Аударма • 26 Қыркүйек, 2018

Технология һәм туристердің көбею қаупі

88 реткөрсетілді

Әр жаз сайын Еуропадағы ең танымал мекендер селфи таяқшасын ұстаған туристерге толып, олардың саны жергілікті халықтан бірнеше есе асып түседі. 

Суретті түсірген Гленн ХАРВИ

Фархад МАНЖУ, «Нью-Йорк Таймс»
 

Кейінгі кезде Еуропа турис­тер­дің шектен тыс көбеюінен қауіп­тене бастады. Сыншылар Airbnb, Uber секілді интернет желілері арқылы саяхатты жеңілдететін технологияларды кінәлай бастады. 

Жаһандық деңгейдегі әл-ау­қат­тың жақсаруы нәтижесінде ше­телге сапарға шығу қарқындай түскені белгілі. БҰҰ әлемдік туризм ұйымының мәліметтеріне сүйен­сек, халықаралық саяхатшы­лар көлемі 6 процентке артып, сарапшылардың күткен деңгейінен асып түскен. 

Мұндай өсім бастапқыда жақ­сы жаңалық секілді көрінген-тұ­ғын. Бірақ әлемдегі танымал жер­лер­дің мұншалықты адамдар нө­пірін қабылдауда біршама қиын­дық­тарға тап болатыны анық. Ту­ризмді реттеуді қолдаушылар ке­лу­шілердің көптігі тарихи ме­кен­дердің болмысын өзгертіп, са­парды қиындатып жібереді деп есеп­тейді. 

«Туризмнің осындай деңгейге жетуі жергілікті халық үшін қолай­сыздық тудырып, сонымен қатар жиһанкездердің өздеріне де жағымсыз әсерін тигізіп отыр. Өйт­кені жүздеген адамның тиісті орын­дарда кезек күтіп тұруы сол мекеннің шынайы келбетін тама­шалауға мүмкіндік бермейді», дей­ді Responsible Travel туристік ком­паниясының төрағасы Джастин Франкис. 

Кейінгі онжылдықта авиация саласындағы инновация, яғни, тиімді ұшақтар мен құны арзан әуе компанияларының көбеюі би­лет бағасын төмендетті. Үлкен круиздік кемелер жағалаулардағы порт­тарға жиі зәкір тастайтын бол­ды. Бұдан бөлек, интернеттің да­муы арқылы онлайн броньдау, кар­таны смартфон арқылы шолу, көлікті жалға алу, бірлесіп үй жалдау секілді жеңілдіктер көбейе түсті. Ең бастысы, әлеуметтік же­лі­нің де туризмнің қанат жаюына әсері зор. 

«Туристер нөпірі жөнінде айт­қанда Instagram мен Facebook-ке тоқталмау мүмкін емес. Меніңше, жиһангездердің көбеюіне басты себеп солар. 75 жыл бұрын туризм жақсы сезімді бастан өткеру, әлем­мен танысу болатын. Қазір бұл фотолар, әлеуметтік желілерді қол­дану арқылы жеке брендті қалып­тастыру құралына айналды. Сон­дықтан көптеген адам үшін сапар барысында түскен сурет әсер алудан маңызды», дейді Франкис мырза. 

Туристік мекендерді басқару табиғи байлықты пайдалану секіл­ді. Келушілердің лайықты дең­гей­де болуы жергілікті экономикаға тиім­ді, алайда олардың көбеюінің өзін­дік зардаптары болмай қой­майды. 

Еуропалық заңгерлер Airbnb-ді туристердің шектен тыс артуы­на басты себепкерлердің бірі ре­тін­де атап көрсетеді. Мәселен, Амс­тердамда жергілікті билік тұр­ғын­дардың үйлерін жалға беру мер­зімін 60 күннен 30 күнге азай­туға күш салып жатыр. Бұдан бөлек Лондон, Барселона секілді қала­ларда үйді бірлесіп жалға алу мә­селесі ерекше назарға алынып отыр. 

Мұның бәрі Airbnb компа­ния­сының даму қарқынынан бай­қа­лады. Бірнеше жылдың ішінде компания көптеген қалалардағы туризмнен түсетін пайданың бас­ты қозғаушы күшіне айналды. Компания деректеріне сүйенсек, Амстердамдағы 2017 жылы жалға берілген пәтерлердің 12 проценті Airbnb арқылы жүзеге асқан екен. Барселонада бұл көрсеткіш 18 процентке жетті. Жапонияның Киото шаһарында 22 проценттен асып түскен. 

Бірақ Airbnb компаниясы – Uber секілді әлем бойынша көр­се­ті­летін қызметті реттеуге атсалы­сып жүргендердің бірі. Олар өзде­рінің туристердің шектен тыс ар­­туы­на себеп болғанын жоққа шы­ға­рып, аталған түйткілдің шеші­мі табылатынын алға тартады. 

Airbnb өкілдерінің айтуынша, компания кез келген қаланың бүкіл бөлігінде қызмет көрсететіндіктен, туристерді реттеуге ықпал етеді. 

«Біздің қонақтарымыз қалада қонақ үйге келетіндерге қарағанда ұза­ғырақ тұрақтайды және сон­дағы экономикаға көбірек пай­да түсіреді», дейді Airbnb компа­ния­сының қоғаммен байланыс жө­нін­дегі вице-президенті Крис Леан. 

Дегенмен, жоғарыда айтыл­ған түйткілдер ұзаққа созылмай­тыны белгілі. Өйткені мәселеге айнал­ған технологиялар әрдайым өзгеріп отырады. Тағы бір қиын­дық – пәтерін жалға беретіндердің кәсібилігі арта түскен. Нәтижесінде пәтерді жалға беру үшін ғана сатып алатын олар Airbnb секілді сайттарды толтырып, жергілікті ережені жиі бұзады. 

«Ақырында мұндай жағдай мәселені ұлғайта түседі», дей­ді туризмді орнықты дамыту жөнін­дегі мемлекеттік емес ұйым – Sustainable Stewardship орталы­ғының негізін қалаушы Джона­тан Туртелу. Ол 1960 жылы, реак­тивті ұшақтар дәуірі бастал­ғанда халықаралық саяхатқа шыға­тындар саны 25 миллион адамға жеткен. Былтыр бұл көрсеткіш 1,3 миллиард болды. 

Ал туристер көп келетін ең танымал мекендердегі жағдай ше? «Олардың көлемі 1959 жылғы жағдаймен бірдей, болашақта да өзгермейді», дейді Дж.Туртелу. Иә, селфи мен әлеуметтік желі шынайылықты алмастырады. 

© 2018 The New York Times News Service

Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар