Аймақтар • 02 Қазан, 2018

«Үздік аула сыпырушыға» құрмет көрсетілді

949 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алты жылдан бері Алматыда «Үздік аула тазалаушы» байқауы жалғасып келеді. Мегаполис қаланың тазалығын насихаттауда бұл жарыстың әлеуметтік мәні айтарлықтай. Біріншіден, аталған жоба Алматының көптеген аудандарын айнадай тазартып отырған адамдардың еңбегін насихаттаса, екінші жағынан жеңімпаздарға қаржылық игілік әкеледі.

«Үздік аула сыпырушыға» құрмет көрсетілді

Байқау үздіктері тұратын аулалар әрине, қашан да таза. Аула қоршаулары әдемі боялған, жол жиектері сырланған, жасыл желектері мен гүлдері күтіп-бапталынған. 

Дәстүрге айналған байқауды «Алма­тыдай таза» қоғамдық қоры «Эфес Ка­зақстан» компаниясының қаржылық демеушілігімен жүргізіп отыр. 

Сонымен биылғы аула тазалау­шы­лардың еңбегін құрметтеп, өз ісіне жауап­кершілігі жоғары жандарды қоше­мет­теуге арналған шарада «Эфес Казақ­стан» АҚ ЖК корпоративтік қарым-қа­ты­настар департаментінің директоры Шың­ғыс Қаскеев бірінші кезекте диплом мен  қаржылай сыйлықты Тохтихан Розаковаға ұсынды. Өйткені осынау нәп-нәзік әйел өзінің қажырлы еңбегімен 

ауласы ең таза екендігін ұдайы дәлелдеумен келеді. 

– Менің жұмысымның өз жауап­кер­шілігі бар. Адамдардың жай мән бермей­тіндігі болмаса, аула тазалаушы да – жақсы кәсіп. Айнадай тазартып шық­қаннан кейін айналаңа қарап, қуанасың. Кейде өтіп бара жатқан адамдар тоқтап, алғысын жаудырып жатады. Жұмысым өзіме ұнайды, – дейді Т.Розакова.

Ал екінші орынды Андрей Говоров алды. Бала күнінде мүгедектікке шалынғандығына қарамастан, ол өзіне берілген аумақты айнадай, тап-тұйнақтай етіп ұстап отырған жан. Үшінші орын мен ақшалай сыйлық Шәрипа Ушурова, Амангелді Әбимов пен Галина Лазареваға бұйырды. 

– Әлеуметтік мәні үлкен бастаманың қала тазалығы үшін ғана емес, тұр­ғын­дардың санасына да әсері айтарлықтай. Ең басты мақсатымыз – қаламызды таза­лыққа бөлеп отырған жандарға салтанатты түрде құрмет көрсету. Жеңімпаздар бел­гілі мөлшерде ақшалай сыйлыққа ғана ие болып қоймайды. Олардың әрқай­сы­сына бірнеше жалақы көлемінде тағы да қосымша қаржылық көмек көрсету салтымыз. Осы арқылы біздер құрметімізді тағы да үстемелеп отырамыз, – дейді Шыңғыс Қаскеев. 

Қысқасы, «Үздік аула тазалау­шы 2018» байқауына биыл 200-ге тарта аула та­залаушы қатысқан. Үш кезеңнен тұра­тын байқауда 70 мыңдай тұрғын дауыс берген. Үшінші кезеңде тазалықшылары ең көп дауыс жинаған 30 ауланы ұйым­дас­тырушылар сырттай тексеріп кетеді. 

Сол сияқты «Ауданның үздік аула тазалаушылары» да анықталып, сый-құрметке бөленді.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ