Футбол • 04 Қазан, 2018

«Астана» «Реннді» «ренжіте» ала ма?

100 реткөрсетілді

Бүгін УЕФА Еуропа лигасының топтық кезеңдегі екінші тур ойындары ойналады. Кәрі құрлықтың 24 стадионында өтетін кездесулердің арасында «Астана Арена» да бар. Бұл турда елорданың «Астана» командасы өз алаңында Францияның азулы «Ренн» клубын қабылдайды.

Араға жыл салып Қазақстанға Еуропа лигасының күзгі маусымы қайта оралды. «Астана» командасы былтырғы маусымдағы жетістігін қайталау үшін биыл тағы Еуропа лигасында доп теппек. Бұл туралы команда президенті өзінің сұхбатында айтты. «Топтық кезеңдегі қарсыластарымыздың қарымына қарамастан, біз команда алдына Еуропа лигасының 1/16 кезеңіне шығуды міндеттеп қойдық. Міндет – күрделі, дегенмен оның күрмеуін шешу үшін бар күшімізді саламыз», дейді Хамитжанов. 

Қазан айының алғашқы бейсен­бі­сіндегі Францияның «Ренн» коман­дасына қарсы өтетін матч Еуропа лигасы­ның осы маусымдағы (2018-2019) «Ас­тананың» өз алаңындағы алғашқы кездесуі болмақ. Алғашқы турда «Астана» сырт алаңда Украинаның атақты «Динамо Киев» командасымен тең ойнап, маңызды бір ұпаймен елге оралған болатын.

«Ренн» бірінші турда Чехияның «Яблонец» клубын 2:1 есебімен ұтты. Жеңіс голын 91-минутта пенальтиден Хатем Бен Арфа соқты. Кезінде бұл футболшыдан үлкен үміт күтілді. Команда сапындағы ең атақты футболшы да осы 31 жастағы Бен Арфа. 

«Ренн» командасы Франция чемпио­натында жарытып доп тебе алмай жүр. Сабри Лямуши бапкерлігіндегі клуб қазіргі таңда Франция чемпионатындағы 8-турдан кейін 8 ұпаймен 20 команданың ішінде 16-орында келеді. Екі ойында жеңіске жетіп, екі ойында тең ойнаған. Ал төрт кездесуде жеңіліске ұшыраған. 8 матчта қарсыластар қақпасына 10 гол соғып, өз қақпаларына 13 гол өткізіп алған. Бұл «Ренн» командасының қазіргі жағдайы. 

«Ренн» – франциялық клубтар арасында трансфер сомасы бойынша ең қымбат алты команданың ішіне енеді. Команда құрамындағы футбол­шылардың жалпы бағасы – 124,55 миллион еуро. Франциядағы ең қым­бат команда ПСЖ екені белгілі (820,50 млн еуро). «Ренн» клубының ең қым­бат ойын­шысы 20 жастағы сенегал­дық шабуылшы Исмаила Сарр. Оның транс­ферлік құны 14 миллион еуроға бағаланған.

Ал «Астана» қазақстандық командалар арасындағы ең қымбат клуб. Футболшылардың жалпы бағасы – 24,2 миллион еуро. Елорда командасындағы ең қымбат ойыншы жуырда ғана команда құрамына қосылған бразилиялық Педро Энрике. Ол 3 миллион еуроға бағаланған.

«Астана» клубы Еурокубок ойындары аясында тұңғыш рет Франция командасымен кездескелі отыр. Францияның «Ренн» командасы да өз тарихында бірінші рет қазақстандық командамен жасыл алаңда жолы түйіседі. Екі команда арасындағы кездесу бүгін сағат 20:50-де басталады. Ойынды QAZSPORT телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ертегілік ес әлемінің өкілі

Руханият • Бүгін, 09:37

Қаламгер мен Қаһарман

Руханият • Бүгін, 09:31

Акварель әлемі

Руханият • Кеше

«Хат қоржын» (21.05.2019)

Қазақстан • Кеше

Ұқсас жаңалықтар