзімді жұмдым да, «қара қазандағы қайнатпа сорпаның» ішіне қайта сүңгіп кете бардым. Сәлден соң апамның:

– Әй, мынаны бәгәжнігіңе сала сал, – деген даусы естілді.

Байқап қарасам, біраз қара­жат жасапты.

– Апа-ау, сіз өрік-мейіз, қант-шай ғана алып шығамын деп едіңіз, – деймін таңғалып.

– Е-ей, шырағым-ай, базарға бір кірген соң, анау да керек, мынау да керек, деп ол кісі қолындағы бет орамалымен маңдай терін сүртіп, «үһ» деп жеңіл ғана күрсініп қойды.

Жолда келе жатып ойладым: «Расында, мына дүние де, үлкен кісілер айтқандай, нағыз ханбазар ғой. Оған да бір келген соң, адам баласына бәрі керек... Қой, түстен кейін достармен бірге тау жаққа барып, суға түсіп, салқындап қайтпасам болмас». 

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар