Білім • 25 Қыркүйек, 2018

Астанада білім сапасын арттыруға арналған Еуразиялық форум өтті

85 реткөрсетілді

Астанада Білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз агенттіктің ұйымдастыруымен тұңғыш рет оқу ісіне арналған халықаралық форум өтті. «Болашаққа бет бұру: жоғары білім беру сапасын қамтамасыз етудегі үрдістер, проблемалар мен болашағы» тақырыбымен екі күнге жалғасқан Еуразиялық форумда әлемдегі білім сапасын аккредиттеу агенттіктерінің озық үлгілері көрсетіліп, шетелдік жоғары оқу орындарының білім беру жүйесі таныстырылды. Сондай-ақ жиынға келген халықаралық және ұлттық сарапшылар еліміздегі ЖОО-ға қатысты негізгі проблемаларды талқылады.

Мемлекет басшысы­ Нұрсұлтан Назарбаев «Төртін­ші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын бі­лім беру ісінде өзіміздің озық­ жүйемізді құруды же­дел­­дету қажет» дей келіп, жоғары оқу орындары оқу бағ­дарламаларын жаңартып, білім мен үздік тәжірибені та­рататын орталықтарға айналуы керектігін айтқан болатын. ТМД елдерінің ішінде тәуелсіз аккредиттеуді тұңғыш рет елімізге енгізген Білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз агенттігі 2008 жылдан бастап Қазақ­станның үздік жоғары оқу орындарының Ұлттық рей­тингін жариялап келеді. Үздік­тер қатарынан көріну үшін жоғары оқу орындарының бі­­лім бағдарламасы әлемдік стан­дартқа сәйкес келуі шарт.­ Бүгінде елімізде жаңа жүйе­ге көшіп, шетелдің білім ошақта­рымен иық тірестіретін ЖОО аз емес. Аталған агенттік 10 жыл­ ішінде 1833 білім беру бағ­­дар­ламасын аккредиттеуден өткізген. Сынақтан сүрінбей өткен бағдарламалардың 1047-сі бакалавриат, 558-і магистратура, 136-сы докторантура, ал 30-ы резидентура бойынша болған.

«Әлемнің озық аккредит­теу агенттіктерінен аккредит­теуден өткен біздің бағдар­ламаларымызды Еуропа дең­гейінде танылды деп айтуға болады. Осындай жағдайда біздің жоғары оқу орындарының жастарға сапалы білім беру жауапкершілігі одан әрі арта түсетіні сөзсіз. Президент Нұрсұлтан Назарбаев әр уақытта біздің түлектеріміз әлемнің кез келген жерінде жұмыс істей алатындай білім алуы керек деген ойларын жоғары оқу орындарының алдына міндет ретінде қойып жүр. Елбасы талаптарына жету үшін бізге осындай озық үлгідегі тәжірибе ерекше қажет. Дуйсбург-Эссен университетінің ішкі сапаны басқару жүйесінің тәжірибесін, Нидерланды және Фландрия аккредиттеу агенттігінің сапаны бағалаудағы методологиясын осы жерде көріп жатырмыз. Екінші жағынан, бұл бағытта оқу орнының ішінде білім сапасын бағалау мен арттыруға көп көңіл бөлетіндігімізді айт­қымыз келеді. Оның ішінде ба­қылау және сабақ берудің сапасын жоғары деңгейге жет­кізу үшін сапа менеджменті жүйесін енгізіп отырмыз», деді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев. 

Қазақстан 2010 жылы Бо­лон үрдісіне тұңғыш рет қол­ қойған болатын. Ұйымдас­ты­рушылардың айтуынша, аккредитация – Болон үрдісінің бір құралы. «Еліміздің Болон үрдісіне қосылуы ЖОО мен студенттерге мол мүмкіндіктер берді. Сондықтан білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз аккредиттеу өте қажетті құрал. Аккредиттеу жұмысына жыл сайын ха­лық­аралық эксперттерді шақы­рып, Еуропадағы дамыған тәжі­рибені Қазақстанның білім кеңіс­тігіне енгізуге тырысып отырмыз. Соның бірі – студентке орталықтандырылған оқыту. Бұл елімізге кеңінен енгізілген жоқ. Кеңес педагогикасында тұлғаға бағытталған оқыту деген ұғым болған, ол әлі де бар. Ал жоғарыдағы жаңа жүйе студентті жай объект емес, белсенді субъект ретінде қарастырады. Яғни студент оқу жоспарын жасауға тікелей ықпал ете алады. Оларға пән мен мұғалімді таңдау еркіндігі де беріледі», деді БСҚА жобалар бойынша жетекшісі, профессор Ғайнелғазы Әділғазинов. 

Форумда Еуропалық жоға­ры білім берудің сапасын қамта­масыздандыру ассоциациясы (ENQA) өкілдері, Еуропа, Ресей, Орталық Азия мен Кавказ және БСҚА – IQAA ұлттық сарапшылары, Білім және ғылым министрлігінің мамандары «ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесі», «университеттерді бас­қару», «студенттерге орта­лық­тандырылған оқытуды ба­ғалау» және «түлектерді жұмыспен қамту», сондай-ақ «университеттер мен инновациялар» сияқты тақырыптарды тереңнен талқылады. Назарбаев Университет толықтай жүзеге асырып келе жатқан «автономды университет» бағдарла­масын таныстырған Аида Са­ғынтаева ұстаздар тек дәріс­ханада сабақ берумен және ғылыми жұмыстармен айналысып қоймай, басқару ісіне белсенді қатысу арқылы оқу орнының дамуына өз үлесін қо­суы керек деген ойын ортаға салды. 

«Білім беріп жатқан да, ғылыми зерттеумен айналысатын да – профессорлар. Бірақ олар­дың үні басшылыққа қалай жетуі керек? Олардың Универ­ситетті басқаруға мүмкіндіктері бар ма? Назарбаев Университет пен Пенсильвания университеті бірігіп, 10 жыл бойы үлкен ғылыми зерттеу өткіздік. Ол – Қазақстанда автономды уни­вер­ситетті басқару. Бұл жүйе бойынша университетте қабылданатын қандайда бір шешім профессорлардың қаты­суымен қабылданады. Басқару, бюджет жоспарлау, сатып алулар және кәсіптік талаптарды бекіту сияқты кез келген мәселе профессорлармен кеңесу арқылы шешіледі. Яғни, басшылық барлық басқаруды профессорлармен ақылдасу арқылы жүргізеді. Өйткені сапалы білім беру үшін не керек екенін тек қана аудиторияда тұрған профессор біледі. Осы арқылы ұстаздардың рөлін басқаша қарастырып, оларды университеттің дамуына үлес қосуға мүмкіндік береміз», деді Назарбаев Университет жоғары білім беру мектебінің деканы А.Сағынтаева. 

Жиында еліміздегі жоғары оқу орындары мен білім бағдар­ламалары жайлы мәлімет «Еуро­паның жоғары оқуды ба­ғалау органының» базасында жарияланатыны да сөз болды. Осы арқылы шетелдік студенттер біздегі білім беру мекемелеріндегі ақпарат, деректермен таныса алады. 

Басқосудың соңғы күнінде 2018 жылы Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының Ұлт­тық рейтингісінің нәтижелері бойынша сертификаттар табыстау салтанатты рәсімі өт­ті.­ Сертификаттар «Үздік көп салалы ЖОО», «Үздік тех­ни­калық ЖОО», «Үздік гума­нитарлық-экономикалық ЖОО», «Үздік медициналық ЖОО», «Үздік өнер ЖОО», «Үз­­дік педагогикалық ЖОО» сияқ­ты бағыттар бойынша беріл­ді. Айта кетейік, Қазақ­станның үздік жоғары оқу орындарының биылғы ұлттық рейтингі осыған дейін газетімізде (№111, 15 мау­сым 2018 жылы) жарияланған болатын. 

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Күн тәртібі белгіленді

Қазақстан • Бүгін, 10:07

Аралар ұясындағы ұйқы – ем

Аймақтар • Бүгін, 09:59

Кезекті финалист анықталды

Аймақтар • Бүгін, 09:58

Сағынышқа толы суреттер

Руханият • Бүгін, 09:52

Кәсіпорындар да шет қалмайды

Аймақтар • Бүгін, 09:41

Ұқсас жаңалықтар