Әдебиет • 01 Қазан, 2018

Оралхан Бөкейдің 75 жылдығына орай айтыс өтті

201 реткөрсетілді

Биыл – «Алтайдың жыршысы» атанған қазақтың көрнекті жазушысы, қара сөздің хас шебері Оралхан Бөкейдің дүниеге келгеніне 75 жыл. Төр Алтайда дүниеге келген қаламгердің мерейлі мерейтойы республика көлемінде, өзі туған топырақ – Шығыс Қазақстанда, оның ішінде Катонқарағайда кең көлемде тойланбаса да, Өскеменнің іргесіндегі Глубокое ауданында жоғары деңгейде атап өтілді.

Фото: Мерей ҚАЙНАРОВ

28 қыркүйекте, жазушының дәл туған күнінде аудан орталығы – Глубокое кентінде тұлғаның 75 жылдығына орай таңнан кешке дейін әртүрлі мәдени-танымдық шаралар ұйымдастырылды. Әуелі балалар шығармашылық үйінде Оралхан Бөкейдің «Жылымық» повесінің желісі бойынша театрландырылған көрініс қойылды. Спектакльді әзірлеген Оралхан Бөкей мектебінің өнерлі қыз-жігіттеріне көрермендер алғыстарын жаудырып, ризашылықтарын білдіріп жатты. «Көрініс мұншама әсерлі болар ма еді?! Ғажап. Әсіресе Оралханның рөлін ойнаған өнерлі жігіт қатты тебірентіп, өткен күндерді көз алдыма әкелгендей, Ораш тіріліп келгендей әсер сыйлады», – дейді қаламгердің «ішек-қарны араласқан» ауылдас, сыныптас досы Аманжан Нұқсарин.

Түстен кейін Ақтас жұртшылығы Жанат Расылхан, Қуаныш Еркінұлы, Ардабек Ақбаба, Нұржан Жолбарыс, Манарбек Сатыбалды, Жұлдызай Маратбекқызы сынды өңір айтыскерлерінің өнерін тамашалады. Сенесіздер ме, сенбейсіздер ме, өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған бұл ауданда бұған дейін бірде-бір рет айтыс ұйымдастырылмаған екен. Содан да болар, аудан орталығында, ауылдарда тұратын ат төбеліндей қаракөздеріміз сөз додасын екі сағат бойы тапжылмай тамашалады. «1997 жылы Глубокое ауданында ең алғаш қазақ мектебі ашылғанда Оралхан Бөкейдің есімі берілген еді. Содан бері жазушының туған күні атаусыз қалып көрген жоқ. Оралхан Бөкей – қасиетті Алтайда, әйгілі Шыңғыстай ауылында дүниеге келгенімен, Шығыс Қазақстанның ғана емес, күллі алаш жұртының мақтанышына айналған аңыз адам. Сондықтан қаламгердің 75 жылдық мерейтойына орай тұлғаның есімін ұлықтап, шығармаларын ел жадында жаңғыртуды жөн көрдік», - деді облыстық айтыстың ашылуында сөз алған аудан әкімі Қалихан Байғонысов.

Сонымен, Глубокое ауданында тұңғыш рет өткізілген айтыста Оралхан Бөкейдің туындыларын, ондағы кейіпкерлерді жатқа соғып, одан бөлек ауданның осал тұсы ономастика саласын жырға қосқан зайсандық ақын Ардабек Ақбаба бірінші орынды еншілесе, екінші орынды ақтастықтардың атынан шыққан Қуаныш Еркінұлы, үшінші орынды өскемендік Жұлдызай Маратбекқызы иеленді. Бұл күні мерейтойға алыс-жақыннан келген меймандар - баспагер Қайырды Назырбаев, ақын Әлібек Қаңтарбаев, Бақытжан Райысова, жазушы Тоқтарбек Мағзұмов Оралхан Бөкей жайында естеліктерін айтып, қаламгердің 75 жылдығын атаусыз қалдырмаған ақтастықтарға алғыстарын жеткізді. Сонымен қатар жазушының рухына бағышталып ас беріліп, волейболдан, қол күрестен, тоғызқұмалақтан жарыс өткізілді.

 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Глубокое ауданы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

«Дүние»-бақтың жемісі

Руханият • Кеше

Қаламгер мен Қаһарман

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар