Көрменің кураторы Дэвид Эллиоттың айтуынша, көрме орыс авангардынан басталады, алайда экспозиция сәндік-қолданбалы өнер экспонаты – текеметпен ашылады. «Суретшілердің қазіргі буыны бейнелеу өнеріндегі жоғалып бара жатқан халық дәстүрлерін қайта жандандыруға тырысты», дейді ол.
«Астық және раушан гүлдер» экспозициясының басым бөлігі 1980-1990 жылдары қалыптасып, бүгінгі күндері де дамып келе жатқан өнерді жан-жақты қамтыған. Іс-шараға ұйытқы болушылар бұл бағытта Татьяна Глебова, Вера Ермолаева, Айша Ғалымбаева және Гүлфайруз Ысмайылова сияқты алдыңғы буын суретшілердің үлкен еңбек сіңіргенін айтады.
Экспозициядан орын алған еңбектер қатарында Сәуле Сүлейменованың целлофаннан жасалған туындылары бар. Соның бірі – 1930 жылдары Қазақстандағы ұжымдастыру кезінде ел халқының үштен бірінің өмірін жалмаған нәубетті кезеңді бейнелейтін «Ашаршылық» атты еңбегі.
Көрменің тең жетекшісі Алмагүл Меңлібаева «Тоқамақ» және «Степное барокко» бейне инсталляцияларын ұсынды. Бақыт Бүбіқанованың «Жаңа жыл түні» туындысының өзегі – әйел. Суретші әйелді композицияның ортасына орналастырып, оның қоғамдағы рөлі мен орны туралы сауалды көлденең тартады. Әйелдің жалаңаш денесі – әлеуметтік рөлдерді мәжбүрлеп таңуға қарсылық іспетті.
Сонымен қатар көрмеде Анар Әубәкір, Лидия Блинова, Ғания Шағатаева, Зоя Фалькова, Креол орталығы (Мария Вильковиская, Руфия Жендербекова), Ғайша Маданова, Әйгерім Мәжітқан, Алмагүл Меңлібаева, Гүлнұр Мырзағалықова, Гүлнұр Мұқажанова, Катя Никонорова, Сәуле Сүлейменова, Гүлмарал Тәтібаева, Елена Воробьева, Наталья Дю сынды суретшілердің туындылары қойылған.
«Егемен-ақпарат»