Аймақтар • 04 Қазан, 2018

Түркістанда жаңа туристік бағдарлар жасалады

560 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде Түркістан облысында туризм кластерін дамытуға мүмкіндік мол. Бұл орайда соңғы жылдары көптеген шаруалар атқарылуда. Соның бірі ретінде Арыс­танбаб және Отырартөбенің айналасын абаттандыру жұмыстары қолға алынғанын айтар едік.

Түркістанда жаңа туристік бағдарлар жасалады

Арыстанбаб пен Отырартөбені жалғап тұрған 17 гектар жерде этноорталық, жоғары дәрежелі қонақүй, гүлзар сынды нысандар салынбақ. Құрылысқа бюджет қаржысымен қатар жеке инвесторлар да тартылмақ. Нысандар пайдалануға беріл­генде туристердің Отырар тарихымен толық танысуына мүмкіндіктер молаяды.

Сөзімізді киелі Арыстанбаб пен Оты­рар­төбеден бастауымыздың өзіндік себебі де бар. Өткен апта соңында «Ұлы Дала Eліне саяхат» жобасының «Жаңа Жібек жолы» бағдары бойынша қатысушылары Түркістан облысындағы тарихи орынға келіп жетті. Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамеди­ұлы Отырар ауданына арнайы ат басын бұрып, тарихи орындардың бүгіні мен ертеңі жөнінде мағлұмат алды. Елба­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақаласы ая­сын­да салынғалы жатқан «Отырар қала­жұртының сапар-орталығына» «аманат хат» капсуласын салу рәсіміне қатыс­ты. Министрдің мәлімдеуінше, сапар орта­лығын салудағы мақсат – еліміздің мәдени мұрасын шетелдерге насихаттаумен қатар тарихи мәдени нысандарды қорғау және оларды сақтап қалу. Бұл жолғы шара Ұлы Жібек жолы бойында жатқан тарихи өлкені шетелдіктерге танытудың бастамасы. Сондай-ақ министр Отырартөбедегі қазба жұмыстарымен танысып, қайта жаңғырған Отырар мемлекеттік архео­ло­гия­лық қорық-музейін аралады. Жер­гілікті және «Ұлы Дала Еліне саяхат» экс­пе­дициясының журналистеріне арнап сұхбат берді. 

Отырар бұған дейін Алматы және Жамбыл облыстарындағы көрік­ті жә­не тарихи орындарды аралап өт­кен «Ұлы Дала Еліне саяхат» экспедициясы қатысушыларының соңғы нүк­тесі. Экспедиция елордамыз – Ас­тана қаласының 20 жылдығы шеңберін­де өткізілгенін айта кетейік. Ұйымдасты­рушысы – «Kazakh Tourism» ұлт­тық компаниясы. «Жаңа Жібек жо­лы» экспедициясының бағдарын «QazaqGeography» республикалық қоғам­дық бірлестігі іске асырған. Экспедиция қаты­сушыларының құрамында тәжірибелі сая­хатшылар, туроператорлардың өкіл­дері, шетелдік және қазақстандық тревел-­блогерлер, сонымен қатар «National Geographic Россия» командасының өкілдері бар. Қатысушыларды экспеди­ция­ның аяқталуымен құттықтаған министр өңірлерде ішкі туризмді дамыту жұ­мысын жалғастыру қажеттігін атап өтті. Экспедиция жұмысын өскелең ұрпаққа көрсету, шетелдік туристерге таныстыру да маңызды. Айта кетелік, «Жаңа Жібек жолы» экспедициясы бағ­дарының қорытынды нүктесі, яғни көне Отырар қаласының орны ашық аспан астындағы археологиялық ескерт­кіш ретінде ЮНЕСКО қорғауына алынған. Қала қирандылары арасынан көне сарай, мешіттер мен үйлерді көруге болады, олар қаланың ауқымы мен маңыздылығын көрсетеді. Отырарға таяу әзіз Арыстан-баб сопының мазары орналасқан. Бұл жерге күн сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелдерден зияратшылар мен жай туристер көптеп келеді. 1982 жылдан бастап мазар мемлекеттің қорғауына алынған. 

Экспедиция қатысушыларының Түр­­кіс­тан облысымен танысуы Орталық Азия­дағы ең ертедегі қорықтардың бірі Ақсу-Жабағылыдан басталыпты. Қорықтың жалпы ауданы 12 гектарды құрайды. Адамдардың ең көп баратын жерлерінің бірі – Ақсу шатқалының тереңдігі 1800 метр. Батыс Тянь-Шаньның шығыс бөлігінде орналасқан Сайрам-Өгем мем­лекеттік табиғи паркінде бағдар қаты­сушылары 2350 метр биіктіктегі Сайрамсу көліне тоқтапты. Сондай-ақ олар Ұлы Жібек жолындағы тағы бір әйгілі қала – Сауранның орнын көрген. Экс­педиция қатысушыларының айтуынша, 6 бағдардың қорытындылары бойынша фотобейне банкі, жолкөрсеткіш және жаңа туристік бағдарлар жасалмақ.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы