Ел арасында кеңінен тараған «Жарты аман болса, жалпы аман болады» деген тәмсіл әлі де сыры ашылмаған тарихи деректердің бар екендігіне меңзеп тұрса керек-ті. Өз заманында көріпкел әулие, жұлдызшы, емші-тәуіп болғандығына қазіргі қолда бар ғылыми деректер дәлел болса, бірге туған Қожбанбет би мен әйгілі Шоған абыздың жүріп өткен өмір тарихы да Мұсылманбай – Жарты баба өмір кешкен кезеңнің айғағындай.
Бүгінде іргелі елге айналып, қанатын кеңге жайған ұрпақтың ұйымдасуымен Алматы облысы Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жарты бабаға арналған мемориалдық кешеннің ашылу салтанаты өтті. Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахунов қалың көпшілікке жылы лебізін білдіріп, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың осы шараға арналған құттықтау сөзін оқыды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру, ел тарихында өткен азаматтардың есімдерін жаңғырту арқылы ұрпаққа ұлттық тарихымызды таныта алатынымыз кәміл екендігін атап өткен аудан әкімі осы шараға ақжарма тілектерін арқалай келген Сарқан, Көксу, Қаратал, Панфилов, Райымбек, Кеген аудандарының азаматтарына алғысын білдірді.
Құлашын кеңге сермеген мәуелі бәйтерек болып бейнеленген ескерткіштің ашылуында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың құттықтау сөзі оқылды.
Жазушы Нұрлан Оразалин бұл шара Жарты бабаға ғана емес, қазақтың қазақ болып қалуына үлес қосып, Алаштың туын ұстаған мыңдаған бабаларымызға жасалған құрмет, деп атап өтсе, шараны ұйымдастыру комиссиясының төрағасы, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Ызғарбек Бектұрсынов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тағылымы зор, тәрбиелік мәні мол Жарты баба ұрпақтарының ұйытқы болуымен салынған «Жарты баба» мемориалдық кешені мен «Түп-тұқиян тоғайы» саябағы Мәңгілік Ел болу жолындағы ізгі мұраттардың бірі болып қалатындығына тоқталды. Сондай-ақ есімі елімізге танымал публицист-жазушы Тельман Жанұзақов, қаламгер Баққожа Мұқаи сынды Жарты бабадан тарайтын ұрпақтарды мақтанышпен атап өтті. Олардың қатарында сонымен қатар профессор Телғожа Жанұзақ, жазушы-журналист, еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» вице-президент-бас редактор болған Жанболат Аупбаев, жазушы Дәнеш Ахметов, профессор Шерубай Құрманбайұлы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Сұлушаш Нұрмағанбетова, Мұрат Ахманов, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, осы мемориал-ескерткіштің авторы Елдос Елмұратұлы, дәстүрлі әншілер Тілеулес Құрманғалиев пен Ардақ Балажанова, ақын-журналист Нұрлан Қалқа, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Ұлбосын Бөрібайқызы, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Оспанұлы мен жеті жасынан алты Алашқа таңдай қақтырған бала Жамбыл есімдеріне ерекше тоқталып өтті.
Шара барысында Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов, т.б. азаматтар ізгі лебіздерімен бөліссе, ұйымдастырушылар осы игі іске қолдау білдірген азаматтарға ат мінгізіп, шапан жапты. Ал Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, Сұлушаш Нұрмағанбетовамен қатар Жігер Ауыпбаев, т.б. жас өнерпаздар ән салып, дала төсін көңілді әуенге бөледі. Көк майсада қанатын кеңге жайған аң щаңқан киіз үйлер келген қонақтарға есігін айқара ашып, «Жарты баба шежіресі» көпшілікке үлестірілді. Киелі Қарадаланы дүрілдеткен дүбірлі шара қазақтың ат бәйгесіне ұласты.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы