Осыдан бірер жыл бұрын «Алтай – алтын бесік, ата жұрт» деген кітабымның тұсаукесері өтті. Сол тұсаукесер туралы интернетке шыққан ақпаратқа Ресейдің Вологда жағынан бір оқырман «При чем здесь казахстанский писатель? Алтай и Казахстан: какая здесь логика?» деп жазып жіберіпті. Қазақ азаматтарының арасында да білімді, намысшыл жігіттер баршылық қой. Әлгі келіншекке дәлелді түрде бір азамат жауап қайтарған екен. Алтай – төрт мемлекетпен шектесіп жатқан, төртеуіне де тиесілі екенін жазып, картасына дейін салып, жауап қайтарыпты.
Көрдіңіз бе? Алтай десе, өзге жұрт өре түрегеліп, тұтастай өзіне тартқысы келеді. Алтай 4 мемлекетпен – Ресей, Моңғолия, Қытай және Қазақстанмен шектеседі. Бір қызығы – осы Алтайдың төрт жағында да қазақтар тұрады! Иісі Түркінің ата жұрты Алтайды тіпті корейлер, жапондар да ата жұрты санайды. «Алтайдан шыққанбыз» деп азуларын айға білейді. Сондықтан Алтайдай киелі жерге белгі салып қойғанымыз өте дұрыс болды деп есептейміз.
Ежелгі Киев Русінен жер жәннатын іздеп, торғайдай тозып, арып-ашып монахтар келген замандарда Алтайды Көктүріктер мекен еткен. Содан бері алтын Алтай барша түркінің ата жұрты, алтын тамыры, әз бесігі болып келеді.
Зырян ауданы мен қаласын Алтай деп атау – туризмді дамытуға да үлес қосады. Себебі әлгі Алтайға ағылып жататын туристердің барлығы Алтай деген атауға еріксіз елеңдері сөзсіз. Әрі Зырян – өр Алтайдың ең бір құнарлы, қары қалың болса да қысы жайлы, жазы жаймашуақ өңірінің бірі.
1791 жылы Алтай өңірінен Герасим Зырянов деген инженер түрлі металдар шығаратын кен орнын ашқаннан кейін осы атау берілген екен. Жалпы, ХVIII ғасырдың ортасына қарай Алтайдың әр жерінде жер асты пайдалы қазбалары көптеп табылып, тау-кен кәсіпорындары өмірге келе бастады. Соған байланысты Шығыс Қазақстанға қоныс аударушылар саны да жылдан жылға арта түсті. Ол замандарда Ресейге қарасты өңірлерден табылған қымбат бағалы мыс кеніштері патшаның отбасы мен мемлекет монополиясында болатын. Осы ретпен Алтайдағы кен орындары да түгелімен Елизавета Петровнаға сыйға тартылады. Сөйткен Зырянның қазіргі қалпы да бәлендей емес екенін осыдан-ақ аңғаруға болар.
Тіпті бүгінгі күні ғаламтордағы Википедияда да, Зырян халқы негізінен орыс тілінде сөйлейді деп жазылыпты. Ал 2010 жылғы дерек бойынша, Зырян қаласының 78,18 пайызы орыс ұлтынан деп көрсетілген екен. Сондықтан Зырянның Алтай аталуы баршамыз үшін зор қуаныш болып отыр.
Жалпы, Шығыс Қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері де мұрты сынбай тұрған атаулар жиі кездеседі. Мысалы, Глубокое мекенін қазақтар ежелден Ақтасты деп атайтын, әлі күнге арасында аталып жатады. Міне, осылардың барлығын біртіндеп қазақшалап алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Әлібек АСҚАРОВ,
жазушы