Медицина • 10 Қыркүйек, 2018

«Жастарға мейірімді мекен» индексі әзірленуде

450 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Егер қандай да бір нәрсені өзгертемін десеңіз,сіз оны өлшей алуыңыз қажет», дейді HR саласындағы америкалық үздік сарапшы Джек Филипс.

Нарықтық экономика жағ­дайында халықтың тұрмыс-тіршілігін зерделеу мен сараптау үрдісі индекстік әдіс арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда адам өмірінің әр саласын жетілдіру мақсатында халықаралық ұйымдар бағалау индикаторларын қолданып, дүниежүзілік индекстерді ұсынуда. Оның ішіне жас­тардың әл-ауқатын бағалау жөніндегі Жастар дамуының жаһандық индексі кіреді (Global Youth Development Index). Жас ұрпақтың сапалық құрылымы ел дамуының бірден-бір нышаны саналғандықтан жастар әл-ауқаты деңгейін талдау республикалық маңызы бар шара.

Осыған орай жаһандық әдістемелік жүйе негізінде қа­зақстандық жастардың әл-ауқаты деңгейін өлшеу үшін 2016 жылы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының же­текшілігімен «Жастарға мейірімді мекен» индексінің сынамалы жобасы әзірленді. Жобаның басты мақсаты – барлық жастар саясаты институттары қызметінің жүйелілігін қамтамасыз ету, еліміздің қала­лары мен аудандарында мем­лекеттік жастар саясатын (одан әрі – МЖС) іске асыру тиімділігін арттыру. Индекс МЖС-ның негізгі бағыттарын айқындайтын білім беру, денсаулық және саламатты өмір салты, жұмыспен қамту және әлеуметтік мүмкіндіктер, саяси қатысу, азаматтық қатысу, бос уақыт және қауіпсіздік тәрізді жеті саланы қамтиды.

Бұл индекс өңірлік деңгейде есептеледі және өңірде жастарға жасалған жағдайды бағалау қызметін атқарады. Сынамалы жобаның қорытындысы бір­неше нәтижеге қол жет­кізеді. Біріншіден, өңірдегі жастардың жағдайын зерделеу барысында әр өңірдің ағымдағы басымдықтарын көрсетіп, өңіраралық өзара әрекеттесуде қолда бар әлеуетті пайдалануға және қажетті ресурстармен алмасуға септігін тигізеді. Екіншіден, «Жастарға мейірімді мекен» жастар да­му ин­дексі халықаралық өлшем әдіс­темесіне сәйкес бол­ған­дық­тан әлем жастарының әл-ауқаттылығын салыстырмалы талдауға қатысуға мүм­кін­дік береді. Үшіншіден, жо­баның нәтижелік бағасы МЖС-тын жүзеге асырушы құ­зыретті органдардың жастар әл-ауқатын жоғарылату үшін ой­ластырылған әрі негізделген ше­шім қабылдауға үлесін қосады.

Қазіргі таңда өңірлерден жинақталған статистикалық мәліметтер мен әлеуметтік көр­сеткіштер негізінде «Жас­тарға мейірімді мекен» индексінің аналитикалық есебі әзірленуде. Бұл сынамалы жобаның қоры­тындысы Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі XXII кеңесінің отырысында жария­ланбақ.

Жастар ахуалы төңірегіндегі жаңалықтар мен жастар арасында жүргізілген зерттеулер туралы бірыңғай eljastary.kz интернет-порталынан білуге болады.

Фарида МҰСАТАЕВА,

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері

Соңғы жаңалықтар