Медицина • 10 Қыркүйек, 2018

Қияда қалықтаған соқыр қыран

336 реткөрсетілді

Жақында жұмыс сапарымен Үржар ауданының Қарақол ауылына жол түскен еді. Кезінде Алашорда үкіметі төрағасының орынбасары, Семейде жарық көрген «Абай» журналының қаржылай демеушісі, «Сарыарқа» газетінің шығарушы редакторы болған, Алашорда үкіметінің атынан Сталинмен Қазақ автономиясы жөнінде келіссөз жүргізген Алаш ардақтысы Халел Ғаббасовтың немере інісі Берікбол Баязитовты іздеп барған едім. Ақсақалдың жасы 80-ге қараса да, қимылы ширақ, жүрісі сергек екен. Бәрінен де мені таңғалдырғаны, қарияның жадысы, ел арасында ауыздан-ауызға тараған ескілікті әңгімелерді ұмытпай есте сақтауы.  

Қазақта небір ат сыншылары болғаны тарихтан белгілі. Ал құс сыншылары жайында естіп пе едіңіз? Естімесеңіз, Берікбол ақсақалдың әңгімесіне құлақ түріңіз. «Қазақтың сын­шыларының өзі ғажап қой. Өз алдына бір бөлек әлем. Атам қазақ аспандағы бүркіттің соқыр екенін білген. Әкем Әбілхасен аңшы, құсбегі, бүркіт, қаршыға, ителгі ұстаған адам. «Бала кезде Ақбұлақ маңында тұрғанда тұрымтай салып едім» деп отыратын. Жалпы, қазақ баланы әуелі тұрымтай салуға, сосын ителгіге, қаршығаға, кейін әбден үйренгенде бүркітке баулиды екен. Бұрын солай болған. Бірді айтып, бірге кетпей, бүркіттің әңгімесіне келейік. Оқиға былай болған екен. Мұны маған әкем айтқан еді. «20 шақты жігіт кешке таяу аңнан қайтып келе жатыр едік. Арамыздағы бір жігіттің «ана аспанда ұшып жүрген бүркіттің сол жақ көзі соқыр» демесі бар ма, көкте қалықтап жүрген бүркітті нұсқап?! Бәріміз өре түрегелдік. «Сен де шатады екенсің. Аспандағы бүркіттің соқыр екенін қайдан білесің?», деді жанымыздағы серіктеріміздің бірі бәрімізден бұрын кекете күліп. «Кел, онда бәс тігейік. Бәсіміз бес бесті болсын. Осыдан бүркіт соқыр боп шықса, сен бес жылқы бересің. Ал болмаса мен саған бес бесті беремін. Бәленбайдың қыстауының бас жағында, сайда Қабдолда терегі деген қу терек бар, мына бүркіттің беталысы сол жақ», дейді өзіне бек сенімді аңшы жігіт миығынан күліп. Расында, бүркіт қу терекке ғана қонақтайды. Жас терекке қонақтамайды. Күздің кезі еді, жердің бетіне жұқа қар түскен уақыт. Содан саят құрып, ерігіп келе жатқан бір топ жігіттер түнделетіп әлгі қыстауды бетке алдық», деп әңгіме тиегін ағытушы еді әкем. Ұзын сөздің қысқасы, аңшы жігіттер қыстауға жеткеннен кейін түн ішінде аяқтарына киіз байпақ киіп, тор салып, әлгі бүркітті қолға түсіреді. Жалпы, бүркіт қатты ұйықтайды. Және көзі түнде жөнді көрмейді. Сондықтан үкі бүркітті түнде алып қояды екен. Ал күндіз болса бүркіт алады. Екеуі де керемет қой. Содан не керек, таң атқанда қараса, айтса айтқандай бүркіттің сол жақ көзі соқыр боп шығады. «Соқыр болса да, бұл – құстың қыраны екен», дейді жігіттерді қыстауға, қу терекке бастап барған аңшы жігіт тамсанып. «Соқырын қайдан білдің, қыранын қайдан аңғардың?»,  дейді қасындағы серіктері. «Қырандығы өте биік ұшты. Зау биікке бүркіттің бүркіті ғана ұша алады. Құлдилағанда сол жақ қанаты қалып қойып еді. Соқырлығын содан білдім»,  дейді аңшы. Көрдіңіз бе? Бұл бүркіт көкте қалықтағанда көзі сау жағының топшысы алға шығып, соқыр жағы кейін қалып қойған ғой. Жерде тұрып, соны қалай аңғарған десеңізші. Көз жанарының өткірлігін айтсаңызшы. Соны ойлаған не деген ми? Аңшы ғой, бәрін біледі. Содан не керек, бәстен жеңілген жігіт бес бестісін беріп құтылыпты. Әкемнің айтуынша, бұл оқиға Дегелең тауы, Ақбұлақ, Қызылту, Таңат елді мекендерінің маңында болған»,  дейді көпті көрген, көкірегі даңғыл Берікбол ақсақал.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы,

Қарақол ауылы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Тойтөбеге  саяхат 

Аймақтар • Бүгін, 09:14

Қарсыласы қарымды

Кәсіпқой бокс • Кеше

Тандыр наннан шеге шықты

Аймақтар • Кеше

«Jastar kerýeni» жолға шығады

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар